• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Көрме

666 рет
көрсетілді

еркін елдің кемел тұлғаларын таныстырады Өскемендегі А.Пушкин атын­дағы облыстық кітапханада «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты бірегей көрме ашылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шараға жас мемлекеттік қызметшілер, Қ.Нұр­ғалиев атындағы колледж студенттері мен №4 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қа­тысты. Көрме тұсаукесерінде еліміздің ұлт болып қалыптасу, мемлекет ретінде даму сынды тарихи үдерістерінде орасан орны бар тұлғалардың тұтас галерея­сы таныстырылды. Олардың ғибратты ғұмыры мен мемлекеттік маңызы бар еңбектерінен сыр шертетін кітаптар мен ғылыми жинақтар, сондай-ақ жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан портреттері жұртшылық назарына ұсынылды. Атап айт­қанда, көрмеден Абылай ханнан Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі саяси тұлғалар, Қаракерей Қа­бан­байдан генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлына дейінгі батырлар, Шоқан Уәли­хановтан Қаныш Сәтбаевқа дейінгі ғалымдар, Абайдан Ол­­жас Сүлейменовке дейінгі ақын­­дар, Дина Нұрпейісовадан Би­бігүл Төлегеноваға дейінгі қа­зақтың әйгілі әйелдері, күш атасы Қажымұқаннан Олимпиада чемпиондарына дейінгі даңқты спортшылар сияқты тұлғалар туралы толық мәлімет алуға болады. Тұсаукесерде кітапхана қыз­меткерлері Тәуелсіздік тари­­хындағы тұлғалар туралы толғамдық дәрістерімен бірге қа­тысушылар арасында түрлі вик­то­риналық ойындар мен сауалдар ұйымдастырып, қызықты де­­ректерге кенелтті. Сонымен бір­­ге, Өскемен Теңге сарайының ме­­рейтойлық монеталары да тәу­ел­­­сіз тарихымыздың атаулы күн­дерін айшықтай түсті. Аталған көр­ме жыл бойы қызмет көрсетіп қана қоймай, өңір мектептері мен мекемелерінде көшпелі көрмелер өткізбек. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, Тәуелсіздігіміздің тамырлы тарихымен жетік таныс бо­лу азаматтардың отаншылдық се­зімін одан әрі жандандыра түседі. – Тарих – әлеуметтік-эконо­микалық формация, атаулы күндер мен оқиғалар ғана емес, ұлы істерді кешегі және бүгінгі таңда іске асырып отырған нақтылы адамдардың, билеушілер мен қолбасшылардың өмірі. Көрмеге қойылған кітаптардың көпшілігі Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде шығарылған. «Та­рихты ұлы адамдар жасайды» десек, ғасырлар куәсіне айналған еліміздің тарихы айтулы тұлғалар ғұмырнамасымен тығыз байланыс­ты. Осы кітап көрмесі жастарға ел тарихы туралы білімдерін жүйелеп, келешек ұрпақтың мемлекет тарихына қосар үлесін байып­тап ойлануына және өзінің өмірлік жолын таңдауына көмек береді деп сенеміз, – деді кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.