• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Ой мен сезім сәулеткері

710 рет
көрсетілді

Сәбит Оразбаев Ә.Мәм­бетовтің «Қан мен тер» спектаклінде Сүйеу қартты ойнағаннан кейін танымалдығы бұрын­ғыдан да арта түсті. Әзелден, Тургенев заманынан бері әдебиетте «әкелер мен балалар» тақырыбы назардан түскен емес. Еламанның «баламды қалада оқытамын» дегеніне, «ал, оқыт, тар шалбар кисін, түрегеп тұрып сисін, саған бұл иман бере ме?» дейтін Сүйеудің сілкінісін Сәбең жеткізгенде дүр сілкінбеуші ме едік. Небәрі бірді-екілі көріністе ғана көрінетін Сүйеудің образы қазақ театр өнері тарихында мәңгілікке ұмытылмастай болып қалған жоқ па? Нешеме жылдар өтсе де Сүйеу қарт бейнесі неге біздің жадымызда жаңғырып жүреді? Неге біз қазақтың томырықтай ғана осы бір шалының бойындағы тектілікті сағынамыз? Бәлкім, осындай бейнелерді және оны жеріне жеткізіп сомдайтын драма артистерінің қазір саусақпен санарлық, не болмаса жоқтың қасы екен­дігінен болар. Сәбеңмен сыр­лас­қан бір сәттерде қабағын аздап кірбің шалып отырып былай дегені бар еді. «Образ жасау процесі өте күрделі екенін қазір қаперге алмайтын болдық. Қазіргілер деп айтсам, ренжи қоймас, күйінгеннен соң айтасың ғой. Ойпыр-ай, еш ойламайды, сөзін жаттап алып сахнаға ырғып шыға береді. Оның себебі неде? Себебі, сахна тілін оқыту нашар. Ең қиын нәрсе, өзің бір образға еніп, ой мен сезімнің теңізін кешпей, балаға ештеңе айта алмайсың ғой. Ең алдымен, сахнада өзіңді көрсет, өмір алып кел сахнаға. Өнер дегенің өмір ғой. Өзіңді емес, өмірді ойна. Сенің талантың сонда, өзгені өзегің өртеніп ойнау арқылы ашылады. Сахна тіліне сонда тіл бітеді». «Осы рөлді әу баста Елағаң (Е.Өмірзақов) ойнауы керек еді. Ол кісі науқастанып қалды да, маған тапсырылды. Содан үлкен ойға түстім. Ауылдың шалдарын көз алдыма келтіремін. «Көк базарға барып насыбайшы шалдарға қараймын. Жалпы, Сүйеу – алмас секілді қыры көп рөл ғой. Оның сөзі қысқа болғанмен де, сол сөзде үлкен әрекет бар еді» дейді Сәбең сол күндерді еске алып. Шынында, Сүйеу қарттың жұрт жадына бірден ұялап қалуы­ның сыры, әркім одан өз атасының, әкесінің бейнесін, мінезін көрді. Ойымызды өрістетіп айтар болсақ, ұлт­тың мінезін көрді. Тіпті, көрер­мен ұлттың мәрт міне­зін са­ғынғанда театрға, Сүйеу қарт­қа асығатын жағдайға жетті. Қазақ­тың шалдарының қыңыр міне­зінде де үлкен мағына, тәрбие көзі жататындығын ашты актер. Қыс­қасы, өзі сахнаға үш-ақ мәрте шығатын Сүйеу қарт шамамен 50 жылда бір туатын, ұлттың текті қалпын бойына жиған жиынтық бейне еді. С.Оразбаев осы образды 38 жасында бейнеледі. Жігіттіктің ауылынан әлі де ұзай қоймаған актер оны өте нанымды шығарды. Оны осы рөл көп есейтті. Шын түйсінгенге – өмірде де, өнерде де күрес көп. Осы күрестердің бәрін көркемдік үстінде ашып, жұртшылықтың жадында қалу деген болады. Ал, актер Оразбаев сол күресті дарынының қос қанатындай жүректің нұрымен, сезімнің күшімен ашады. Ол бар болмысымен ақтарылып, образға енеді. Көрерменге толайым беріледі. Барым да, жаным да сенікі дейді. Сол әсерден айыға алмай өмірін өткізе береді. Сахнаға жәй келіп, тұла бойы ештеңені сезбей түрегеп тұрып, тақпақ айтып кетпейді. Жүректерді жұлқып, сезімдерді селдетіп кетеді. Ол үнсіз тұрып-ақ көп нәрсені ұғындырып кетеді. Өйткені, шын актердің жүрек тілі, ішкі сезім тілі, сол ішкі дүниенің бәрінің айнасы көзі көреген, көңілі жүйрік болмай табысқа жете алмайды. Ол образға оранған сәт әркімнің есінде осылай қалады. Актердің басын бұлғақтатып, қолын ербеңдетуіне дейін өзін өзгеден өзгешелеп, ерекшелеп тұратын, сәтті табылған тәсіл. Әрине, мұндай шағын толғаныста оның актерлік әлемін ашу қиын. Ол бір өзі бір ғылыми конференциялардың арқауына айналатын актер. Әрине, шебердің аты – шебер. Әуелде Арыстан, Сұлтан (Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев. «Беу, қыздар-ай!») секілді күлдіргі кейіпкерлермен жолы ашылған ол күрделі образдарды жасаудың да шебері. Қазақ сахнасында тұңғыш рет Достоевскийдің («Даладағы тұтқын») образын жасаған да Сәбең. Бұл туындының сахнада ұзақ жүрмеуінің өзіндік себептері бар болар. Ал Сәбит Оразбаевтың психологиялық иірімдері қырық қабат ұлы суреткер бейнесін сомдауы өз деңгейінде қалғаны хақ. Сондай күрделі образдың бірі де бірегейі Сүйеу қарт болды ғой. Кейде маған Сәбеңнің оған дейін де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген бұрынғы бейнелері осы Сүйеу қартқа барар жолдағы жат­тығу тәрізді көрінеді. Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік жасаған жылдары әкемтеатрдың қойылымдары Мәскеу сыншыларының тарапынан да үлкен қолдауға ие болып, тіпті, мүйізі қарағайдай режиссерлердің жақсы мағына­сындағы қызғанышын да туғызып жататын. Мәселен, А.Чеховтың «Ваня ағайы», әсіресе, ондағы Ә.Молдабековтің ойыны талай мықтылардың түсіне кірген деседі. Сол секілді «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт та сол күйді бастан кешті. Соның бір мысалы, орыс театрының тұлғалы теоретиктерінің бірі Николай Абалкин Мәскеуге сапары кезінде Сүйеуді ойнаған актерге қойылымнан соң арнайы ілтипат білдірмекші болып, оны аға буын артистер ішінен іздегені бар дейді. Алайда, Сүйеу – Сәбит Оразбаевтың әлі де қырыққа жете қоймаған жігіт екенін білген соң, таңданбасқа шарасы қалмаған. Сүйеу қартқа қатысты мұндай деңгейдегі таңғалу мен тамсану ол кезде аз болмаған. Тіпті, спектакльден соң Сәбеңнің өз-өзіне келе алмай, образдан шыға алмай жүретін сәттері көп болған. Жылау мен күлу, күлу мен жылау. С.Оразбаев осы бір егіз стихия­мен тыныстап, оны өте шынайы меңгерген шебер. Осы стихиямен-ақ көрермендердің күрескерлік рухын оятып кетеді. Ол бүгінге дейін осы үрдісті жалғастырып келеді. Шын жүйрік шапқан сайын түледі. Өзге қырынан ашыла берді. Әуелде «Ана – Жер-Анадағы» қойшыдан, Дүрбіт, Сұлтан, Арыстан секілді образдардан бастап, шеберлігін шыңдаған ол содан бері шоқтығы биік, ел есінде қалатын қаншама образдар сомдады. А.Сүлейменовтің «Төрт тақта – жайнамазындағы» – Шал, Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» – Айторы, Б. Мұқаидың «Өмірзаясындағы» – Ес қария рөлдерімен өзін де, өзгені де өсірді. Осы образдардың қайсыбірі болсын ұдайы іргелі, іңкәр ізденістерден, жанкешті тірліктен тұратын театр өміріне жаңаша леп қосты, тыныс әкелді. Сәбең «Төрт тақта – жайнамаздағы» Шал бейнесін соншалықты сағынып ойнаған секілді. Өйткені, ол кешегі Сүйеу қарттың рухани жалғасы іспетті. Осы бір екі бейне арасында заңды сабақтастық бар еді. Оны көріп отырып кешегі тұлпар текті Асқарды да сағынасың. Әрине, сағындыратын да Сәбеңнің суреткерлік тегеурін-қуаты. Ал, Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» повесі негізінде жазылған аталмыш драмадағы Айторы бейнесі де актердің сәтті жұмысы. Адамның ішкі сезім дүниесін қозғайтын психологиялық бейнені жеткізуде актер алысқа кетті. Ал, Ес қария болса күні кешегі күндей күркіреп өткен Желтоқсан оқиғасының адам тілімен айтып жеткізе алмайтын қасіретінің құрбаны. Іштен шыққан перзентінің өз әкесін сатқан айуандық әрекетін жүрегімен көтере білген бейне актер­дің сомдауында соншалықты аянышты, соншалықты сәтті. Бұл образ Сәбең суреткерлігінің тағы бір соны қырын ашты. Өнерде өзгеше болу дарынның ісі. Басқа-басқа, өнерде озық болып, оза шабу қиынның қиыны. Сәбеңнің алдындағы «самородок – сары алтын ағалары», өз буыны да сондай болды. Талантты адам қай жағынан да талантты және көп қырлы болып келеді. Біздің Сәбең ауызекі әңгіменің де шебері. Жазушылардың ішінде ауызша әңгімеге шебердің (сөзін түземей-ақ баса беруге болады) бірі біз білгенде Ақселеу Сейдімбек еді, ал актерлердің ішінде біздің білетініміз – осы Сәбең. Біз емес, бәрі біледі. Олай дейтініміз, бұдан бұрын да ауызша әңгімелерімен тамсандырып, бір кітап шығарып үлгерген Сәбең 2-3 жыл бойына «Алматы ақшамының» сенбілік нөмірінде үзбей жарияланды. Біз де ырза, оқырман да ырза. Редакцияның телефонына да тыным жоқ. Содан бұл әңгімелер «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар» деген атпен қос том болып шықты. Бұл бір сәтті жоба болды. Әуелде осы жобаға кірісерде Сәбеңнің аздап жүрексінгені бар еді. «Қадірлі Сәбе, бұл әңгімелерді қазір Асанәлі Әшімұлы екеуіңіз айтпасаңыз, ертең басқалар өтірік айтады. Сонда кейінгі ұрпақ бетімізге түкірмей ме?» деп өзімізше қайраған болдық. Сәбең «Неге өтірік айтады?» дейді. «Солай, ұялғаннан өтірік айтады» дейміз. Айтқандай, біраз уақыт өткен соң «Алматы ақшамына» Сәбеңдер қатарлы бір актрисамен сұхбат жария­ланып, кей тұста апамыз бөсіңкіреп кетіпті. Сәбең әлгі кісіге қарадай ашуланып, «Ойпыр-ай, сендердің айтқандарыңа енді көзім жетті, мыналардың біз тірі тұрғандағы әңгімесі мынау, көзіміз кеткен соң не айтпайды?» деп бұлқан-талқан болсын. Сөйтіп, әуелде бастауы қиын болған әңгіменің бұдан соң тастауы қиын болып, ел іздеп оқитын екі кітап жарық көрді. Бұл оқырман үшін үлкен олжа болды. Оқырмандарымыз әлі күнге дейін сол әңгімелердің жалғасын күтіп отыр. Әңгімені кім айтады? Әңгімені оқыған, тоқығаны, көргені көп адам айтады. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді қазекем. Сәбеңе көп жасай бер дейміз, ал енді көпті көргені рас. Әлгі қалың екі кітап соның бір елу пайызына да жетер-жетпесі болса керек. Айттық қой, таланттың аты талант. Сәбең – фотоөнердің де хас шебері. Ертеректе бір балқардан аттай қалап сатып алған «ФЭД» фотоаппаратынан басталған бұл кәсіп оған алданыштан гөрі, өмірінің бір алтын арқауына айналды. Бүгінгі әкемтеатр мұражайындағы сарғайған суреттерде Сәбеңнің шебер қолтаңбасы жатыр. Бұл өнерді әлі де кенжелеп тұрған кезде қолға алды Сәбең. Қазір соның тек бір өзіне емес, бүкіл ұлтқа пайдасы тиіп отыр. Себебі, кешегі өмірден ерте кеткен асылдарымыздың талайының сағынышқа айналған бейнесі сақталып қалды. Кейде қалжыңы жоқ адамды аяйтын халде жүресің. Ал енді Сәбеңмен сөйлесе қалсаң, міндетті түрде бір әзіл әңгіме естисің. Басқасын былай қойғанда, Елбасының өзінің де Сәбеңмен ұшыраса қалғанда әзілге ерік бергеніне куә болғанымыз бар еді. Сол әзіл дегеннен шығады, көп қырлы Сәбеңнің киімді өзі пішіп, тігіп ала беретін де өнері бар. Ертеректе, жастау кезінде түрлі-түсті, өте сәнді костюм киіп жүреді. Соған қатты қызыққан Бекен Имақаев деген досы «Тек маған ғана айтшы, қай жерде сатылып жатыр» деп сұрайды. Кейіннен оны Сәбеңнің өзі тігіп киіп алғанын біледі. Содан «Маған да тігіп берші» деп өтінеді. «Жоқ, екеу болса қызық болмайды» дейді бұл. Ақыр соңында соған ұқсас бір костюмді сатып әперіп құтылады. Бұл, әрине, Сәбең айтатын әзілдердің бір ұшқыны ғана. Театр артистері арасында болатын әзілдердің өзі де сахнаның сыртындағы спектакль тәрізді ғой. Өнердің де, өнерпаздың да, керек болса елдің де өмірін ұзартатын осы әзіл. Әрине, орнымен айтыла білсе. Сәбең қазіргі күні кешегі қалжыңдарды сағынады. Қайран Әнуар, Есболған, Райымбек... Олар бардағы әзілдің орны мүлдем бөлек екен. Олай дейтініміз, Сәбеңнің өзі айтқандай, қазір біреумен қалжыңдасу үшін, әуелі тамырын басып, жұмсартып айтпасаң, сені сотқа беруі мүмкін дейді. Расында солай. Демек, кейде қалжыңға да қауіп төніп тұрады. Сағына білу шын өнерпазға ғана тән. Өткенге деген сағыныш кейде өзегіңді өртеп жіберетін жағдайға дейін жеткізеді. Себебі, тұнығың лайланып, кешегі алтын қайнарлар мен бастауларың сарқылып, саф өнер, текті өнердің өрісі тарылып бара жатқаны алаңдатады. Сол асылымыздың бірі ән еді. Қазір теледидарды ашып қалсаңыз, радионы басып қалсаңыз, қаптаған әншіге кезігесіз десек, жаңалық ашып отырған жоқпыз. Қаптаған топтар. Шамасы 40 шақты болар. Соны егер іріктер болса, әрі кеткенде бір төрт-бесеуі ғана жобаға келер. Суреткер Сәбеңді сол ән-сымақтардың есте қалмайтын әуендері ойландырады. Әсерсіз, есер ән-сымақтардың эфирге қалай шығып кететініне таң. Көбіне жылмаң, бұлғаң биге шақырып тұрады. Шоу-бизнесің таза у-шу бизнеске айналды. Солардың көбісі өмірден өз орнын таппай жүргендер. Шіркін, қазақтың небір биік, асқақ, әдемі сұлу қыздары мен көркем жігіттерін көргенде, осылардың ішінде небір ғалым, инженер, математиктер жүр-ау деген ой маза бермейді Сәбеңе. «Бәрі де күнкөрістің оңай жолына түскен. Бәрін техника атқарады, тек селтеңде де секіре бер. Тіпті, өзі әнші, өзі композитор, өзі ақын. Әй, бұлардың кеудесін ән тесіп бара жатса, неге Абайды, неге Мағжанды, неге Қасымды оқымайды? Құдай-ау, дені сау сөз керек болса, соларда бәрі бар ғой. Абайдың кез келген өлеңі әуез тілеп тұрады ғой», – деп күйінеді тағы суреткер Сәбең. Әнді жеріне жеткізіп айтатын, ән де шығаратын Сәбеңнің бұлай тау­сылып сөйлеуге де толық хақысы бар. Ән болғанда қандай! Әлгі көп шуылдақтың біреуі сондай ән шығарсыншы, жерден жеті қоян тапқандай, төбеңізді ояр еді. Жоқ, Сәбең оны тумысы «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарыл­ғапберді) өнерпаз елге тән, қара­пайым қалып деп қабылдады. «Тоқ­та ботам, атаң келеді артың­да!», «Бүгін менің туған күнім...», ­«Сүрініп кетпе» тәрізді Мұқағали­дың сөзіне жазылған әндері ел жүрегіне ұялап қалғалы қай заман! 1982 жылы Ташкент жақта бір ақсақалдың аузынан жазып алған «Төле бидің толғауына» да өз жанынан ғажап мақам қосып, елдің туындысына айналдырып жіберді. Күні кешегі телетеатр «Қымыз­хананы» жұрт неге сағынады? Сәбит Оразбайдың термешілігі, әншілігі осы «Қымызханада» мүл­дем бөлекше қырынан көрінді. Халқымыздың жадынан өше бас­та­ған, тек жергілікті жерлер­де ғана жылт етіп көрінетін осы бір ал­тын бастау – дәстүрлі өне­рі­міз­ді сол жылдарда қайта жаң­ғыр­тып, үйіріне қосқанның біре­гейі де Сәбең еді. Сол жылдарда Жамбылдың «Өтеген» дас­та­нын радиоға жаздырды. Жамбыл жәкемнің Сүйінбайдан алған батасын Сәбеңдей айтатын адам сирек. Қысқасы, небір қисса, дастандарды талмай айтып, актерлік өнердің бір қанатына айналдырғаны және осы қасиеттің осы буын өкілдеріне көбірек тән болып, кейінгілерге дарығаны да – айтып болмайтын шындық. Талант қашанда талант. Ол қай кезде де, қай жасында да өзі­н­ің жүйрік қалпын байқатпай қалмайды. Ақиқат-Әбіш, аңыз-Әбіштің «Біржан сал» көркем фильміне жазған толғанысындағы мына сөзіне үңіліңізші. «Жер түбінен келе жатқан бейсауат жолаушы көрінді. Асықпай аяңмен келеді екен. Кәрі би екен. Ұсталып қалған хабаршысының соңынан келеді. Жаппай құрақ ұша қарсы алды. Дәулет Жанбай қайтып орағытса да кәрі би міз бақпады. Ақырында сөзден жеңіп, тұтқынын босатып әкетті. Бұл Қазақ жұртындағы билік өнерінің шоқтығын асырған әйгілі сахна еді. Халық әртісі Сәбит Оразбаев халық ынтымағының діңгегі кәрі бидің рөлін майын тамызып орындады. Не қимылынан, не сөзінен селкем-шалыс ештеңе байқалмады. Бәрі де алтын табаққа құйылған сары балдай аса дәмді шықты». Сәбеңнің ойынында бірде-бір фальш жоғын Әбекеңнен артық аңғару мүмкін де емес шығар. Рухың шат болғыр, классиктің аты классик қой, айтпайды, айтқан күнде оған түзету енгізбек түгілі, түсінік берудің өзі де артық. Сол «кәрі би» бүгінде театрдың төбе биі болып отырған жоқ па!? «Француз қаламгерлері арасында күні бүгінге дейін бір-біріне, тіпті, телефонмен сағаттап роман оқитын әдет әлі жоғалмапты» деуші еді жатқан жерің жәннат болғыр Таласбек Әсемқұлов. Ал біздің қоғамда бір-бірімізді оқымайтын, оқыған күнде де үнсіз қалатын бір дерт бар екені рас қой. Бұл екі кісі де мұндай кеселден аман. Оқып қана қоймайды, ойын ашық, бүкпесіз айтады. Ойыңа ой, пікіріңе пікір қосады, кісіні қанаттандырып жібереді. Пенде ғой, егер бұл кісілердің бойында кемшіліктер болса соны жүйелі түрдегі оқумен, ілім-біліммен жойып келе жатқан жандар. Шетінен шебер бұл буынның біз әңгіме етіп отырған екі өкілінің осы жасқа келіп, сүйікті болуы екінің бірінің маңдайына жазыл­маған. Осының бәрі – өмірге, өнерге, айналасына адалдықтың, тазалықтың арқасында келген абырой. «Абырой Алланың қа­сында» дейді. Сол армандай алыс, асқақ абыройды Алла бұл екеуіне үйіп-төгіп берді. Ең бас­тысы, соны ұстап тұру да – шын таланттың қолынан келетін тірлік. Асекеңнің өзі айтпақшы, «Біреулерге атақ берген, біреуге соны ұстап тұратын абырой бермеген». Бұл екеуіне берген. Рухани мұратқа адалдықтың, елге қызмет етудің нәзира үлгісі осындай болады. Екеуін қатар көрген сайын ұлт абыройы қол ұстасып келе жатқандай күй кешесің. Бір-бірінің бағасын білу, өзгенің де бақытын бағалау, аялау деген осы. Осы бір асыл туған тектілік өнердегі қай буын өкілдеріне де жұғысты болса екен дейсің. Осының бәрі қайдан басталды? «Бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар. Бұлар – адал сүт емгендер. Осынау ұлы достықтың басында «қайран біздің арды ойлаған шешелер» тұр. Сәбеңнің, Асағаңның шешелерінен қалған қасиет бұл. Міне, сол алтын үзікті үзіп алмай бүгінге жалғап келе жатқан жампоздардың асыл қасиетін жаза алсақ, жеткізе алсақ, қанеки? Ал енді бар ғой, бұл тақырыпқа бір кірсеңіз, тек нұрланасыз да отырасыз, оның шет-шегі көрініп бітпейді, ерке желдей есіп отырып жазуға болады». Осыдан біраз уақыт бұрын өнеріміздің қос абызы туралы аға басылымда осылай бүкпесіз сөйлеппіз. Әкемтеатрға лек-легі­мен келген кешегі, бүгінгі толқын­ның қай-қайсысының да өз ерек­шелігі, қолтаңбасы бар, әрине. Ал, кешегі қасиетті қара шалдарды бы­лай қойғанда, осы толқынды айрық­ша жақсы көруіміздің сыры да түсі­нікті болса керек. Шетінен бір биік, бағлан, бекзат өнерпаздар көз ал­дыңа келе қалады. Бұлардың артық­шылығының бірі – көп оқы­ған екен. Жасы сәл үлкендеу Н.Жантөрин биік интеллектуал бол­ған. Тіпті, оның орысшасын ев­рей­дің өзі (әйелі еврей бол­ған­нан емес) түзете алма­ған дейді. «Мұрнына дейін күлетін әртіс» (Р.Нұрғали). Есболған Жайсаңбаевтың да көп оқығанынан, қаламгерлігінен хабар­дар­мыз. Асанәлі Әшімұлы­ның Н.Жантөринмен, Қ.Мұхамеджанов­пен, Ш.Уәлихановпен сөз қағыс­ты­рып, өлеңмен жауап қайтаруы, Рахметбай Телеубаевтың табан астынан тауып айтатын, таңғалдыратыны осы ойымыздың ақсамас айғағы. 70-80-ші жылдар театрдың алтын дәуірі атануы да осылардың айрықша талантымен қоса білімі мен мінезінің арқасында жеткен биік. Бүгінгі актерлердің оқу дең­гейіне арнайы зерттеу жүргізіп барып айтқан дұрыс болар. Ал орыс, Ресей театрларын­да бұл қалыптасқан дәстүр. Әрине, Шекспирді, Чеховты оқымаған­дары кем де кем болар, одан бас­қа­сы да жетіп артылады ғой. Әңгі­ме­нің сәтіне қарай орыстың ұлы актері Г.Вицин еске түсіп отыр. Кітапханасында 80 мың кітабы болған актер көгершін бағумен айналысты. Одан кейінгі хоббиі кітап жинау болған. Ел ішіне сапарға шыққанда міндетті түрде сол жердің кітапханасына, не кітап дүкеніне соқпай кетпейді екен. Маскүнемдердің рөлін өзінен асырып орындайтын ол ешқашан ішімдік ішпеген. Осы ұлы актер бойындағы қасиеттер Сәбеңнің бойында да артығымен бар. Мұны неге айтып отырмыз? Сондай кітапқұмар, ойпаз, үздіксіз оқитын білім иесінің бірі де бірегейі Сәбит Оразбаев. Француз қаламгерлері телефонмен сағаттап сөйлессе, сөйлескен шығар, ал біздің Сәбең телефон шалғандағы әңгімесінің кей сәттегі уақыты кемі 30-40 минуттан шаң беріп қалады. Оның телефондағы әңгімесінің өзі бұл пақырыңызға аптаға азық. Ал кездесе қалғандағы әңгімесі айға, бәлкім, жылдарға азық. Рухани азықты айтып отырмыз, әрине. Ондайда тілде тиек жоқ, ұлт құндылықтары, рухани дағдарыс, тақырып дегеніңіз тұс-тұстан жамырайды. Осының бәрі уақытқа ілесіп отырып оқудың арқасы. Бір мақала, эссе жөнінде пікір білдірудің соңы үлкен мәселелерге ұласып кетеді. Қысқасы, осы үздік үрдістің бүгінде жалғасын таппауы театр өміріне рухани дағдарыс алып келу қаупіне келіп тіреледі. Сәбеңнің сомдаған бейнелері, өнерпаздың болмыс-бітімі қай кезде де жазылды ғой. Бұл жолғы жазбада актердің көзқарастарына, пікіріне көбірек ден қойып, ой тоғыстырып жазуымыздың мәні де түсінікті болса керек. Сол ойдың бір жосығы былай: «Орыс тілін жақсы білгің келсе, Петровский театрына бар» деген екен Белинский. Мені әлі де болса алаңдататыны – театрдың тілі, артистеріміздің сахнадағы сөз қолданысы, сөйлеу мәнері. Қазақтың бағзыдан бүгінге жеткен шешендік өнерінің дамымай отырғаны. Бұл өнердің актер бойындағы қажеттілігіне сөз жоқ қой. Ал енді бар ғой, осы шешендік мектебі бізде тоқтап қалған тәрізді. Оны байқайтыным, қаншама білімді, сауатты жастарымыз бар, солар өзінің ойын өз ана тілінде жеткізе алмайды. Орысшаға келгенде сұңқылдап кетеді. Бұл қалай? Ал, ертең осылар қа­лай мекеме басқарады, ел басқа­рады? Көптің алдында қалай сөй­лейді? Осыны ойлап жатқан пенде баласы бар ма?». Сәбеңнің ойлары осылай ордалы болып келеді. Сірә, бұл өзі бір ғылыми конференцияның тақырыбы болар. Алайда, осы ше­шендік өнерінің біздің кейіп­керімізге тікелей қатысы бар. Қазақ тілінің аса бай, шешен екендігінің бір дәлелі, тіпті, кейбір сөздердің бойында айтылған кезде бір әуен, әуез бары астарына үңілген адамға аңғарылып тұрады. Қай кезде де байқап жүргеніміздей, Сәбең жай сөйлегеннің өзінде маған әндетіп отырғандай көрінеді. Сәбең сөйлегенде күнделікті естіп жүрген жай сөзіңнің өзіне жан бітіп, әндетіп тұрғандай сезіледі. Қай кезден де болсын актерлігінің бір қанаты – ән, бір қанаты – сөз болған өнерпаздың өзгеден өзгеше бұл қасиеті де зерттеушісі табылса, театртанушылардың түрен сала­тын тақырыбы болуы ке­рек. Бұл жағдайға король Лир­дің монологын тыңдағанда екі есе көз жеткіземіз. Бір заманда Бал­тық жағалауы елдерінің өнер зерт­теушілері Литваның атақты композитор, суретшісі Чюрленистің шығар­машылығындағы құпияның кілтін таба алмай сенделгені бар. Бір­де-бір қарапайым ғана көрермен оның суреттерінен музыканың үнін естігенін жазады. Содан кейін барып суретші шығармашылығындағы осы ерекшелікке зерттеушілердің назары құлаған. Демек, Сәбең сөйлегенде сөзде де саз болатынына таңғалмаңыз. Осы ой биігінен қарағанда біздің Сәбең суреткер деген қалыптасқан ұғымнан гөрі, сәулеткерге көбірек ұқсайды. Тіл ұшына сөзді сұлу сазға айналдырған саңлақ, ой мен сезімнің сәулеткері деген бейнелі, тартымды тіркестің орала беретіні де содан болар, бәлкім!? Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ.