Оңтүстікқазақстандықтар жаңа жылды қылаулап жауған қармен емес, себезгіден себелегендей жаңбырмен қарсы алған. Қазір де күн жылы, бәйшешек гүлдеп жатыр. Таңертеңгілікте жұрт үстіне не ілерін білмейді. Солтүстік облыстарды қасат қар басып, қарға адым жер көрінбей, жолдар жабылып жатқанда оңтүстіктегілер түске таман кәстөмге көшіп, тіпті, жейде киетіндер де жетерлік.
Асанбай Асқаров атындағы дендробақта ағаштардың түр-түрі өседі. Қайың, сәмбі тал, қарағаштар бүр жара бастады. Кейбір үйлерде шие гүлдеген. Шымкенттің қыз-келіншектеріне обал-ақ болды. Түгі жылтыраған құндыз ішіктерін бір кие алмай арманда жүр.
Араб Әмірліктерінде мұздан тұрғызылған алып сарай бар дейді көргендер. Туристерді магниттей тартатын Дубай әлемнің қыс түспейтін жылы нүктесінде орналасқан. Бірақ ақшалы, ақылды қала. Канада сияқты мемлекеттерден қар әкеліп қатырып, мұз қала салады.
Ішінде бәрі бар. Қаласаңыз мұздан қатырылған шынаяқпен кофе іше аласыз. Шейхтар қалың киініп, құндыз ішік киген келіншектерін шұбыртып аралап жүреді дейді. Қыс қызығын осылай елестеді әрі әйелдерінің құндыз ішікпен құлпырып жүруіне жағдай жасайды.
Ал, күні күліп тұрған Шымкенттің жігіттері қосақтарының алдында ұятты болып жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.