Аяулым Әбілдаева Қостанай мемлекеттік педагогика институтындағы психологиялық-педагогикалық факультетінің екінші курсында оқиды. Өткен оқу жылы Тараз қаласында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша мақсатты грантты ұтып алды. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен ұзап шықпаған Аяулымға мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасының қойған шарттарының барлығы ұнады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», деген тәмсілді ата-анасынан, ұстаздарынан жиі еститін. Өзі ұстаз болуды, оның ішінде кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеуді армандайтын. Қостанай мемлекеттік педагогика институтында өзі қалаған дефектолог мамандығын дайындайды екен. Ол осы білім ордасын қалады. Қазақ халқына Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин және осылай тізе беруге болатын ірілерді берген Қостанай өңіріне аяқ басатынына қуанды. Бұл Аяулымның арманына қанат бітіргендей болды. Мұндай талпыныс, мұндай арман, қуаныш тек Аяулым ғана емес, бүгінде Қостанай облысындағы төрт жоғары оқу орнында және 9 колледжде оқитын оңтүстік өңірде туып-өскен жастардың барлығының да бойын билеген еді.
– Биыл «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 9 колледжде оңтүстік облыстардан келген 220 студент оқып жүр. Осы тоғыз колледждің ішінде екеуі – техникалық-экономикалық және әлеуметтік-техникалық колледждер жекеменшік оқу орны болып есептеледі. Алайда, әңгіме оның меншік түрінде емес, барлығында бірдей студенттерге жағдай жасалған. Жатақханалар жөндеуден өткізілген, балалардың әлеуметтік жағдайы, келген ортаға бейімделуі де жақсы. Өйткені, оңтүстік аймақтан келгендердің арасында талантты, өнерлі жастар көп, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының техникалық және кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары Камил Ибрагимов.
«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Қостанай өңіріндегі А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университет биыл 425 студент, Рудный индустриялық институты 148, Арқалық педагогика институты 175 студент қабылдады. Ал Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында былтыр мен биыл 279 студент білім алуда.
– Серпіндіктерді облыста алғаш күтіп алған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты болатын. Оларды бірден жатақханамен қамтамасыз еттік. Ата-ана бауырынан ұзап шықпаған жастардың өңірге тезірек бейімделіп кетуі, білім ордасына үйренуі үшін оларды қоғамдық жұмыстарға тарттық. Негізі институтта серпіндіктер туралы өзекті мәселе туындаған емес. Өйткені, осы бағдарламамен келген жастардың барлығына жуығы белсенді, жақсы оқиды, өнерлі, – дейді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуат Баймырзаев.
Расында, «Серпінмен» келген студенттер студенттік ортаны серпілткені байқалады. Серпіндіктер үшін білім ордаларында игілікті жұмыстар қолға алынды. Мысалы, Қостанай мемлекеттік университетіндегі тіл үйрену орталығында бұрын қазақ және ағылшын тілі курстары болса, қазір оған орыс тілі қосылыпты.
– Оңтүстік өңірдегі қазақ мектебінен келген балалар үшін орыс тілі курсын аштық, оған 96 студент жазылды. Тілді тегін үйренеді. Университетте «Мәңгілік ел жастары» клубы құрылды, – деді Қостанай университетінің проректоры Алмас Әбсадықов.
Рудный индустриялық университетінде серпіндік студенттер биылдан бастап жеті түрлі мамандық бойынша білім ала бастады. Жатақханасы жылы. Институтта білім қуған жастар үшін заманауи жағдайдың барлығы жасалған. Бұл серпіндік студенттер білім ордасына тез арада бейімделуіне мүмкіндік жасады. Олар спорт секцияларына, шығармашылық топтарға, яғни вокалды, би, интеллектуалды, поэтикалық, тілдік, КВН және тағы басқа жұмыстарға тартылған. Мұның барлығы да студенттерді тек бейімдеу ғана емес, оларды болашақ бәсекеге қабілетті маман ретінде жан-жақты дамытуға да ықпал етеді. Ал мақсатты грантпен оқып жатқан болашақ мамандарды жұмысқа орналастыру «Серпін-2050» бағдарламасының түпкілікті нәтижесі болмақ. Бұл орайда, Рудный индустриялық институты нақты жұмыстар жүргізіп отыр.
– Серпіндік студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және болашақта жұмысқа қалдыру мақсатында өңірдегі кәсіпорындармен байланыс жасап отырамыз. «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі», «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамдары, «Қазақстан аллюминийі» акционерлік қоғамының Краснооктябрь боксит кен басқармасы, «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Лисаков филиалы секілді ірі кәсіпорындары мен шағын және орта бизнес орталықтарына хат жолдадық. Бұл жұмысты аяғына жеткізгенше жалғастыра береміз. Студенттермен де кездесу жасап, әңгімелестік, олардың барлығы да таңдаған мамандығы бойынша Қостанай өңірінде еңбек етуге құлшыныс танытып отыр. Олар әлі төрт жылдай оқиды, уақыт бар, барлығы да жұмысқа орналасады деген сенім үлкен, – дейді Рудный индустриялық институтының ректоры Әбдірахман Найзабеков.
– Арқалық педагогика институтында бұрыннан да оңтүстік облыстардан келіп білім алатын жастар аз емес еді. Енді «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оларға мол мүмкіндік туды. Студенттер жылы, жайлы жатақханада тұрады. Торғай өңірінің болашақ ұстаздарына барынша заманауи талаптармен білім, зиялы тәрбие береміз, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогика институтының ректоры Сейтбек Қуанышбаев.
«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттердің өз арасында да көңілге қонымды жұмыстар жүргізіледі. Әр оқу орнында олардың өз арасынан сардарлар сайланған. Олар серпіндік студенттерге ұйытқы болып, проблемалық мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға атсалысады. Астана қаласында «Серпін-2050» жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша отырысқа қатысқан Рудный индустриялық институты энергетика және ақпараттық жүйелер факультетінің студенті Оңдасын Әлиев Қостанай облысының аймақтық көшбасшы-сардары болып сайланды. Сардарлар кездесіп, жұмыс жоспарын жасап отырады.
– Рудныйдағы кездесуден кейін біз Құрылыс колледжінде оқитын 25 студент «Ақжол» атты ұйым құрдық. Онда өзімізді дамыту үшін қандай игі іске талпыну керектігін талдап, анықтап отырамыз. Бұл өте керек іс. 25 студенттің барлығы да ұл. Колледждің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысамыз, әсіресе, спорттан өзімізді жарқырата көрсетсек деген мақсат бар. Алғаш келгенде 1 студент қана үздік оқитын еді, қазір олардың қатары алтау, өзімізді ширата түсудеміз, – дейді осы колледждегі серпіндіктер сардары Бекзат Баржақаев.
«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша келген студенттер оқитын оқу орындарының барлығында дерлік олардың қазақ тілінде білім алуына жағдай бар.
Жақында Қостанай өңіріне іссапармен келгенде еліміздің Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты шаңырағында «Серпін-2050» бағдарламасы аясында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасын іске асырып жатқан жоғары оқу орындары мен колледждер басшыларымен және студенттермен кездесті. Жүргізіліп жатқан жақсы істерге қанықты.
– «Серпін-2050» бағдарламасының түпкі мақсатын түсінесіздер деп ойлаймын. Еңбек резервтері тығыз аймақтың балалары тегін білім алып, кадры аз аудандарға орналастырылады. Өмірдің қай саласы болсын солтүстік облыстарға маман керек. Мысалы, мемлекеттік тапсырыста педагогика мамандықтары бойынша 5,5 мың орын бөлінеді. Соның 1050 орны тек «Серпін-2050» бағдарламасының еншісінде. Өйткені, солтүстік өңірге педагогика мамандары керек-ақ. Бұл – қыруар қаржы. Тегін білім, шәкіртақы, колледждегі студенттер үшін киімге дейін алынады, барлық студенттерге жылына үйіне екі рет барып келу үшін жолақысы да төленеді. Осының барлығы болашақта еліміздің солтүстік облыстарындағы мамандар тапшылығын шешу мақсатынан туған. Оған бүгінгі студенттер де жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді Тахир Балықбаев.
Студенттердің барлығы да осы бағдарламамен тегін білім алатынына риза екендігін жеткізді. Олардың бойында елге, Отанға деген патриоттық құлшыныс та мығым. Оңтүстік жастары Қостанай өңіріне көктемнің алтын күрек желіндей жылы леп әкелген тәрізді. Ертең білікті маман болып қалыптасатын, осында қалып, өсіп-өркендейтін олардың болашағынан жайқалған мәуелі бақтың қарасы көрінгендей болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.