• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Армандар орындалады

818 рет
көрсетілді

«Біз өзіміздің қазақстандық арма­нымыздың орындалуына және Қазақ­станның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!» деген Елбасы­мыз Н.Назарбаев Ұлт Жоспары бағдар­ламасында қазақстандық арманға бастайтын жолды нақты көрсетіп, саралап берді. Адамда арман көп. Армандап қана қоймай, соған ұмтылып, жол таба білген адам арманына қол жеткізеді. Кез келген ұлттың, елдің, қоғамның басты арманы – еркін ел, тәуелсіз ұлт, егемен мемлекет болу болса керек. Ата-бабамыз азат ел болуды өмір бойы аңсап өтті. Асқақ арман орындалды. Қазақстандай тәуелсіз елдің жас білімгері болғаныма өзімді бақытты санаймын. Және бойымдағы ақыл, күш-жігерімді осы елімнің қарыштап дамуына жұмсаймын. Мектеп қабырғасында жүргенде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу арманыма айналған еді. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Дихан-2 ауылындағы 60 жылдық тарихы бар шағын мектебінен арман қуып, Алматыға келіп, талапкер атанып, жұдырықтай жүрегімнің лүп-лүп соққанын өмір бойы ұмыта қоймаспын. Менің жақсы білім алуыма, арман-қиялдарымның орындалуына әрине, ең алдымен ата-анамның, маған тәрбие-білім берген ұстаздарымның қосқан үлесі зор. Сондықтан, бұл асыл жандарға деген алғысым мол. Өмір бойы басымды иіп өтемін. Университеттің есігін айқара ашқан күннен бастап мені жаңа әлем, жаңа орта, жаңа достар күтіп тұрды. Асқақ арманның асқарындай болған әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың орталығы екені көзге көрініп-ақ тұр. Бұл менің университетімді асыра мақтағаным емес, мен мұны шынайылықпен, шын жүрегіммен айтып отырмын. Көк байрақты желбірете көтеріп, ата-бабамыздың арманын орындап, аманатын арқалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекетін азғана жылдардың ішінде әлемге танытты. Ендеше, армандар орындалады. Тек соған жеткізетін дұрыс жолды таңдап, аянбай еңбек етіп, күресу қажет. Байдос БЕКӘДІЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. АЛМАТЫ.