• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Алғыс арқалаған Айнагүл

351 рет
көрсетілді

Бөкей ордасы ауданы орталығы – Сайқын ауылының тұрғыны Айнагүл Темешеваның «Кулинария» ашқанына бірталай уақыт болды. Бұрын жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлованың наубайханасында жұмыс істеген ол кейін жұбайы Сырым Сақыпқалиевпен ақылдасып, өз істерін бастайды. Алдымен отбасы мүшелері бірігіп, саман құйып, өз қолдарымен кулинария ғимаратын тұрғызады. Қажетті құрал-жабдықтарды Ақсай қаласынан, ал, табаларды Оралдан алдыртып, бүгінде жерлестерін нан, пирог, торт, тоқаш, пицца, т.б. өнімдермен қамтып отыр. – Көбіне садақа, той, шілдехана, туған күн сынды айтулы күндерге алдын-ала тапсырыс беріледі. Қуаныш дастарханына деп бос тұрған пешіме тағам пісіріп беруімді өтінетіндер де кездеседі. Қалай еткенде де, мен олардың сұраныстарын жерге тастамаймын. Әрі ақыларын төлейтіндіктен өзіме де пайда табамын, – дейді кәсіпкер келіншек. Қысқасы, кәсіпкердің әр күні бос өтпейді. «Кулинария» іші де талапқа сай жабдықталған, ұқыпты қолдың табы аңғарылады. Кәсібің нәсібіңе айнала берсін, Айнагүл, дейміз біз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.