Таңертеңгілік жұмысқа келген «Түркістан» салтанат сарайының қызметкерлері айран-асыр қалған. Былтыр ғана пайдалануға берілген, іші-сырты жұмыртқадай ғимараттың көп есіктерінің талқаны шығыпты. Еденді әбден ластаған, қабырғаларды қатты затпен ұрып шұрқ тесік қылған.
Полицейлер көп ұзатпай күдіктіні ұстады. Алматы қаласының 21 жасар тұрғыны екен. Уыздай жас жігіт жүйке ауруымен ауырады. Ата-анасы бір себі тие ме деп Шымкентке тәуіпке қаратқалы әкелген. Жүйке аурулары диспансерінде есепте тұратын жігіт түнде қонған үйден қашып шығып, «Түркістанның» жертөлесін бұзып, ішке енген.
Осы оқиғаға байланысты облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбековаға хабарластық.
– Жігіттің ата-анасы жақсы адамдар екен. Кешірім өтініп жатыр. Жүйке ауруымен ауыратын жігіттің өз әрекетіне есеп бермейтіні түсінікті, – дейді Күлия ханым. – Бұл да Алланың бір сынағы шығар деп өз күшімізбен тазалап, кеткен шығынның орнын толтырдық. Баласының ауруымен басы қатып, өзі әбігер болып жүрген жандарға салмақ салмадық.
Мекеме қызметкерлері осылай адамгершілік жасапты. Ал жас жігіт ақыл-есінің дұрыс еместігіне байланысты дәрігерлердің бақылауында болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.