• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Жарқыраған пәтерлер, қуанышты көңілдер

262 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Гагарин көшесі, 76/3 мекенжайы бойынша тағы да бір көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұл жолы пәтерлердің кілттері бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне табыс­талды. Тағы да дейтініміз, былтыр мысалы, «Қолжетімді баспана-2020» және Өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында 9 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 4-уі пайдалануға берілді. Жаңадан салынған биік үйдің қасынан 1200 орындық жаңа қазақ мектебі оқушыларға есік ашты. Ал, Гагарин көшесіндегі үйден 76 отбасы пәтер алды. Тұрғындарды облыс әкімі Қанат Бозымбаев қуаныштарымен құттықтады. – Алдағы жылы облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында қазір құрылысы жүргізіліп жатқан көпқабатты 4 үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Әр қазақстандық пәтерге қол жетуі үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалуда, – деді Қ. Бозымбаев. Жарқыраған жақсы пәтерге қол жеткізген Шолпан Шәкенова баспана кезегінде 11 жыл тұрыпты. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен үйге қолы жетіп, 2 бөлмелі пәтер алды. Жалға алу мерзімі 9 жыл. Шолпан апайдан басқа тұрғындардың бір бөлігі мемлекеттік бағдарлама көмегімен бас­пананы жалға алса, енді бір бөлігі Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Дәрігер Радик Муфасалов баспананы жалға беру бағдарламасының болғаны жас отбасылар үшін жасалған мүмкіндік, дейді. «Біздер сияқты әр отбасының өз үйі болсын», – дейді пәтерге қолы жеткендер. Жаңа пәтер иелерін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та құттықтады. – Облыс тұрғын үй құрылысы бойынша елімізде алда келеді. Банк салымшылары жинаған қаржысы нәтижесінде баспаналы болуда. Биік-биік үйлер тұрғызған құрылысшыларға, облыстық әкімдікке рахмет! – деді ол. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ.