Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын 32 жастағы Самал Шамханова үшем туып, 8 баланың анасы атанды. Бұған дейін ері Дидарбекпен бірге 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отырған Самал Шамханова құрсағына үшем біткенде төбесі көкке жетердей қуаныпты. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақы тәмсілді жетік білетін көпбалалы ана Самал да мұны Алланың ерекше сыйы деп қабылдаған. Әрине, дәрігерлер де Самалды ерекше бақылауға алыпты.
Жаңа жыл қарсаңында, яғни, өткен жылдың 26 желтоқсанында Самал Шамханова үш ұлды бір мезетте жарық дүниеге әкелді. Оған, әрине, облыстық перзентхананың дәрігерлері ота жасау арқылы көмегін берді. Сөйтіп, ата-анасы өздерін көл-көсір қуанышқа кенелткен үш ұлға Әлемхан, Ерхан, Тілеухан есімдерін беріпті. Үшемнің салмақ қосып, жағдайы жақсаруына бас-көз болып жүрген дәрігер-неонотолог Айгүл Сүндетованың айтуынша, 18 тәулік бойы үшем айрықша күтімге алыныпты.
Осы аптада өмірге іңгәлап келген үшемнен соң 8 баланың анасы атанған Самал Шамханова облыстық перзентхана дәрігерлеріне алғысын жаудырып, Құрманғазы ауданындағы өз ауылына аттанып кетті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.