Мемлекет басшысы еліміздегі үлкенді-кішілі кәсіпорындардың алдына қойған басты міндеттің бірі қазақстандық үлесті көтеру екені белгілі. Әсіресе, бұл істің мұнай-газ кен орындары мен бірлескен кәсіпорындарда атқаратын рөлі аса жоғары. Қазіргі күні осындай биік талаптар үдесінен шығып отырған отандық кәсіпорындардың бірі – Орал өңірі аумағында қоныс тепкен «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС. Аталған кәсіпорын ресейлік әріптестермен бірлесіп, тізе қоса қызмет атқарады.
Бүгінгі таңда мұндағы қазақстандық үлестің көлемі – 55 пайыз. Шағын кәсіпорындағы өндірісшілер саны 30 бірлікті құрайды. «ТРЭМ Қазақстан» республикамызда ешқандай баламасы жоқ индустриялық-инновациялық құрылым болып табылады. Сондықтан да олар өз елімізде ешкіммен бәсекелес бола алмайды. Бәсекелес болар еді-ау, егер олармен бәсекеге түсетін өзі тектес кәсіпорындар болып жатса. Осы орайда бұл инновациялық кәсіпорын немен шұғылданатынын және қандай өнімдер өндіретінін де айта кеткен жөн.
Ең алдымен, кәсіпорын шығаратын өнімдердің мұнай-газ, химия және энергетика салаларына тікелей қатысы бар екенін оқырмандар назарына берген ләзім. Аталған жүйелерде қысыммен жұмыс жасайтын қондырғылар жеткілікті. Міне, осы қондырғылар, яғни нығыздауыш материалдарсыз және шиыршықты орама төсемдерсіз сала мамандары жұмыс жасай алмайды екен. Трэмқазақстандықтар осындай нығыздауыш бөлшектер мен материалдарды даярлаумен айналысады. Әрі аталған салалардағы құрылымдарға сервистік және жиынтық қызметтер көрсетеді.
Біріншіден, кәсіпорын басшыларының байыптауынша, бұған дейін елімізде осындай қосалқы бөлшектерді жасап көруге талпыныс жасағандар болыпты. Алайда оған ең қажетті фактор – жоғары технологияның жетіспеуі қолға алған істері орта жолда қалып қоюына салқынын тигізіпті. Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының басты жетістігі – осы олқылықты толықтыруында. Мұндағы Еуропа елдерінен жеткізілген жаңа қондырғылар түпкі мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізген.
Инновациялық кәсіпорынның бүгінгі өндірістік қуаты бір айдың ішінде 80-120 немесе бір жылға шаққанда 1000 бұйым шығаруға жетеді. Ал тұтастай еліміздегі сала өндірісшілерінің нығыздауыш бөлшектерге деген сұранысы жылына 1500-2000 дана төңірегінде екенін ескерсек, отандық өндіріс көкжиегі айқындала түседі. Олар алдағы бір-екі жылдың ішінде ел рыногы қажеттілігін тұтастай өтеуді көздеп отыр. Бұған қоса экспортқа шығу мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл тұрғыда Орталық Азия мемлекеттері тапсырыс берушілерімен жасалған келісімдер табысты өткізілген.
«ТРЭМ Қазақстан» ЖШС-ның биылғы алға қойған мақсаты өндіріс көлемін он есе өсіру. Бұл үшін олар артық-кемі жоқ он саусақтай нәтижелі он келісім жасап үлгерген. Оның үшеуі өткен жылдың аяғында орындалып үлгеріп, жаңа индустрия ошағы шығарған өнім сапасы шетелдіктермен бәсекеге толық түсе алатыны айқындалған. Осы арада отандық өндірісшілер өткен жылдың қазан айында қазақстандық мазмұндағы өнім өндіруші кәсіпорын ретінде арнайы сертификат алғанын да айта кеткен жөн. Тендерге қатысу үдерісі кезінде оларға бұл құжаттың біраз көмегі тигені өз алдына бөлек әңгіме.
Мұнда өндіріс көлемін одан әрі көтерумен бірге өнім түрлерін ұлғайту мәселелері де қоса ойластырылып отырғаны да сүйсіндіреді. Бұлар – поршеньді компрессорлар, құрғақ газ динамикалық нығыздаушы материалдар және агрегат насостары.
Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар жетекшілерінің патриоттық ұстанымы неғұрлым нық, отаншылдық сезімі неғұрлым терең болса бұл биік қасиеттер қазақстандық мазмұнның одан әрі байи түсуіне септігін тигізетініне сенім мол. «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Рауль Идиатуллинді дәл осы қатарға қосуға болады. Әсіресе, оның отандық өнімді көздің қарашығындай қорғау жөніндегі орамды ой-пікірлері мен байыпты байламдары ризашылығымызды туғызды. Ол бізбен әңгімесінде өз ойын былайша түйіндеп еді.
Бүгінде еліміздегі көптеген өндірістік кәсіпорындар бірінші кезекте шетелдік жабдықтаушылар жеткізген бөлшектер мен құрылғыларды алуға ұмтылады. Оның бәрінің бағасы аспанға шапшып тұр. Яғни, осы тектес отандық өнімдермен салыстырғанда 5-6 есе жоғары. Тіпті, өзгесін айтпағанда, өз отандастарымыздың Қазақстанда өндірілген өнімдердің сапасы әлемдік стандарттарға сәйкес келмейді деген шолақ ой-пікірде болуы да бізді қапаландырады.
Шындығын айтқанда, мүлдем олай емес қой. Оларға айтарым, біздің шығарған бұйымдарымызды ең болмағанда сынақ, эксперимент үшін алып, пайдаланып көрсінші. Сапасы қандай екеніне сонда көздері анық жетер еді. Сонда ғана отандық тұтынушы өз өнімдерімізге лайықты бағасын бере алар еді. Әйтпесе, біз қазіргідей ойлау жүйесі жағдайында отандық өндірістің бәсі мен мәртебесін ешуақытта көтере алмаймыз.
Әрине, бұл өте орынды айтылған, сонымен бірге, қолдауға да, құптауға да тұрарлықтай әрі отандық өнімге терең жанашырлық сезімнен туған пікір екені талассыз.
«ТРЭМ Қазақстан» ЖШС өндірісшілерінің биылғы алға қойған басты мақсаттарының бірі өндіріс көлемін он есе өсірумен қоса, қазақстандық үлестің мөлшерін 60-70 пайызға дейін ұлғайту болып отыр. Ендеше, іске сәт демекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.