Бүгінгі дәуір дәлдікті, нақты қадамды, сөз емес, ретті істі талап етеді. Мұның бәрі Президенттің соңғы Жолдауында, халық жақсы қабылдаған, алдағы асқақ арманға, оның нәтижесі ел іргесін бекітуге негізделген зерделі мақаласында көрініс тапты. Әсіресе, Жолдаудағы әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосу жөніндегі ой-байламдары жұрт көңілінен шығуда. Бұл істің атқарылуы үлкен-кіші демей, Отанымыздың әрбір тұрғынына ортақ мақсат-міндет екені белгілі. Еліміздің киелі шаңырағының шарасын кеңейтуге кім де болса өз үлесін қосып жатса, оны қолдап өзгеге таныстыру ел газетінің басты парызы деп білеміз. Ұзақ жыл білім саласында еңбек етіп зейнетке шыққаннан кейін де ұлт ұрпағының ішіндегі таланттарды тауып, баулу ісін бір сәт те естен шығармай «Интеллектуал-2050» халықаралық қорын құрып, сол бойынша жұмыс атқарып жатқан Ділдаш БИТУОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Қырық бес жылдан аса уақытымды білім саласына жұмсадым. Еңбегім еленіп омырауыма «Құрмет» орденін тақтым. Зейнетке шыққанда орныма алты жыл баулыған орынбасарымды отырғызып кеттім. Осынша кезеңім ұлт ұрпағына арналғандықтан үйде қам-қарекетсіз отыруды жөн көрмей Елбасының интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асыру үшін арнайы қор құрдым. Аты үлкен болғанмен жарғылық капиталы қазірше шамалы. Интеллектуалды ұлтты біз қалай қалыптастырамыз десек, тәуелсіз елдің ұл-қызын алдымен Отансүйгіштікке, одан кейін білімі мықты, білігі зор, ақыл-парасаты мол азамат ретінде тәрбиелесек, ол ертең Президент айтқан интеллектуалды ұлттың белді өкілі болып шығады. Кейбір азаматтар зейнеткерлер отбасында отыра бермей ме деген пиғылдарын айтып қалады. Бірақ бойында қайраты бар кезде елге қызмет еткеннен артық қандай бақыт болады. Мені Елбасының соңғы Жолдауы тіпті қанаттандырды. Себебі, ел дамуына дағдарыс кезінде әр қазақстандықтың үлес қосуы жөніндегі айтқан сөзі ой-санама серпіліс әкелді. Әсіресе, ел жастарына арнап «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман», деген сөзі тек жастарға ғана емес, үлкендерге де ой салды. Мен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына басшылық жасаған жылдары әлемнің 80 мемлекетінде болып, соның ішінде 25 елмен арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс жасаған едім. Мемлекет басшысы қазір төрткіл дүниені түгел шарлап жүр. Бұл ел өркендеуін қалай да жеделдету қажеттігінен туған сапарлар деп ойлаймын. Елбасы қойған міндеттерді орындау жолында мектеп оқушыларына арналған «Бастау», «Зерде» конкурстарын ұйымдастырдық. Дүниежүзінде білім саласына бірден-бір қаржы бөліп отырған мемлекет ретінде әлемдік деңгейде өтетін халықаралық олимпиадаларды Қазақстанда да өткізсек деген ниетпен математика, физика, информатика пәндері бойынша халықаралық олимпиада өткізу жөнінде тиісті әлемдік халықаралық ұйымдарға ұсынысымызды берген едік. Ол халықаралық қоғамдастықтан қолдау тапты. 2010 жылы математика пәні бойынша 51-ші халықаралық олимпиада Астана қаласында өтті. Оған төрткіл дүниенің жүзге тарта елінен дарынды оқушылар қатысты. Біздің баптап қосқан таланттарымыз математика пәнінен Сингапур, Гонконг, Қытай, Жапония елдерінен кейінгі 5-ші орынды иеленіп, Отанымыздың мерейін өсірді. Бұдан кейін физика мен информатикадан осындай білім сайысы болды. Мен мұндай істердің бәрін Елбасының имиджін көтеру үшін ұйымдастырып келе жатырмын.
– Тілдаш Рысқұлбекқызы, бұл қордың басты мақсаты туралы таратып айта кетсеңіз?
– Қазақ халқы қашан да таланттарға кенде боған емес. Ұлтымыздың ардақтылары қыран бүркітті балапан кезінен баулыған. Мен де осы ниетті алға оздырып, ел ішіндегі ойы озық оқушыларды өз Отанымызда, шетелде өтетін олимпиадаларға апаруды ниет еттім. Себебі, оқушыларды демалыс кезінде ата-аналар шетелдерге жіберіп жатады. Мен сондай азаматтармен тілдесе келіп, сол балаларды демалта отырып, білім сайысына қатысуы керектігін айттым. Мұны ата-аналар түсіністікпен қабылдады. Сөйтіп, 2-10 сынып оқушылары арасында болашақта ұлт элитасы болатын жас зияткер балаларды айқындап, білім мен ғылымның сайыстарына қатыстыра бастадым. Осы арада мына бір нәрсені ерекше айтқым келеді. Олимпиада жүзден жүйріктердің бақ сынайтын жері. Мен сол білім сайысына тек таланттарды ғана апаруды ниет еттім. Ақшаны алға оздырмадым. Ақшаға сенген жерде білім болмайды. Қазірдің өзінде 300-ден аса талапты баланы Францияда, Венгрияда, Швейцарияда, Болгарияда, Ресейде, т.б. жерлерде өткен олимпиадаларға қатыстырдым. Көбі жүлдегер атанып отыр. Бір ғана мысал, Париж қаласындағы олимпиада Луи-Гранд лицейінде өтті. Оның негізін Людовик XIV қалаған екен. Сол білім ордасында кезінде Виктор Гюго, Жан-Батист Мольер, Жорж Помпиду, Жак Ширак, жоғары алгебраның негізін қалаған атақты математик Эварист Галуа оқыған. Сол білім сайысында халықаралық «Кенгуру» ассоциациясының құрметті президенті Андре Деледик қатысып, өзі жүргізді. Білім сайысына қатысқан біздің балаларды қазылар алқасы жоғары бағалады. Сол секілді Будапешт қаласындағы ELTE университетінде өткен олимпиадаға қатысқан қазақстандықтарды Венгрияның тұңғыш ғарышкері Берталан Фаркаш арнайы құттықтап, ескерткіш медаль тапсырды. Әркез шетелдердегі білім сайысына барған оқушыларды сол елдің тарихи орындарымен таныстыруды бірінші кезекке қоямын. Мәселен, сол Венгрияға барған кезде қыпшақтар орталығында болып, Қазақ елімен сол жұрттың арасындағы бір байланыстың бар екенін аңғарттым. Будапештте математика музейі бар. Жалпы, музей жасаудың әдемі үлгісі сол дер едім. Онда көз тартар жарқыл-жұрқыл дүниелер емес, математикалық формалар, қағаздан жасалған алуан түрлі дүниелер молынан. Оқушылар осыны көргенде мұрағат қалыптастырудың әдемі үлгісін ұққандай болды. Мәселен, Францияға барған әр сапарымызда оқушылар Елисей алаңына барып, атақты мұнараға шығып көне қаланың төртбұрышын түгел көрді. Соңғы 2 жылдағы көктемгі оқушылар демалысында Парижде өткен олимпиадаға қатысумен қатар, 22 наурызды атақты мұнараның ұшар басында қарсы алуды әдетке айналдырдық. Бұл сол мемлекетте тұрып жатқан өзге ұлттардың назарын аударумен қатар, біздің оқушылар өз ұлтының дәстүрін көрсету арқылы өзгелердің қызығушылығын оятты. Сондай бір жүздесуде француздар: «Бұлар жай балалар емес, алтын балалар екен ғой» дегені есте.
Ал Санкт-Петербург қаласында болған олимпиадада атақты математик, академик М.Башмаков үлгісін оқушыларға таныстырдық. Ол өзінің академиясын 4 бөлмелі пәтерінде құрған екен. Ресей мемлекеттік сыйлығын алғанда тиген ақшаға математиканың кешенді оқулығын шығарыпты. Соның тұсаукесерін Эрмитаждың жоғары бағаланатын 12-ші залында өткізді. Біздің ұлдарымыз бен қыздарымыз сол көрмеге қойылған кітаптардың әрқайсысы туралы академиктен сұрағанда, ол кісі: «Білімге қызыққан бұл қандай жақсы балалар!» деп арнайы қабылдау жасады. Ол – математика ғылымын көркем әдебиетпен ұштастырып, сол көркем әдебиетті суретпен беру тәсілін қалыптастырған ғалым. Біз сол атақты қалаға сапарымызды алдымен Жамбыл бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастаймыз. Одан кейін қаланың көрнекі жерлерін аралаймыз. Ондағы мақсат, оқушылардың есінде осындай игілікті істер қалуы тиіс. Адам жас кезінде көргенін үлкейгенде ұмытпайды.
– Мұндай игілікті істерді ұйымдастыруға қол ұшын беріп жатқандар бар ма?
– Менің негізгі демеушілерім де, қолдаушыларым да ата-аналар дер едім. Жеке адамдар да өз үлестерін қосып келеді. Сондай бір азаматша өмір бойы білім саласында қызмет еткен, қазір зейнетте болса да талантты балаларды өз күшімен дайындап жүрген Айткүл Сәулебаева дер едім. Өзге де қолдаушыларымыз аз емес. Қордың жұмысын үш-ақ адам атқарып жүрміз. Қаржы жоқ демей, талпынсаң, ұмтылсаң, халықпен жұмыс істесең бәрі де болады екен. Әсіресе, мектеп мұғалімдерімен пікірлесу барысында сыныбындағы дарынды оқушы туралы жан-жақты хабардар болған соң, оны білім сайыстарына тартуға талпынсаң ісің ілгері баспай қоймайды. Мен бір ғана мысалды айтайын. Оңтүстік Қазақстан облысынан 9-шы сынып оқушысы Әлидар Өмірәлин Болгарияда өткен білім сайысында ұлы күйші Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындап, Гран-приге ие болды. Біздің талантты оқушыны бағалаған болгариялық қазылар алқасы Әлидарды Мәскеуде өткен П.Чайковский атындағы халықаралық конкурсқа шақырған еді. Қаржының болмағандығынан бара алмай қалды. Қазақ халқы қашанда баласын оқытуды бірінші кезекке қойған ғой. Әлеуметтанушылардың зерттеуіне қарағанда ұлтымыздың жас ұланының 80 пайызы жоғары білім алуға талпынады екен. Ендеше, біз сол жасты қарғадайынан өз елімізде білім нәрімен сусындатып, әлемде өтіп жатқан білім сайыстарына қатыстырып, барған мемлекеттерінің озық үлгісін көрсетіп, жақсысынан нәр алғызып қалыптастыра білсек, ұтылмасымыз анық. Қазақтың талантты балалары қай кезде де топ жарып шыққан ғой. Кейде біз соларды дер кезінде танытып, насихаттай алмай жүрміз. Оларды кейінгі толқынға үлгі етіп көрсетсек, кейінгілер, дана Абай айтқандай, «болмаса да ұқсап бағуға» тырысары сөзсіз ғой. Бұрын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды тәуелсіз Қазақ елінің болашағы деп таныстыратынбыз. Олар «Дарын» орталығының мақтанышы саналатын. Мен әр басқосулар кезінде сондай дүлдүлдері өнеге тұтып қатыстыруды үрдіске айналдырғаным бар. Айталық, төрткіл дүниенің оқымыстыларын таңғалдырып, олимпиадаларда топ жарған Қуат Есенов, Әділ Жүгірәлин, Тимур Жиентаев, Дәулет Асқаров ел мақтанышына айналған. Қазір олар өз Отанының абырой-беделін асыру үшін білім-біліктерімен үлес қосып келеді. Жақында, қысқы каникул кезінде 2-10 сынып оқушылары арасында «Қазақ Артегі» деп атала бастаған Бурабайдағы «Балдәурен» кешенінде шеберлік сыныбын өткіздік. Сол шеберлік сыныбына қатысқан Болгария Ғылым академиясының Математика және информатика институтының профессоры Албена Василева қатысып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың білім саласына жасап отырған қамқорлығына ризалығын білдірді. «Дүниежүзінің бірде-бір елінде дәл сіздердей білімге көңіл бөліп отырған жоқ. Мұндай жағдайда үш бірлік жұмыс жасауы керек. Ол университет оқушысы өзінің болашақ студентін мектептен таңдап алуды жолға қоюы тиіс. Екінші, мектеп оқушысы өзінің болашақта игеретін мамандығын ұстаздарымен кеңесе отырып айқындауы керек. Бұл жұмыста мұғалімнің атқарар рөлі ерекше. Ондай мұғалім бүкіл саналы өмірін оқушыға арнауы тиіс. Үшіншісі, ата-ана баласының келешегіне бір сәт те немқұрайдылықпен қарауға құқығы жоқ. Қолыңнан бір шыққан құсты қайта ұстай алмайсың. Бала да сол секілді» деген ойын ортаға салды.
– Елбасының елге адал қызмет ету жөніндегі айтқанын орындап, жас ұрпаққа жанашыр болып келесіз. Сіз баулып жүлде алған оқушылардың жоғары оқу орындарына қабылдану жағы қалай?
– Біз шетелдегі олимпиадаларға оқушыларды апарумен қатар, өз еліміздегі жақсы істерге де атсалысып келе жатырмыз. Соның бір дәлелі, «Интеллектуал-2050» халықаралық қоры әр жыл сайын тұңғыш Президент күні мерекесі аясында «Болашақ әлем металлургтері» математика пәнінен 11 сынып оқушылары арасында, бір кездері Д.Қонаев, өзге де қазақтың айтулылары білім алған Мәскеу болат және балқыту ұлттық ғылыми-зерттеу технология университеті ғалымдары дайындаған есептер негізінде олимпиада өткізуді жолға қойдық. Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №12 мектеп-интернатында өтіп келеді. Бұл білім сайысының мақсаты – еңбек жолын металлургтан бастаған Мемлекет басшысының өмірін өнеге ете отырып, еңбек пен білімді ұштастырсаң арман биігіне көтерілесің деген ұғымды ұлт ұрпағының санасына сіңіру. Енді сұраққа берер жауабым, біздің жүлдегерлерге өз Отанымыздың жоғары оқу орындары емес, Ресейдің іргелі білім мекемелері, яғни университеттері, нақтылай түссем, жаңа айтқан Мәскеу болат және балқыту университеті жоғары білім беруде. Грант иегерлері қатарында Ағзам Құдайберген – металлург мамандығын, Баянсұлу Оразбай – техника мен технология, Нұрқожа Әдиқан – энергетика, Темірлан Төлеубек – физика, Тимур Нарзуллаев – тау-кен ісінде жоғары білім алып жатыр. Бұлардан өзгелер де баршылық. Ал өз еліміздегі заңның талабына қарай, арнайы тізбеден өтпеген олимпиада жүлдегерлері ұлттық бірыңғай тестке кірмесе, жоғары оқу орындарына қабылдана қоймайды. Әрине, заңның талабын орындауға тиістіміз. Дегенмен, нағыз таланттарды өзге мемлекеттердің оқу орындары біліміне қарап қабылдап жатқанда, біздің білім ордаларының заңдық күші бар құжатты сылтау етуі кейде көңілге қонбайтын секілді. Бұл арада жетпей жатқан бір-ақ мәселе бар. Ол мемлекетіміздегі ректорлардың ұлттық кадрларды даярлау ісіне көп мән бере бермейтіні. Болмаса, қазіргі оқу орны басшыларының қолында біраз мүмкіндік бар. Өздерінің гранттарын да тағайындай алады. Егер сондай ерлікке барып жатса, елдің болашағы саналатын жастарға жол ашар еді. Бір мысал келтіре кетейін, Венгрияда біздегідей бірінші, екінші, үшінші орын ғана емес, білім сайысында онға дейін орын алғандарды арнайы мамандардың әңгімелесе отырып сынақ алу тәсілімен қабылдайтын үлгісі бар. Біз кейде мемлекеттік грантты, заңның тармақтарын алға тартып, дарынды жасты шеттетіп келе жатқанымызды баса айтқым келеді. Қалай десек те, ішкі есеппен емес, нағыз таланттар тағдырын ҰБТ-ға тели бермей, жеңілдік жасауды қарастыруымыз керек секілді. Отандық және әлемдік білім сайыстарына қатысып, ақ адал қазылар бағалаған дарынды жасты беттен қақпай жоғары оқу орындарына қабылдасақ, Елбасының Ұлт Жоспары, «5 институттық реформа», «100 нақты қадам» мүлтіксіз орындалады.
Оны атқаратын кадр десек, мықты маман талантты ұрпақтан шығады. Мен Президенттің осы ұлы идеясын жүзеге асыру ниетімен осындай жұмыстар атқарып келе жатырмын. Алдағы уақытта еліміздің абырой-беделін көтеретін ЭКСПО-2017 көрмесіне патриот оқушыларды ұйымдастырып, олардың олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жетістіктерін, өздері ойлап тапқан жаңалықтарды бір павильонға жинақтап, өздерін волонтёр ретінде қатыстыру ниетіндемін. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жобасында «Жасампаз қазақстандық патриотизм», «Мәңгілік Ел Патриоттық Актісі» туралы ерекше атап өткен идеясы негізінде жастарға патриоттық рух беру мақсатында «Елжандылар академиясын» ұйымдастыру ниетін қолға алдым. Бұл мемлекетіміздегі мектептермен бірлесе отырып, оқушыларды бастауыш сыныптан баулып патриоттық сезімді бойларына сіңіріп, еліне адал қызмет етуді көңілдеріне ұялату болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».