• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2016

Даналық дариясы

474 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Жыршылық өнер» кафедрасы студенттерінің қатысуымен «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті. Бұл шара «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музы­калық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәс­түрлі музыкалық мұра» атты ба­ғдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мамандар жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс, Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан бастау алатынын алға тартады. Өйткені, мұндағы сөз тіркестері, мадақтар жыраулық мектептің бірнеше ғасырлық шежіресін мінсіз айғақтайды. Мұнан кейінгі кезеңдерде өткен Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың жауһарлары көш ізін үзбей жалғастырады. Бір ғажабы, жыраулар сөзінің құдіреті биік рухқа, қайрат-жігер мен ғаламат күшке ие. Оларды кісі жай тыңдап қоя салмайды. Құлаққа құйыла бастағаннан адам отқа қызынғандай әсер­ленеді. Шабыт шақырады. Үрей, күдіктен арылтады. Ғажайып сезіммен серпіледі. Өйткені, жыраулар қай кезде де ең алдымен, елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айта алып отырған. Ол да болса Ұлы Дала мәдениетінің тек өзіне ғана тән болып келетін ерекшелігі. Бүгінгі таңда жырау бабаларымыздың мұралары мен маржан ойлары арқылы тарихи сананы оятуға, жырларды қалың көпшілікке насихаттауға барынша көңіл бөліне бастады. Ұлттық музейде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері, белгілі күміскөмей жырау Алмас Алматовтың жүргізуімен өткен Ұлттық музейдегі лекция-концерт сондай идеяны жүзеге асырушы бірден-бір жоба болып табылады. Қаршыға КҮЛЕН.