қайыршы нәпақасын адал айырып жүр
«Басқа түссе – баспақшыл» деген, теміртаулық үйсіз-күйсіз қаңғыбас қаладағы «Пассаж» деп аталатын супермаркеттің алдындағы алаңқайда құдайдың құтты күні «концерт» қояды. Сөйтіп, тиын-тебен тауып, күнін көріп жүр. Теміртаулық «таланттың» үнді әндерін шырқаумен атағы шыға бастаған. Еріккен жұртқа керегі де осы – күннен-күнге әлгі «әншінің» тыңдармандары да көбейіп келеді. Тіпті, олар қаңғыбастың үнділік хит әндерді беріле орындап тұрғанын ұялы телефонның камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге салып та қойыпты.
Қазіргі таңда мұндай өнерпазды іздесең, еліміздің әр қаласынан табуға болады. Мысалы, Өскеменде үйінен айырылып қалған қаңғыбас суретші өнерімен қу тамағын асырайды. Ол байғұс самса үшін кез келген адамға қолма-қол сурет салып береді екен. Оны қала тұрғындарының көбі танитын көрінеді.
Тұрлауы жоқ тірліктің баянсыз «жұлдыздары» көбейіп бара ма, қалай өзі? Алаңдатарлық жайт...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.