• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Сәден қарт пен шүріппе

850 рет
көрсетілді

4 жасында шекара асып, 70 жылдан кейін туған Отанына оралған – ауғандық, пәкістандық, саудиялық... бүгінгі – қарапайым ғана қарасайлық қарттың басынан кешкендері – Ааа…ай... мен қазақпын!!! Мұздай киініп, екі қатар сіресе сап түзеп тұрған әскердің шебін бар екпінмен бұза-мұза жанұшырып, алға ұмтылдым. «Я өлім, я өмір!..». Қас пен көздің арасында білегіме шап беріп жармаса кеткен жауынгерлер тырп еткізбей ұстай алды. Құлағыма шүріппенің сырт-сырт еткен таныс даусы анық жетті. Алла-тағалам жар болды, сол шүріппелер басылмады. Сонда да ештеңеден қаймықпадым, аузымды жаппай айқайлай бердім. «Мен қазақпын... ай... қазақпын!..». Корольдің зәулім сарайының биік баспалдағынан төмен қарай түсіп келе жатқан аса мәртебелі мырзалар тосын шыққан дауысқа селт етті. Тау көтерер диюдай бір жас жігіт көктен түсті ме, жерден шықты ма... тура қарсы алдымда қолын жазып көлденеңдеп тұра қалды. «Айқайлаған сіз бе?! Қазақсыз ба?» деді қазақ тілінде. «Қазақпын...» Даусым қарлығып, үнім шықпай, кемсеңдей бердім. Солдаттар қолымды босатты, маңдай алдым ашылды. Корольмен қоштасқан қазақ патшасы қасындағы тізілген нөкерлерін ертіп, тура маған қарай бет алды. Жүрегім атқақтап, аузыма тығылып барады. –Ассалаумағалейкум, ақсақал! Оу, бұл жерде қазақтар қайдан жүр? – деп жақындаған қазақ патшасы мені құшақтай алғаны сол екен, тілім байланды да қалды. Көзімнен жас кетті пора-пора боп... ағыл-тегілмін. Құшағын босатқан мырзаның түсі сондай шырайлы да жылы екен: «Ақсақал, сабыр сақтаңыз, сабыр сақтаңыз!.. Мұнда қанша үй барсыздар? Апырай, мұнда тұрып жатқан қазақтар туралы бұрын-соңды естімеген екенбіз?» деп жатты. «Қазақ патшасы Нұрсұлтан Назарбаймен ол 1994 жылдың қыркүйегінде алғаш рет Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапармен барғанында осылай ұшырасқанбыз» дейді кешегі саудиялық, бүгінгі Қазақ елінің азаматы 90-ның төрінде отырған Сәден ата Сейдалыұлы. Салтанат шебін бұзуға әрекет жасаған оқыс қимылы үшін Корольдің күзет әскерінің оғына ұшпағанына қарттың осы күнге дейін таңы бар. Мәртебелі патшалар кездесуінің салтанатты жағдайы үстінде шалт қимыл жасаған кез келген пендеңіз оққа ұшуы тиіс еді... * * * Алматының әжептәуір деген әуежайының өзі шетелдік алып ұшақтар доңғалағының дүрсілін ауырсынып, үйрене алмай, мазасыздау хал кешіп жатқан күндер... 1997 жылдың 10 қыркүйегі. Әл-Мәмля́кату әл-’Араби́яту ас-Са’уди́яту (المملكة العربية السعودية‎‎) елінен – біздіңше айтқанда, Сауд Арабиясы мемлекетінің астанасы Эр-Рияд шаһарынан шыққан «Эйрбас-А320» алып ұшағы Ыстамбұлда аз-кем аялдап алып, Алматыға түске таман табан тіреді. Жаңа ғана көктен түскенімен күмпиіп көк тіреп тұрған алып ұшақтың мына тұрысы да таңсық. Күмістей жалт-жұлт еткен жолаушылар лайнерінен 100 қаралы шетелдік қазақ ұбап-шұбап, асықпай-саспай, дабырлап түсіп жатты. Бала-шағаларының да, өздерінің де қазақшасы шала-пұла, түсініксіз бір тілдерді қосып сөйлейді. Бәрінің жүздері тотыққан тәрізді бұл қауымның тым ыстық жақтан келгені бірден аңғарылады. Үстерінде – біздің балаларымыз әлі киіп үлгермеген кіл ағылшын әрпімен шимайлап тасталған жаздық киім. Апалардың басында етегіне дейін шұбатылған ұзын ақ орамал. Қыз-келіншектер қара-қоңыр, некен-саяқ ашық түсті гүлді орамалмен беттерін жауып, ұзын етек, кең көйлек киген. Ал ер азаматтарының орта жастан асқаны бар, оған жеткені бар, барлығының үстіндегі киім үлгілері бір – бастарына аппақ сәлде ораған, етектерін боз түсті алжапқышпен жапқан. Енді біреулерінің әйгілі Арафаттың тарғыл сәлдесін басына қалай болса солай орай салғаны да қызық көрінеді. Біз үшін бәрі қызық, бәрі таңсық! Бұлар өздері шынымен қазақ па? Шынымен-ақ соно-оу Арабстаннан, шынымен-ақ кәдімгі ата-бабаларымыздың аузынан түспейтін қасиетті Мекке-Мединаның өзінен келіп тұр ма? Онда неғып жүрді екен? Халықаралық әуежайдағы жолаушыларға қойы­латын кедендік кедергі-бақылау алынып тасталды. Ерекше мәртебеге ие ел патшалары мен шетелдік аса құрметті меймандарға ғана ашылатын «жасыл дәліз­бен» жүріп өткен қандастарымызбен әп-сәтте араласып-құраласып, мәре-сәре болдық. Олар да, біз де жатсынбадық! Таниық, танымайық бас салып құшақтасып жатырмыз. Қалың нөпірдің арасынан 81 жастағы Қуанбайұлы Жарылқап пен жасы 75-ке таяған Сейдалыұлы Сәден есімді ақсақалдарды сұрастыра жүріп тауып алдым. Алматыда жаңадан ғана құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының журналистерге алдын ала ұсынған тізімінде осы екі азаматтың ерекше «белгілеріне» бірден назарым ауып қалған. Арабстандық бұл екі атамыздың да екі әйелі, ұзын-саны он үш пен он сегіздің арасында артынан өрген бала-шағалары бар. Алматының әуежайы әуежай болғалы мұндай қуанышты қауышуды көрмеген шығар деймін. Аэропорт – азан-қазан. Әңгіме арасында өз аузынан естіп нақтылап алайын деген ниетпен Сәден атадан «Қанша бала-шағаңыз бар?» дедім. «Екі балам бар» деді ақсақал маңдайын жапқан сәлдесін сәл ғана қозғап қойып, міз бақпастан. Кішкене көздері жылтырап «Оны қайтейін деген едің?» дегендей маған таңдана қараған сыңайлы. «Кешіріңіз, – дедім мен бейтаныс қандасымды мазалай түскеніме қысылып, бір жағы жақтырмай қалмас па екен деген дүдәмал оймен, «Мына жерде екі әйеліңізбен қоса отбасында он бір бала бар деп жазылған...» дедім қауымдастықтың таңертең біздің қолымызға ұстатқан қос парағын көрсетіп. Ақсақал саспады: «Е-е... Алла-тағалам берген екі ұл бала бар, қалғаны нашар баллар ғой!..». Сәден атаның жауабын шын көңілмен күліп қабылдадым. Бірақ, ақсақалдың «нашар баллар» деген сөзі ұмытылмастай болып есте қалып қойды... Сол күні Алматының күллі қазақ журналистері «уылдап-шуылдап», қуана-қаумаласа жүріп, ыстық жақтан – қасиетті Мединадан келген қандастарымызды сап түзеген қызыл «Икарустарға» отырғызып, қол бұлғап Шымкент шаһарына шығарып салдық. Үкімет шешімі сондай. Қандастарымызға арнап бұрынғы кәсіптік-техникалық училище жатақханасынан жай дайындалыпты. * * * Қаскелең қаласының күншығыс аумағында кезінде жер аударылып келген месхеттік түріктер үй арасынан ит өтпейтіндей етіп иық тірестіріп тығыз жайлар салып, жайғасқан аумақ болушы еді. Сол аумақта «Түркиялық қазақтар үлкен мешіт тұрғызыпты» дегенді естідік. Жасыратын несі бар, ауқатты қазақтар Қаскелеңнің түрік қауымына сый жасаған екен ғой деген ой бірден сап ете түсті. Әдейі іздеп бардық. Мешіттің имамымен жолығып деректі фильмге бейнематериал түсіруге рұқсат алдық. Бұл кезде ауласы кең үлкен мешіттің алдына жұма-намазға жиналғандардың қарасы көбейе бастаған. Көпшілік арасынан бастарына шалт байланған арафат орамал, тізелерін жауып тұрған ауғандық боз алжапқыш, қоңырқай түсті жеңсіз бешпет кигендер көзіме түскенде, таңырқап тұрып қалдым. Қазақ тілінің ырғағын бұзып сөйлейтін жастар жағы бізді дереу қаумалап алды. «Хабардансыздар» ма?» «Жоқ...». Фарах пен Мұхамммадтан естіп-білгеніміз, дәл қазір Қаскелеңде, ол – 2001 жыл еді, сайдың тасындай сақырлаған 500-ге жуық шетелден келген қазақ жас­тары тұрады. Барлығы Алматының «барахолкаларында» жұмыс істейді. Жұма-намазға міндетті түрде осында жиналады. Жігіттер қазақша-орысша жазып-сыза алмағандықтан қиналып жүргендерін айтты. Жөн сұраса келіп бұлардың бірқатары Түркияда, бірқатары Сауд-Арабиясында дүниеге келген қандастарымыз екенін білдім. Бәсе-е-е!.. «Пәлі, анау отырған сәлделі қарт Сәден ата емес пе?!». ...Біз сонда Шымкентке шығарып салған барша «саудиялық» қазақтар айналасы 3-4 жылдың ішінде тайлы-тұяғы қалмай Қаскелеңге түгел көшіп келіпті. Мұнда дайын тұрған баспана жоқ, үй-жайды өз қара­жаттарына сатып алған. Мұнарасы көк тіреген мына зәулім мешітті өз күштерімен тұрғызған. Тіршілігін жасап, намазын оқып, жаңа өмірге бейімделудің үлгісін танытқан, шіркін, біздің қандастар! Намаздан соң Сәден ата Сейдалыұлын қолқалап отырып үйіне бардық. Соңғы кездесуде әңгімесіне құмартып қалған кейіпкерім біздің бұл «басқыншылығымызды» ұнатпай қалған секілді. Аулада тұрып әңгімелестік. Кенет, көзіме тіктеп қарап: «Сен бала менің соңымнан қалмай қойдың... не іздеп жүрсің, а?» дегені-ші... 70 жылдай Отанынан тыс жерде харекет етіп, күн кешкен, өмірдің тауқыметін аяусыз тартқан қандасымның тағдыры мен үшін ғана емес, бүкіл қазақтар үшін қызықты екенін айта бастап едім, сөзімді бөліп: «Несі қызық?.. Алла таға­ланың пешенемізге жазған хаммасын көрдік» деді жайбарақат. «Бүгін көңіл-күйіңіз болмай тұрса, келесі жолы келейік, Сәден ата...» дегенде барып қарттың қабағы сәл-пәл ашылды. Арабстанға Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш барғанда Король сарайының алдында басын бәйгеге тіккен, көштің басын Қазақстанға бұрған өзі екенін сонда айтқан еді атамыз... – Қазағымның патшасы болады екен, ол мені құшақтайды екен деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Есім ауып қалды. Сақалымды жас жуған. Құша­ғынан босатып: «Мұнда қанша үй барсыздар?» деп қайта сұрады. «17 отбасы, әр қайсысында он-он бестен жан бар, тақсыр!» дедім. Қаланың сыртына таман Корольдің патшаларды күтетін үлкен жайы бар екен, «Барлығыңыз сыймассыздар, іштеріңізден он кісі іріктеліп, ертең осындай уақытта сол сарайға келіңіздер, отырып әңгімелесеміз» деген әңгімені Нұрсұлтанның өз аузынан естіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай үйге қайттық. Мединадағы қазақ отбасыларынан он кісі сайланып, мезгілінде патшамызбен жүздесуге бардық. Ондай құрметті пәндеңіздің барлығына бірдей көру жазбаған шығар. Есіміз шығып кетті. Сонда Нұрсұлтан Назарбай маған қарап күлімсіреп: «Ал, ақсақал, біз мына қаладан елшілік ашайық деп жатырмыз. Оны мына жігіт басқарады. Елге келем деген қанша кісі болса да қарсылығымыз жоқ. Осы жігітке хабарласыңыздар! Сіздерді күтеміз!..» деп батасын берді. Нұрсұлтан патшамыздың арқасында, иншалла, ті­легі­міз орындалды, ниетімізге жеттік... Сәден Сейдалыұлы төрт жасында шекара асқан. Ашаршылық кезінде Қызылорданың Қармақшы аумағынан үдере көшкен ағайын-тумаларымен бірге жосып Мазари-Шарифтен (Ауғанстан) бір-ақ шығады. Содан 60 жылдан аса Ауғанстанда өмір сүрген. Атадан жалғыз. Ақсақалдың суыртпақтап айтқан осы әңгімелерінің өзін олжа көргенбіз. ...Арада үш жыл өтті. Қаскелеңге қайта бардық. Бұл жолы Сәден ата әріптесім екеумізді үйге кіргізіп, төрге отырғызды. Бойжеткен сайын жүздерін қап-қара орамалмен қымтай түскен Сәден атаның «нашар баллары» дастарқан жайып қойыпты. Дөп-дөңгелек етіп ерекше әдемі пісірілген таба нанның иісі танауды жарып барады. Байқағаным, бұрынғыдай емес, ақсақал да аздап маған бауыр басып қалған секілді. Жұма еді. Кездескен жеріміз әдеттегідей – Қаскелеңнің мешіті. Көптен көрмесе де, «Ә, бала, кеп қалдың ба?» деп бірден таныды. Қызық! Шай келді. Отағасының оң тізесін басып үш жасар қара домалақ бала жайғасты. Аты – Омар. Сәден атаның 80-ге қараған шағында дүниеге әкелген кенжесі... «Қазақстанға келгенде әйелдің ішінде 3 айлық бала бар еді. Осындағы дәрігерлер іштегі бала төрт айға толғанда басына инемен дәрі егіп, өлтіріп алды» деп, кейістік білдірді ақсақал. «Омар содан кейін туған бала...». Осыдан үш жыл бұрын бізді үйіне кіргізбей, ауладан қайтарған атамыздың сыры ашылды... Жамал апай үндемей шай құйып отыр. Қазақ тілі дегенде төбесінің сәуле өтердей ғана саңылауы бар әріптесім – бейнеоператорым Николай Судаков бір қызық әңгіменің болып жатқанын іші сезген секілді. Тықыршып отыр... Ол да маған ілесіп қанша жылдан бері ақсақалдың «зерттеушісі» болып келеді емес пе?! * * * – Мазари Шариф шаһарында мен жаман тұрған жоқпын. Өйткені, Үкімет жағындағысы да, Үкіметке қарсылары да маған келіп шүріппесін түзетіп, мылтығын жөндетіп алар еді. Сыйлы болдым. Бір мәрте үкімет «жаудың мылтығын жөндейсің» деп қамап тастады. «Күштеген соң келістім» деп ем, бостандыққа шығарды. Атып та тастар еді, мұқтаж болған соң басымнан сипап ұстады. Күллі Мазари-Шарифте шүріппені менен асып ешкім оңдай алмайтын. Ауғанда қару қат... Кеңестермен екі арадағы жағдай тіпті ушығып кеткенде Пәкістанға көштік. Онда да хәлім нашар болған жоқ. Сол қызметті атқардым. ...Неше жыл Ауғанстандағы аласапыран соғысты басынан кешірсе де, Пәкістан шекарасында оқ пен оттың арасында отырса да атамыздың жанын жеген жалыз-ақ арманы болыпты. Алла-тағаладан жатып-жастанып сұрағаны – «артымнан түтін түтетіп қалар бір тұяқ бер, бір ұл бер... жат жұртта атым өшпесін...» дейді екен. Менің қолқалауымнан кейін манадан бері инабат ұстап отырған Жамал апам әңгімеге араласты... «Оқыған жоқпын. 8 жасымда анам қайтыс болды. Әкем Ауғанстанның өзбегі еді, төрт ағам бар... Осы беделді кісі өлтірмес деп мені 12 жасымда біздің шалға күйеуге беріп жіберген ғой». Әңгімесі қызық, бірақ, дәл осы арада Жамал апаның кіл сандарды тізіп айтқандарын жүйелеу үшін арифметика іліміне амалсыз жүгінуге тура келді... Жамал босағадан аттағанда ажыны – Сахан апа 9 қыз туып, оның төртеуі шетінеп кеткен кез екен. Жамал бұл үйдегі балалардың емшектегісімен қосқанда 6-шы қызы болып жүреді. Содан... жас келіншек арасы үш-төрт жылдың ішінде үлкен үйге тағы үш қыз сыйлап үлгереді. Құдайдың басқа салғаны, не істейді?! «Пышағын жалаңдатып біздің шал «Қыздардың барлығын далаға лақтырыңдар» деп бір күні ашуға мініп, бәріміздің боз-боранымызды шығарып далаға қуып шықты. Айқай-шу шыққан көршісінің ауласына бас сұға алмай, сығалай-сығалай қарап кеткен ағаларымнан да қайыр жоқ, бір Аллаға жалбарынып жылай-жылай мен қалдым...». Жамал апай өткен күндерді жымиып еске алды. Пәкістандағы да жағдай ушығып бара жатқан соң Сәден отбасы қалың көпшілікпен Саудияға, тұп-тура Мединаның өзіне көшеді. Алланың сыйы болар, Қасиетті жердің киесі шығар, сол жылы күзге салым Жамал Нұрхаматқызы шекесі торсықтай ұл туады. Бұл 1989 жыл. Мұхаммед Пайғамбардың елінде дүниеге келген, зарығып көрген қамшы ұстар азаматына Сәден ата ағайынды жиып, Махмад деп азан шақыртып ат қояды. Медина бұл отбасына шын мәнінде құт болды: 91-ші жылы дүниеге екінші ұл Ахмад, 93-те Сәлима, 95-те Әмзе, 97-де Фатма келді дүниеге... 2001 жылы туған қазақстандық Омармен, міне, бір дастарқанда отырмыз! * * * – Мединада жақсы сыйласқан бір ауған шалы маған жергілікті ақшамен 5 мың пұл қарыз еді. Бай бол, жарлы бол, пенде үшін қарызды қайтару – парыз. Сонда бір қызым тұратын еді, сол арқылы «пұлын алсын, өлсем мойнымда кетер» деп сәлем айтыпты. Алматыдағы мешітке соғып, әжілікке баратын топқа ілесіп – Мединаға бір күнде аттандым да кеттім. Атам кібіртіктеп, әңгімесін үзе берген соң әдетте­гідей тағы да апама қолқа салдым. – Үйде сол жақтан алып келген, тығып жүрген 2000 доллардай ақша бар еді. Қыздарымыз болса пісіп отыр... Соның 1500-ін беріп, шығарып салдым. Бір тиынсыз тып-типыл болып қайтып келді. Аяқ қолы ісіп кеткен. Сүйретіліп әрең жетті. Зәреміз зәр түбіне кетті, әйтеуір, жанының аман қалғанына қуандық... – деген Жамал апам кәдімгідей мұңайып қалды. Әңгіме былай болған. Ауғандық құрдасы замандасын қуанып қарсы алып, қарызын қайтарады. Мединада қазақ, өзбек, ауған азаматтары жиналатын әл-Захири мешітінде намазға жығылып, арқа-жарқа болған хамма ағайын екі күн сыр айтып шер тарқатады. Қимастарымен қоштасып, екі шабаданды аузы-мұрнынан толтырып көңілі жайланып келе жатқан қазақ азаматын Эр-Риядтан Ыстамбұлға ұшатын әуежайда полиция тоқтатады. Қазақстаннан барған топ басшысы Ермекпай Сәден атаға шүйлігіп, «Сіздің екі әйеліңіз бар ма еді?» деп сұрайды. «Иә, бар еді...» дейді Сәден ата, ойда түк жоқ. Бары осы. Шекаралық бекетте Сәден Сейдалыұлының қолына кісен салынады. Қазақстаннан келген топ «дымға» түсінбей, дұрыстап қоштаса да алмай кете барады. Сәден атаның бар білетіні: «Екі әйелі бар...». «Бұл арабтарда 4 әйелге дейін бар. Қолына кісен салмай-ақ тізіліп жүр ғой... Бұл не болды...» деп әрі-сәрі ой кешіп үлгергенше Сауд-Арабиясының астанасы – Эр-Риядтың түрмесінен бір-ақ шығады. Түкке түсінсе бұйырмасын. Ас-суын әкеліп беріп тұрған. Байқайды, кездесуге шақыратын ойлары жоқ. «Араб тілін білмеймін. Не айтқандарын түсінбеймін. Сөйтіп жүргенде күзетшінің бірі менің бағыма қарай пәкістандық бір жас жігіт болып шықты. Не үшін қамалғанымды сол жігіт тәптіштеп айтып берді. Арабтар шекарадан апиын алып өтпек болған қытай мен моңғол әйелін ұстайды. Соларды менің қатыным деп таңған. Бәрі де тіл білмегеннің пәлесі ғой, бізді арлы-бері сүйрелеп жүрген көшбасшымыз Ермекпайға қатты қапа болдым. Сөзге келмей, жат жұртта тастады да кетті. Күзетші пәкістандыққа «Ойбай, менің екі қатыным бар, біреуі – Ыстамбұлда, біреуі – Қазақстанда, Каскелеңде тұрады. Олар мұнда аяқ басқан жоқ...» деп зарлап отырып түсіндірдім. Арада екі күн өткен жоқ әлгі пәкістандық күзетші бала мені ұшаққа өзі отырғызып салды. Мұсылмандық деген сол. Қалтама аздаған пұл сап берді...». – Жақсылықты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе деген ғой. Үлкен қызымыз Ыстамбұлда тұрады, бақуат, бізге қарайласады. Анамдай болған ажыным – сол қыздың қолында, «Алматыға алып кетіңдер, балаларды сағындым» деп күнде телефон шалады. Жол түссе кеп те қалар... – деген Жамал апа отағасын ендігәрі мына тұрған Алматыға да аттап бастырмайтынын біздің көзі­мізше атамызға естірте ескертіп қоюды да ұмытпады. Бетінен нұры тамған ақсақал бұған келіскен сыңай­да, аузында Алласы... қолында – Құраны. Осы күні Сәден қарт ерекше мейірімді еді. Ауған мыл­ты­ғының шүріппесін оңдайтын шебердің алтын-күмістен сан-алуан сырға-сақина, әшекей бұйымдар құятын ұсталығы да бар екен! Қартыңыз жұпыны сарайдың ішіндегі балалардың нәпақасы үшін жасап алған микро-станогын да көрсетті... Төрт жасынан жат-жұрттық болғанына қарамастан ана тілін ұмытпай, керек десе ана тілінде бір-екі шумақ жыр шумақтарын шашып жіберетінін қайтерсіз?!. Жараттың Патша-құдай, зүлжалал-ақ, Құдай-ау... Құрметің мынау, рахматың қанша!? Үміт бар тіршіліктен жан барынша! Етесің бас пендеңді паша-паша, Бар пендең жүр етегін аша-аша. Жағамды неше тіктің, неше жықтың, Қасіретін тартып тұрмын ауыр жүктің. Қатпаған қауырсындай бала-шаға Ішінде отырмын мынау қалың шоқтың... Ал керек болса, ал бұған не дерсіз? Ананың сүтімен енген ана тілі 90 жылдан соң осылай жыр толғап тұр! Тоқсан деген жастың нақ төрінде отырған ақсақалдың күллі өз өмірі туралы толғамы осындай болып бір шумаққа сыйыпты! Ғажап! «Зүлжалал» деген не деген сауалыма қарт «Зүлжалал деген – зүлжалал» деп өзіме таңдана қарады. Бір әрпін де бұзбай қағазға түсірдік. (Зүлжалал – араб тілінде Алла-тағаланы мадақтау – авт.) Бұл жолы, тіпті, қоштасарда өзі «Енді қашан келесің...» деп қалды қарт. «Құдай қаласа...» деп қоштастық. Көз алдыма 1997 жылғы Сауд Арабстанынан келген сол бір қазақтар көші, Алма­тының әуежайы елес беріп өтті... Жат елде тарыдай шашырап жүрген қандастарымыз Отанға кезек-кезегімен қоныс аударып жатқан. Мына көштің ерекшелігі сол – Қасиетті Медина шаһарынан барлығы 18 отбасы, ұзын саны 110 қазақ еліміздің сол тұстағы астанасы Алматыға табан тіреп еді. Еліміздің бас газетінің сол кездегі тілшісі – осы жолдардың авторы сонда «Арабстаннан көш келді» («Егемен Қазақстан», №221 (21686)11 қараша, сейсенбі,1997 жыл) деген қуанышты хабармен мақала жазған еді... Кейінірек, Алматы әуежайындағы қауышуды бейнетаспадан көрген тегі ирландық АҚШ журналисінің аузын-ашып, көзін-жұмып «Сауд Арабиясының жерін тастап, Қазақстанға келіп жатыр ма... қалайша?» деп аң-таң күйде бас шайқағаны да көз алдымда. Журналистің ондағы ойы сол жылдарда жер ұжмағындай болған – Саудия елін тастап, экономикасы құлдырап, келімсектері тым-тырақай болып тарап, дағдарып жатқан Қазақстанға не іздеп келді екен бұл отбасылар дегені еді. Қазақтарды туған жердің топырағы тартқанын қайдан білсін?! * * * Сәден ата Сейдалыұлы мен оның бүгінгі ауылдастары туралы қазақстандық, сондай-ақ, шетелдік жерсеріктік теларналар арқылы да талай-талай дүние жарық көрді. Журналистер арасында шетелден келген қандастарымызды іздегенде алысқа бармай, Алматының түбіндегі Қаскелеңге тартып кету содан қалған. Мәскеудің «ОРТ-1» теларнасының Алматыдағы тілшісі Әзиза Қайымбек телефон шалды. «Сіздің Саудиядан келген, 82 жасында бала сүйген бір кейіпкер атаңыз бар еді ғой...» дейді. «Иә, Сәден ата Сейдалыұлы...». «Шетелден келген қазақтар туралы кеңейтілген сюжетке пайдалансам деп едім... Қалай табамын, көмектесіңізші...». «Қаскелеңдегі мешіттен...». Әзиза менің сәлемімді ұмытпапты, екі күннен соң қайта телефон шалып тұр. – «Супермен» атаңызды көрдім... Сәлеміңізді айттым, құлағы естімейді... Айқайлап сөйлейді... Өзі не айтқанын білмейді... Бірақ, отбасын, бала-шағасын таспаға түсірдік... Тағдыры таңғажайып ақсақалдың саулығына қуанып, көңілім жайланды. Әзизаның тасұр-тұсыр әңгімесіне тіксінгенмен, мысқылдаса да тауып айтқан бір сөзіне ерекше сүйсініп қалдым. Шынында да – бұл кісіге «super-man» лайық атау. Мықты адам! Сәден ата – Супермен!.. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретте: Сәден СЕЙДАЛЫҰЛЫ. 2006 жыл. 82 жас­та. Қаскелең.