• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2016

АҚШ тұрғындары лотереядан 1,5 млрд. долларлық джекпот ұтып алды

368 рет
көрсетілді

АСТАНА. 14 қаңтар. АҚШ-та екі адам джекпот сомасы 1,5 млрд. доллар болатын Powerball лотереясын ұтып алды. Бұл туралы Interfax ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Associated Press-тің хабарлауынша, жүлделі билеттер АҚШ-тың Флорида және Теннесси штаттарында сатылған. Осылайша америкалық Powerball лотереясының жеңімпаздар саны үш адамға жетіп отыр. Рекордтық жүлде қорына ие болған жеңімпаздар 1,5 млрд. көлеміндегі джекпотты өзара бөліседі. Агенттіктің мәдімдеуінше, таяу уақытта жеңімпаздардың қатары көбеюі мүмкін. Жүлделі билет иелері туралы әзірге ақпараттар жасырын ұсталуда. CNN телеарнасы хабарлағандай, лотереяны ұйымдастырушылар джекпотты ұтып алған жеңімпаздарға әзірге құпиялық сақтап, жүлделерін алып кетпес бұрын қаржы кеңесшісін жалдауға кеңес берген. Бұдан бұрын құтты билеттердің бірі Калифорниядағы Чино-Хиллс қаласында сатып алынғаны туралы хабарланған еді. Ұтыс билетінің сандары 4-8-19-27-34 және 10 болған. Лотерея өкілдерінің бірінің сөзіне қарағанда, бұл сәтті билет 7-Eleven дүкенінде сатылған екен. Ереже бойынша, сатушы дүкен бонус ретінде 1 миллион АҚШ долларын алады. Лотерея талаптарына сәйкес, жүлде сандары Powerball деп аталатын бес ақ түсті және бір қызыл түсті шарлармен сәйкес келген адамға бұйырады. Powerball лотереясы АҚШ-тың 44 штатында, Вашингтонда (Колумбия округі), Американың Виргиния аралдарында және Пуэрто-Рикода ойнатылады. Билет құны 2 және 3 АҚШ доллары арасында өзгеріп тұрады. Жеңімпаз джекпотты 30 жыл бойына бөліп те ала алады, немесе бәрін бірден алып кетуге құқылы. Алайда, джекпоттың бәрін бірден алған жағдайда жүлде қоры азаяды. Салық төлегеннен кейін бақытты жан өзімен бірге 930 миллион АҚШ долларын қолма-қол санап алады. Сарапшылар мұндай жүлдеге ие болу 292,2 миллионға шаққанда 1 адамға ғана бұйыруы мүмкін деп баға берді. Естеріңізге сала кетейік, Америка тарихында ең қомақты жүлде қоры 656 миллион АҚШ доллары болған еді. Бұл қаржыны 2012 жылы MegaMillions ұтыс билетінің иегері жеңіп алды. Еламан Қоңыр. Дерек: Interfax.ru. Сурет: reuters.