Сандықтау ауданындағы Петровка ауылының тұрғындары жаңа жылда айрықша қуанышқа ие болды. Жуырда мұнда жаңартылған мәдениет ошағы пайдалануға берілді.
Ауыл қуанышына құтты болсын айтқан аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов бұл клубтың жергілікті ауылшаруашылық құрылымдарының қаржысы арқылы ашылып отырғанына ризашылық білдірді. Әлеуметтік маңызды нысанның бой көтеруіне «Сандықтау-Астық», «Балқышын» асыл тұқымды мал зауыты» және «Жабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері демеушілік көмек көрсетті.
Жаңа мәдениет ошағы 100 орынға лайықталғанымен, салтанат шарасына көрші ауылдардың өнерпаздары да қатысып, арнайы концерттік бағдарламаларын ұсынды. Аудан әкімдігі тарапынан сый-сауғалар жасалды.
Осы орайда, ауданда соңғы бір айда мемлекет-жекеменшік әріптестігі бастамасымен ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт, кітапхана, клуб және дүкен күрделі жөндеуден өткізілгенін атап өткен жөн. Бұл жұмыстарға 30 миллион теңге қаржы жұмсалды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы.