• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2016

Кемшіліктерді жоюға жол ашты

414 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» сая­си мақаласы мемлекетімізді саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ны­ғайтып, мемлекеттік қызметті кәсіби тұрғыда жетілдіре түсетін құжат болды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің басталып, оны лайықты жүзеге асыру үшін 60-қа тарта жаңа заңдардың қабылдануы біздің бүгінгі қоғамымызды және сот жүйесін дамытып, елімізді алдыңғы қатардағы 30 елдің арасынан өз орнын табуға жетелей түседі. Елбасы Бес институттық реформаның бірі – құқық тәртібі және заңдылық мәселесі екендігін айтып, осы сот саласын жаңғыртуды айрықша атап өтті. Алдымен, сапалы судьялар корпусын жасақтау мәселесі қойылды. Судьялыққа кандидаттарды іріктеу мен судьяларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары нағыз өз ісінің кәсіби шеберлерін дайындап, қалыптастырып шығаратыны белгілі. Осы орайда, халқымыздың билер соты ұғымы еске түседі. Билер сот төрелігін шынайы, әрі турашылдықпен жүзеге асырып, әділ билігімен танылып, сот қызметін атқарған мемлекеттік қызметші. Сот ісін жүргізгенде өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтап, істің күрделілігі мен екі жақ тараптардың ықылас-мүдделеріне басты назар аударған. Сонымен бірге, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялылықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырып, яғни медиацияны қолданып, әділ ісімен абыройы артып, халық сеніміне ие бола түскен. Ал бүгінгі тәуелсіз елдің сот жүйесін заманауи талаптармен, қағидалармен қаруланып кәсіби жетіле түскен әрі Ұлы Дала еліндегі байырғы билер тәлімін сіңірген сала деп қарай аламыз. Мемлекет басшысының сындарлы саясатымен жыл өткен сайын саланың қауқары, қабілеті, қызмет етудегі сапалылығы мен кәсіптік тұрғыдан жетілуі біраз жетістіктерге жетті. Елбасы Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолында сот саласын реформалау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыруға сеп болатындығын ұқтырды. Судьяларды іріктеу мен тағайындаудың қоғам үшін ашық болуы, сот төрелігінің бес сатыдан үш буынды жүйеге өтуі – сот саласындағы біраз кемшіліктерді жоюға жол ашады. Сондай-ақ, сот залдарының аудио және бейнежазудың аппаратураларымен жабдықталуы да сот ісіндегі ашықтық пен заңдылық тәртіптің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді. Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі, мамандандырылған алқа жұмысының қарқын алуы және зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуі сот саласына айтарлықтай өзгерістер әкеле түспек. Ерсін ҚАЗИЕВ, Маңғыстау облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы. Маңғыстау облысы.