ПАВЛОДАР. 3 ақпан. Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулинаның 50 жылдығына арналған конференция өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Конференцияға көптеген ғалымдар мен қонақтар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Олар аталған тақырып аясында баяндамалар жасап, мерейтой иесін құттықтады.
Айман Зейнуллина желтоқсан оқиғасына қатысушы жастардың бірі, студенттік күндеріне Тәуелсіздіктің ақ таңы мен қазақ тілінің асқақ мәртебесі үшін алаңға шыққан. Бүгінде ол 2009 жылы Ф. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ашылған «Қазақ тілі мен мәдениеті» атты орталықтың сырттай курс жетекшісі. Оның қазақ тілінде жазған 3 монография, 5 оқулық, 3 оқу әдістемесі, 1 электронды оқулық, 200 ғылыми мақалалары жарыққа шықты.
Айта кетейік, конференция барысында көпшілік назарына «Сөз өнерінің сардары» атты кітап көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, білім мен ғылым саласында жарық көрген «Білім көкжиегінде» атты кезекті кітап жинағының тұсауы кесілді.
Фарида Бықай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет Руфина Торпищева.