• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Бұл – еліміздің болашағы үшін жауаптылық

387 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны үкіметтік емес ұйым­дар жұмысын белсенді ете түсті. Өткен сенбі күні Іскер әйелдер қауымдас­тығының президенті Раушан Сәрсем­баева мен Діндерді зерттеу орталығы қауымдастығының директоры Юлия Денисенконың Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингі соның заңды көрінісіндей болды.  «Алдағы өтетін сайлау еліміздегі ең маңызды оқиға болып табылады», деп бастады өзінің сөзін Іскер әйелдер қауымдастығының президенті. Оның пайымынша, жаһандық ахуалдың шиеленіскен жағдайында бұл – стратегиялық тұрғыдан ұтымды шешім. Оның үстіне, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси күштердің сайлау науқанына белсенді қатысуына, сонымен де Елбасының алдымызға міндет етіп қойған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы реформаны жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік туады. Өйткені, әйелдер қауымы еліміз тәуелсіздігін алған кезден бастап Президент реформаларының орындалуына өз үлестерін қосып келеді. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып келе жатқан қолдаудың арқасында әйелдер орта және шағын бизнесті өркендетуге ерекше ықпал етуде екен. «Мен өзім Астана маңындағы Қосшы кентінде болып, жаңадан ашылған жиһаз шығару цехын барып көрдім. Біз дағдарыс пен қиыншылықтың салдарынан жұмыс орындары қысқаруда дейміз. Ал мен көрген цех 60 адамға жұмыс тауып беріп қана қоймай, жатақханамен де қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мысал еліміз бойынша жеткілікті екені сөзсіз», деді Раушан Біргебайқызы. Сондықтан да алдағы сайлау әйелдер қауымына өзінің саяси және қоғамдық әлеуеттерін көрсетіп, белсенділігін танытатын, сонымен қатар, қолдарынан барлығы да келетіндігін дәлелдейтін кез екендігі де ерекше аталды. Олай болса, қоғамның барлық мүшелері болып жұмыла кірісіп, еңбек ету арқылы қазіргі әлемде орын алып жатқан барлық жағымсыз факторларға қарсы тұруға мүмкіндік мол. Осы ретте, әйелдер қауымы да бұл бағытта барлық күш-жігерлерін сарқа жұмсайтын болады. Бұдан кейін сөз алған Ю.Денисенко былай деді: «Егер 18 жасқа толған британиялық себепсіз сайлаудан қалыс қалатын болса, онда ол келесі сайлауға қатыспайынша оған пас­порт берілмейді. Әрине, бізде ондай жоқ. Өйткені, Қазақстан азаматтары соңғы өткен президенттік сайлауда асқан белсенділік танытып, барлығы дерлік саяси науқанға бір кісідей қатысты. Сондықтан да алдағы өтетін парламенттік сайлауда да белсенділік жоғары болады деген сенім бар». Ел тұрғындары сайлауды өздерінің саяси және азаматтық құқықтарын жүзеге асыру тетігі деп қабылдайтындығын жеткізген Юлия Олеговна бұл еліміз қоғамдық-саяси өмірінің тамыр соғысы екенін, саясаттанушылардың айтып жүргеніндей, халық пен билік ынтымағының көрінісі болып табылатынын атап өтті. «Жаһандық дағдарыс кезінде өтетін айтулы шара ел өміріне айтырлықтай өзгерістер алып келеді. Сайлауды кезектен тыс өткізу туралы шешім терең реформалар жүргізу тұрғысынан және әлемдік қаржы нарығындағы тәуекелдерге байланысты маңызды бола түседі. Экономикалық ахуалдың кезектен тыс сайлау өткізуге негізгі себеп болуы да сондықтан», деді Ю.Денисенко. Оның үстіне, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын бірге өткізу қаржы үнемдеу мен ұйымдастыру шараларына да оң ықпал ететіні көлденең тартылды. Осы тұрғыдан келгенде, депутаттар тарапынан жасалған бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуді қолдау өте дұрыс ұстаным болатыны атап көрсетілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».