КӨКШЕТАУ. 28 қаңтар. «Барыңмен бөліс!» акциясын Ақмола облысы іскер әйелдер ассоциациясы да қолдап әкетті. Бұл туралы ассоциация баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлайды.
Осыған арналған алғашқы шара Ерейментау қаласындағы балалар шығармашылық үйінде өтті. Онда ассоциация шақыруына үн қосқан әйелдер жиналды. Ал акцияның басты мақсаты әлеуметтік жағынан аз қорғалған және көп балалы отбасыларын назарға алып, оларға қолдан келгенінше көмек көрсетуге арналды. Шараның тағы бір мүддесі Ерейментау ауданындағы әр қилы жастардағы, алуан түрлі бастама мен белсенділіктерге ие іскер әйелдердің басын біріктіру болды.
Жиында осы жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярова айтып берді. Ол өз сөзінде облыстық іскер әйелдер ассоциациясының бұл шараны Ерейментау ауданынан бастап отырғанында мән бар екеніне де тоқталды. Ал қала ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Артамонова қайырымдылық акциясын қолдап, оның ізгі қадамдарына табыс тіледі. Шараға қатысушы Хава Сигаури ауданда талантты жастар мен ересектердің көп екенін, өзінің солардың бақтары жанып кетулеріне көмектесетінін тілге тиек етті. Зейнеткер Валентина Трапезникова қайырымдылық қадамдарының қайта оралып жатқанына қуаныш білдірді. Өз кезегінде аудандық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Раушан Нұрғазинова мұқтаж отбасыларына көмек қолдарын созғалы отырған барша жерлестеріне алғыс сезімін жеткізді.
Бақберген Амалбек.
Дерек, фото: Ақмола облыстық іскер әйелдер ассоциациясы.