Парламент Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы Үндеуіне орай, «Бірлік» саяси партиясы өз мәлімдемесін жасады.
Партия төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев «Бірлік» партиясының мүшелері сайлау өткізу туралы бастаманы қолдайтынын айта келе, бүкіл әлем жаһандық экономикалық өзгерістер алдында тұрған, геосаяси жағдай тез арада жауап қайтаруды талап етіп отырған дәл қазіргі кезде ел үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділік ең маңызды мәселе болып қалатынын жеткізді. «Нақ осы тұрақтылықтың арқасында біз өз болашағымызды жоспарлап, оны құруға, экономиканы дамытуға мүмкіндік алдық. Жаңа кәсіпорындарды, мектептер мен ауруханаларды, жаңа жұмыс орындарын аша алдық. Бүгін, міне, сындарлы сәт туып тұр. Еліміздің алдынан жаңа міндеттер шықты. Біздің мақсаттарымыз белгіленген, енді іс-қимылдарымыздың алгоритмін құруымыз керек», – деді Төлеген Шаңғытбайұлы. Сонымен қатар, «Бірлік» партиясының мәлімдемесінде дәл қазіргі сәтте ең алдымен, Парламенттен барлық күш пен ресурстарды біріктіру талап етілетіні айтылған. «Сайлаушылар көзделген мақсаттардың орындалатынына, халқымыз бізге сырттан келген ауыр экономикалық дағдарыстан мейлінше аз шығынмен шығатынына сенімді болғылары келеді. Біз алдағы болатын сайлауды азаматтық бірігудің маңызды құралы ретінде қараймыз және барлық саяси партияларды алда болатын сайлауға қатысуға шақырамыз»», – деді Төлеген Қуанышев.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».