• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Күрделі кезеңдегі қажетті қадам

276 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәслихатына тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының, Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының басшылары қатысып, алдағы парламенттік сайлауға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Кеншілер, металлургтер мен шахтерлер Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламенттік сайлауды қолдайды, деді баспасөз мәслихатында тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіп­орындары республикалық қауым­дастығының атқарушы директоры Николай Радостовец. «Атап айт­қанда, кеншілер, металлургтер мен шахтерлер Парламент Мәжі­лісіне кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді, сон­дай-ақ осы істе Президент Нұрсұлтан Назарбаевты тұтастай қол­дап отыр. Көбісі «осы шараны қазір өткізу қажет пе?» деп сұ­рауы мүмкін. Бұл сайлау қиын кезеңде елдің экономикалық қуатын сақтай отырып, оны арт­тыруға мүмкіндік беретін шара­лар кешенін дер кезінде қабыл­дау үшін қажет», деп атап өтті Н.Радостовец. Осы орайда қауым­дастық өкілі биыл жүзеге асы­руға белгіленген реформалар мен заңдарды қабылдайтын сарап­шы­лардың жаңаруын қажет ететіндігін алға тартты. «Парламентке ахуалды дұрыс түсі­ніп отырған адамдардың келуі үшін кемелділік пен саналы­лық танытамыз деп үміттене­мін. Депутаттардың арасынан кәсіп­керлерді көбірек көргім келеді. Себебі, олар қазіргі өнеркә­сіп­тік қатынастардың барлық проб­ле­маларын өздерінің басынан өткергеннен кейін, осы мәселе­лердің тыңғылықты біледі», деп түйді Н.Радостовец. Бұдан ар­ғы сөзінде ол демпингке қарсы санк­цияның доғарылуына байланыс­ты Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінен отандық тау-кен металлургиялық компаниялары ұтатынын мәлімдеді. «Тау-кен металлургиялық компаниялар қазірден бастап ДСҰ-дан пайда көретіні анық. Қазіргі кезде ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстанға қатаң талаптарды қоюға және осының нәтижесінде нарықтарға тосқауыл жасауға құқылары жоқ. Алайда біз ДСҰ-да тек металды, мұнайды саудалаумен қатар, жоғары өңдеуден өткен өнімді, қайта өңдеу өнеркәсібі тауарларын нарыққа тиімді шығаруды да зерделеуіміз қажет», деді тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры. Сонымен қатар Н.Радос­то­вецтің пайымынша, ДСҰ-ға қо­сылуға байланысты Қазақстанда бір­қатар мәселе болады. «Экс­порт­таушыларда да көп сұрақ­тар туындайды. Яғни, бұл тұр­ғы­да «Сауданы қалай жүргі­зе­міз?», «Осы жаңа ережелер бойынша табыс алу үшін өз орнымызды қалай табамыз?» деген секілді сауалдар болады», деп түсіндірді ол. Баспасөз мәслихатына қатыс­қан «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов та жаңа Парламент Қазақстан экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік береді деп санайды. «Kazenergy» қауымдастығы Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Президент Жар­лығын қолдайды. Бұл шешім қазіргі күрделі жағдайда уақы­тында қабылданып отыр деп ойлаймыз. Парламенттің алдыңғы шақырылымы үлкен жұмыс атқарды. Нақтырақ айтсақ, «100 нақты қадам» реформалары аясында 80-нен астам заң қабылданды. Сондай-ақ, біз инвестициялық жағдайды жақсарту саласында үлкен резервтер көріп отырмыз. Қазір Экологиялық кодекске өзгерістер әзірленді. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда Жер қойнауы туралы кодекс жобасы дайындалды. Біз ол биыл қабылданады деген ниеттеміз. Біріктірілген салық және кедендік төлемдер туралы кодекс талқыланып жатыр», деді Ә.Мағауов. Оның айтуынша, Парламенттің жаңаруы, оған жаңа идеялардың, креативті депутаттардың келуі – заңнамалармен мұқият жұмыс істеп, жер қойнауы саласында инвестициялық жағдайды жақсарту үшін қажетті базаны жасауға мүмкіндік береді. «Біз тиімді Парламент – ин­вес­тициялық жағдайды жақсар­ту үшін тиімді заңнаманы дайын­даудың басты факторы деп санаймыз. Қазір әлемдік энергетикалық нарықта бағалардың төмендеуіне ықпал етіп отырған себептер көп. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласына да әсер етіп отыр. Сондықтан, біз жер қойнауын реттеу саласында жедел шаралар қабылдау керек деп ойлаймыз. Мен баршамызға, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік қыз­мет­терге жаңа Парламентпен бірі­гіп, күрделі жұмысқа дайындалуымыз керек деп есептеймін», деді Ә.Мағауов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».