Нұрмахан Оразбектің дүниеден озғанына да қырық күн болып қалыпты. Шығармашылық шабыты шарықтап тұрған шағында азаматтың пәни дүниемен қоштасып кете барғанына алғашында біраз жұрт абдырап қалса да, уақыт мойындатады екен. Бір қауым адам атқаратын шаруаны жалғыз жайғап жүрді де, енді ие болындар деп кете барды.
Өмірінің соңында ол «Қазақстан» баспа үйін» басқарды. Басқарғанда, бір кезде еліміздегі үлкен баспаның бірі болған мекеменің ісін жалғастыруды өзіне парыз санап, оның басшысы ғана емес-ау, қосшысы да болып, ұйымдастырушылық, күнделікті шығармашылық, шаруашылық жұмыстарын да қатар атқарып, қарбаласып жүретін. Бар ауыртпалығын бірге атқарған асыл жары Әдия: «Ағатай-ау, зорықпасайшы» деп шырылдағанда, Нұрекең: «Зорықпағанда, мұны бізге біреу істеп бере ме» дегенін де естігенбіз. Өткен соң өкінетініміз бар, қалай да біраз шаруаны уақытында тындырамын деп қайсар азамат артықтау да жүк арқалады-ау деген ой да қажайды.
Белгілі қазақ қаламгері, оның ішінде қазақ баспасөзіне айрықша еңбек сіңірген қайраткер Нұрмахан Оразбектің аты жұртқа айтарлықтай таныс. Ол алдымен жұртқа қарымды қаламгер ретінде танылса, одан кейін біраз баспасөз, баспа орындарын басқарды. Мекемелерге, шығармашылық ұйымдарға кім басшы болмай жатыр, көпшілігі кейін ұмытылады. Ал Нұрмахан қаламгер ең алдымен жүрген жерінде қайраткер ретінде із қалдырып жүретін азамат болды. Сол іздер сайрап жатыр, оның аты аталғанда еске түседі.
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын, 1991 жылдың 1 қаңтарында Нұрмахан Оразбек редакторы болған «Орталық Қазақстан» газетінде Компартияның «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұраны қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелімен алмастырылды. Сол заманда бұл ұран биліктің ұраны еді, оны өзгертуге болмайтын. Бүкіл елдегі, бүкіл одақтағы барлық газеттер, аудандық, облыстық, республикалық, одақтық газеттер сол ұранмен шығатын. Тіпті, партия органдарының іс қағаздарының басында осы ұран тұратын. Нұрмахан Оразбек соны өзгертіп отыр. Бірінші рет. Бұл үшін жүрек керек. Оған басқалар бармайды, оның салдарынан қорқады. Өзінің «Өткенге өкпе жүрмейді» кітабында Нұрекең былай деп жазады: «...Қаңтардың үшінде обкомның идеология жөніндегі хатшысы телефон соқты. «Бұл қалай?» деді төтесінен. «М.-жан, – дедім. – Коммуниссің ғой?..». «Енді сонда істеп жүрміз ғой...» – деді. «Ендеше, коммунист диалектик болу керек деген қағиданы білетін шығарсың?». «Білеміз ғой...».
Осылай әңгіме бастаған Нұрекең өзінің бастығына біраз лекция оқып, өз шешімін дәлелдейді. Ол заманда бастығына ақыл айту, ең бастысы, компартияға, оның ұстанымына қарсы шығуға болмайтын. Нұрмахан соған барған адам. Бұл өзіне соққы болып тиетінін де, жұмыстан қуылуы мүмкін екенін де білді. Біле тұрып барған. Өз әрекетінің дұрыстығын қасқайып тұрып дәлелдеді. Соған орай, компартия шенеуніктерінің де оны жазалауға дәттері шыдамады. Нұрекеңнің соңына дейін күресетінін біліп, бұл күресте өздерінің абырой таппайтындарын аңғарды.
Нұрекең туралы әңгіме айтқанда, оның тағы бір ерлігін аттап өте алмайсың. Бұл да осыдан ширек ғасыр бұрын, сол жылдың жазында болған еді. Сонда сол «Орталық Қазақстан» газетінде «Иә, бұл төңкеріс!» деген бас мақала жарияланды. Бұл сонда ГКЧП дейтінге байланысты елдің бір топ басшыларының елдегі жаңа өзгеріске қарсы әрекетін айыптаған мақала еді. Оны төңкеріс деп сипаттаған мақалада былай деп жазылған: «... Иә, бұл төңкеріс. Және ол, ең алдымен, «Егемен мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған... Шарт егемен республикаларға көп дербестік береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бұрынғыдай билеп-төстей алмайды... Екіншіден, төңкеріс қалыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған...». Мұндай сөзді сонда КСРО-да ешкім айта алмаған. Барлығы да ертең бұлар билікке келсе, күніміз не болады деп қорыққан. Айтқан жалғыз Нұрмахан Оразбек болды. Ондай қауіп те бар еді.
Оны Нұрекең де сезді. Басқалар да сезді. Сезгенде, редактордың осындай тосын қадамға бет бұрғанын аңғарған газет қызметкерлері оның сөзін тыңдайды-ау деген оймен ардақты азамат Жайық Бектұровқа хабарласады. Талай қуғын-сүргінде болған, он жыл отырып та келген сол аяулы азамат оны мынадай жолдан қайтарғысы келеді, өз өмірін мысалға келтіреді. Сонда Нұрекең: «Азарлығы сіз отырған жерде біз де отырып қайтармыз» дейді. Және сол мақаласында бұған өзінен басқа ешкімнің жауап бермейтінін атап көрсетеді.
Нұрмахан Оразбекті басқалардан ерекшелендіретін осындай тосын мінез, іс-әрекеттері еді. Ол журналист ретінде де батыл ой-пікірлерімен, ауқымды қадамдарымен ерекшеленетін. «Социалистік Қазақстанда» жүргенде сыртқы саясат мәселесін жазғанда қатып қалған партиялық нұсқауды жібітіп, мақалаларына өз пікірлерін, пайымдарын қосқан алғашқылардың бірі болды. КазТАГ-та басшылық қызметте жүргенде қазақ газеттері оның майталман аудармашылығының, батыл шешімдерінің өз жұмыстарына оң септігі тигенін сезінді. Республикамыздағы алғашқы ағылшын тіліндегі газетке басшылық еткен де Нұрекең еді. Ол редактор болған «Ақиқат» журналында да оның іздері сайрап жатыр.
Иә, ол «Қазақстан» баспа үйіне» көп күш-қуатын жұмсады. Талай тапшылық-қиындықты көре отырып, баспаның қалыптасқан беделін көтерген туындыларды жарыққа шығарды. Еліміздің айтулы тұлғалары жайында «Ғибратты ғұмыр» айдарымен жарық көрген неше сан кітаптардың өзі не тұрады! Еліміздің саяси-қоғамдық пікірлері жинақталған том-том кітаптар да құндылықтарымызды толықтырды.
Қиындықтар дегеннен шығады, осы жерде Нұрекеңнің «Қазақ күнтізбесін» шығару жолындағы күресін атап айтқымыз келеді. «Күнтізбені» ұлттық құндылығымыздың қатарына қосатын. Одан қалың көпшілік ұлтымыздың аяулы перзенттерін біліп отырады, еске алып отырады, еліміздің кешегісі мен бүгінгісіне көз салады, ұлтымыздың рухани мұрасынан, салт-дәстүрінен нәр алады дейтін. Сол «Күнбізбе» кешегі қиындық заманда үзіліп қалғанда, оны қайта шығаруға күш салды. Бұрын оны шығарумен баспаның бүтін бір бөлімі айналысса, енді оны Нұрекең қат-қабат жұмыстың ара-арасында өзі әзірледі. Тіпті, экономикалық тиімсіздігіне қарамай, баспаның азын-аулақ қаржысына шығарған кездері болды. Тек соңғы жылдары ғана Мәдениет министрлігінің қаржылай қолдағанын ол үлкен жеңіс санайтын. Енді сол Нұрекең жоқта сол ұлттық құндылық тағдыры не болар екен деген ой да көңілді мазалайды.
Нұрмахан Оразбектей азаматты еске алғанда, көп жай көңілге оралады. Оның ерекше тұлғасы, көпшілікке өнеге болғандай іс-әрекеті талайдың жадынан өшпейтіні де анық. Атпал азаматтың әруағын сыйлағанда айтар тілек: «Жаны жәннатта болсын» деп, атын батаға қосу шығар. Ал тірілерге керегі оның өнегелі ісін жалғастыру болар.
Мамадияр ЖАҚЫП.
АЛМАТЫ.