• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Шоқанның керуен жолы

751 рет
көрсетілді

Астанада Ұлттық музей мен «Қазақстан ұлттық география қоға­мының» ұйымдастыруымен Ис­маил­жан Иминов және Орденбек Мазбаевтың «Ұлы Шоқанның керуен жолымен» атты кітабының таныс­тырылымы өтті. Шоқан Уәлихановтың қазақтың ұлы ғалымы, ХІХ ғасырдың алдыңғы қатарлы мәдениетінің жарқын өкілі, ағартушы-демократ, саяхатшы, көп­­теген ғылым негізін салушы, Орыс география қоға­мының мүшесі екені белгілі. Шоқан Шыңғысұлы қазақ халқының алғаш­қы дарынды географы бола отыра, өзінің қысқа ғұмырында тек Қазақ­стан­ның ғана емес, сонымен қатар, көр­шілес жатқан аумақтардың да география­сына елеулі үлес қосты. Ғылыми нәтижелері оның: «Іле Алатауы өлкесінің географиялық очерктері», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Жоңғария очерктері» жолжазба еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Нағыз ғылыми ерлігі ғалымның Қытай жеріндегі Қашқарға сапары болып табылады. Осы сапардың нәтижесінде «Алтышәр немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды. Мұнда ол өзін географияда терең білімге ие, бай­қағыш, білімді ғалым ретінде танытты. Ғалымның қазақтарға, ұйғыр­лар мен қырғыздарға арнаған этно­графиялық шығармаларының маңыз­дылығы да жыл санап арта түсуде. 2014 жылы «Қазақстан ұлттық география қоғамы» Қашқарияға экспедиция ұйымдастырып, зерттеушілер ұлы ізашар болған жерлермен жүріп өтті. Нәти­жесінде ұлы ғалымның 180 жылдығына орай «Ұлы Шоқанның ке­руен жолымен» атты кітап жарық көрді. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан жинақ «Қашғарды Шоқан Уәлиханов экспедициясымен зерттеу» және «Шоқан Уәлихановтың ке­руен жолымен» атты екі бөлім­нен тұрады. Кітаптың негізін экс­пе­дицияға қатысушылардың әсерлері мен пікірлері құрайды. Туын­­­дыда танымдық деректер молынан қамтылған, жеңіл әрі қызықты оқылады. Бірегей экспедицияның фото­суреттері мен тартымды эпизодтары ешкімді бейжай қалдырмайды. Ұлттық музейдегі кітап тұсау­кесерінде «Қазақстан ұлттық география қоғамының» атқару­шы директоры Жанна Рүстем, Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов, кітап ав­торлары Исмаилжан Иминов пен Орденбек Мазбаев және басқа ғалымдар кітап туралы пікірлерін ортаға салды. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».