АСТАНА. 26 қаңтар. Астанада гид-экскурс жүргізуші мамандарды «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасына енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Елордалық гидтерге қала серіктесі мәртебесін беру бағдарламасының негізгі мақсаты шынайы ақпаратты ұсыну қызметінің сапасын арттыру болып табылады. Бағдарламаны іске асыру шетелдік қонақтарға Астана мен Қазақстан туралы барлық қажетті ақпаратты халықаралық стандарттар талаптарына сай экскурсия жүргізушілерден алуға мүмкіндік береді.
«Серіктестік мәртебесі Астана қаласының кепілі және гидтің барынша сапалы қызмет көрсетуінің белгісі. Біз бағдарлама аясында барлық қойылған талаптарға сай келетін гидтердің бірыңғай тізімін жасаймыз. Олар дұрыс әрі шынайы ақпарат ұсынатын болады, шет тілдерін жақсы меңгереді және тағы басқа да артықшылықтары болады», – дейді «Астана Конвенш Бюро» өкілі Айнұр Жанабілова.
Талқылаудың қорытындысы бойынша жұмыс тобына қатысушылар – «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасын ұйымдастырушылар, туризм саласының, елорданың білім және мәдениет мекемелерінің өкілдері – гид-экскурсия жүргізушілерді бағалау бойынша тиісті талаптар әзірледі. Бұл ұсыныстарды «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасының комиссиясы қарайды. Бағдарламаға қатысқысы келгендер өтінімді жеке және ұйымның атынан ұсына алады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: astana.gov.kz.