Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кеше өткен отырысында Қазақстан Коммунистік халық партиясының Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялық тізімі тіркелді.
«Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Коммунистік халық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр. Қаулы бойынша Қазақстан Коммунистік халық партиясының партиялық тізімі тіркеледі. Тізім бойынша тіркелген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік беріледі», – деді қаулы жобасын таныстырған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов.
Комиссия хатшысының айтуынша, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың еліміздің «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға қарағанда, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталды. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталды.
«Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстан Коммунистік халық партиясының атауы сайлау бюллетеніне енгізіледі», деді Комиссия хатшысы. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулыны бірауыздан қабылдады.
Атап өтейік, 8 ақпандағы жағдай бойынша Ортсайлаукомға алты партиялық тізім ұсынылды. Олардың ішінде «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».