• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Ағайынды Әбдірахмановтар

399 рет
көрсетілді

мемлекеттің қолдауы арқасында атакәсіпті жандандырып, өзгелерге үлгі болып отыр Жарқын – күре жолдан 20 ша­қырымдай қашықтықта орналасқан қазақ ауылдарының бірі. Осындағы жүзге жуық отбасының қайсысы болсын қосалқы шаруашылықпен айналысады. Солардың қатарында ағайынды Әбдірахмановтарды үлгі етуге болады. Тепсе темір үзетін үш ағайынды жігіттің бүгінгі тірлігі жұрт қызығарлықтай. Дмитриев ауылдық округіне қарайтын елді мекен орманды алқаптарға, құнарлы жайылымға бай. Төрт түлік өсірумен айналысушыларға таптырмайтын қоныс. Ағайынды Бақыт, Мұрат және Бауыржан Әбдірахмановтар кейбір қатарластары сияқты қалаға ұмтылмай, керісінше, он жылдан бері еділбай қойын, ірі қара малы мен жылқы өсіріп, мал асылдандыру ісіне де жете көңіл бөліп келеді. Шаруа қожалығына отбасының кенжесі Бауыржан жетекшілік етеді. Таяуда «Мәмбетов және К» коман­диттік серіктестігінен 2 бас асыл тұқымды ангус бұқасын сатып алыпты. Ондағы ойлары – етті бағыттағы мал санын көбейту. Ағайынды жігіттер Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 3,3 милллион теңге жеңілдікті несиеге қол жеткізіп, 22 бас қазақтың ақбас сиырын, еділбай қойларын, 5 миллион теңге екінші несиеге 35 бас жергілікті қара малын әкелген. Ауыл іргесінен 10 гектар жер жайылым ретін жалға берілген. Ол маңайға 70 басқа арналған мал қорасы салынған. – Жаңа мал қорасын кепілдікке қойып, 7 жыл мерзімге 4,8 миллион теңге несие ресімдедік. Осы қаржының арқасында   табынға 37 бас ірі қара малы мен 1 ангус бұқасы қосылды. Бүгінгі күні фермамызда ірі қара малынан басқа 400 еділбай қойы, 30-дан астам жылқы өсіріледі. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жағдайымызды жақсартып алдық. Енді сүтті сиыр өсіруге қамданып жатырмыз. Ол үшін «Петерфельд-Агро» ЖШС-нің сүт фермасымен келісімшарт жасасып қойдық, – дейді Бауыржан Социалұлы. Қазір шаруа қожалығында 114 гектар егістік алқап, 269 гектар жайы­лымдық жер, «К-700», «МТЗ-1221», «КУН» қондырғысы орна­тылған «МТЗ-80» тракторлары, «Енисей» комбайны, алты тонналық тіркеме қорап бар. Іс тетігін білетін кәсіпкерлер мал азығын дайындайтын техниканы сақадай-сай етіп алған. Польшалық роторлы шөп машинасы мен орама шөп тайлайтын прессжинағыш Омбы қаласынан қолжетімді бағаға сатып алынған. Қысқа 200 тоннадай орама жемазық әзірленіп, қыстаққа жеткізілген. «Мал баққанға бітеді» деген рас. – Ауылдықтардың негізгі күн­­­кө­рісі – мал. Бала-шағаның нәп­ақасын осылайша маңдай термен айырып отырған жайымыз бар. Таң атқаннан күн батқанға дейін малдың соңында жүреміз. Ауылдан екі бақташы жалдап, ай сайын еңбекақы төлейміз. Биыл жүзшақты қойды сойып, базарға өткізу ниетіндеміз. Тек қой­лар­дың терісі мен жүнін іске асыра алмай, қиналып отыр­ған жайымыз бар. Ешкім алмайды. Сондықтан далаға шығарып тастауға мәжбүрміз. Ең бастысы, мемлекеттік сатып алу бағдарламасы бойынша әр ірі малына 24 мың теңге көлемінде демеуқаржы беріледі. Бұл – зор қолдау. Соған орай, тиісті құжат­тары­мызды ресімдеп, 30-35 бас қашар мен бұқашық өткізуді ойлас­тырып қойдық, – дейді ағайынды Әбдірахмановтар. Нұрсайын ШӘРІП.  Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы. Суретте: Б.Әбдір­ахманов. Суретті түсірген Талғат ТӘНІ­БАЕВ.