Жалпы жұртқа белгілі мақалды аздап өзгертуімізде мән бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі биылдан бастап жаңа бағдарламаны қолға алды. Ол «Өз үйім» деп аталады. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, банк қолжетімді, ағайынның қалтасына артық салмақ салмайтын тұрғын үйлер сала бастайды. Ал жаңа бағдарлама бойынша ең алғашқы үй Қызылорда қаласында басталды.
Аталған жоба аясында Қызылорда қаласында 40 мың шаршы метрді құрайтын 12 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Жаңа бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Айбатыр Жұмағұлов меморандумға қол қойды.
Осы келісім негізінде қаладағы «Сырдария» шағын ауданынан 100 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің алғашқы іргетасы қаланды. Ал қалған 500 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үй жаңадан бой көтеретін «Арай-3» шағын ауданында салынады. Бұл жыл ішінде «Өз үйім» бағдарламасы арқылы 600 қызылордалық баспаналы болады деген сөз.
– Жаңа бағдарлама біздің өңірден бастау алып отыр. Сондықтан, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығына алғыс айтқым келеді. Өткен жылы облыс орталығында тұрғын үй құрылысы 8 есеге артты. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесін халық көріп отыр. Тек қана 2015 жылдың өзінде біз осы салаға 22 миллиард теңге инвестиция тарттық. Биыл да бұл көрсеткіш кем болмайды,– деді аймақ басшысы.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 3 аймақтың ішінде. «Өз үйім» бағдарламасын осы аймақтан бастауымыздың да себебі бар. Жергілікті басшылар құрылыс жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымды дайындап, барлық жағдайды жасап отыр. Сонымен қатар, үйлердің сапасын да ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Айбатыр Жұмағұлов.
Мұнан басқа дәл осы күні «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың қаржыландыруымен «Сәулет» шағын ауданында 350 пәтерді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 940 миллион теңге. Облыс басшысы мердігер мекемеге құрылыстың сапасына мән беруді тапсырды.
Қорыта айтқанда, жыл басының өзінде Қызылордада 19 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Облыс басшылығы биыл да 2 мыңнан астам сырбойылық баспаналы болады деп жоспарлап отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.