• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Президент реформалары – даму кепілі

378 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметовтің қатысуымен брифинг өтті. Басқосуда Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығының мән-маңызы сөз болды. Бірінші кезекте Ғани Нығметов депутат­тардың бесінші шақырылған Парламент Мә­жілісін таратып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын өткізу туралы бастамасына Елбасының қолдау білдіргені мемлекетіміздің орнықты дамуы­на жол ашатынын атап өтті. «Мен бұған дейін парламенттік және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу жөніндегі депутаттардың үндеуін қолдап, өз пікірімді білдірген бола­тын­мын. Сол уақыттан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге қатысты өз Жарлы­ғына қол қойды. Шын мәнінде, бұл ел игілігі үшін жасалған оңды шешім болды. Себебі, қазіргі таңда, Елбасы айтқандай, қиын кезеңде, дағдарыс кезінде біздің халқымыз бірлесе отырып, сайлауды бір жылға созбай өткізіп, одан кейін дағдарысты еңсеруге бағытталған Президент ұсынған реформаларды жүзеге асыруымыз қажет», – деді Ғ.Нығметов. Оның сөзіне қарағанда, мұнай бағасының көтерілгенін күтпей, индустрияландыруға, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын дамытуға күш салу керек. «Қазіргі уақытта алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді, соның ішінде Президентіміздің бес реформасы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында көзделіп отырған шараларды ынтымақтаса отырып жүзеге асыру маңызды. «100 нақты қадамда» бүгінгі сын-қатерлерге жауап бар. Оның үстіне, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру, түрлі инфрақұрылымдық жобаларды іске асы­ру, экономиканы индустрияландырудың кең ауқымды бағдарламасын орындау, шағын және орта бизнесті дамыту міндеттері нақты көрсетілген», – деді ол. Сондай-ақ, спикер Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын бірге өткізу бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. «Біз Елбасының кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлығы арқылы бұл электоралды науқанда 5 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдей аламыз. Сонымен бірге, электоралды жылды үнемдей аламыз. Біз конституциялық және азаматтық құқықтарымызды пайдалана отырып, сайлауға қатысып жатқан саяси партияларға дауыс беруге белсенді қатысуымыз керек деп есептеймін», – деп түйіндеді сөзін Ғ.Нығметов. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар