КӨКШЕТАУ. 4 ақпан. Ақмола облысы, Зеренді аудандық соты 2015 жылы 116 қылмыстық іс қарады. Бұл туралы облыстық сот баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz хабарлады.
Сотталғандарға мынадай жаза түрлері қолданылды: 8 адамға айыппұл салынды, 22 адам қоғамдық жұмысқа тартылды, 17 адамға бостандығынан шектеу жазасы қолданылды, 6 адам бас бостандығынан айырылды. Сол сияқты шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы 1 адамға тағайындалса, 1 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылды.
Істі тоқтату туралы қаулысын шығару негізінде 70 адамға қатысты 56 қылмыстық іс қаралды. Оларда сотталушы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Медиатордың қатысуымен 6 қылмыстық іс қаралды. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеу судьясымен 14 өтініш және Зеренді аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура органдарының 2 ұсынысы қаралды.
Аудандық сот жыл ішінде 845 азаматтық іс және 808 материалдар қараған. Ал татуласу келісімін жасауымен 11 азаматтық іс қаралған.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.