• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Ирандық вектор: жаңа рыноктар, жаңа мүмкіндіктер

417 рет
көрсетілді

Ә.Исекешев бастаған қазақстандық делегацияның Тегеранға сапары нәтижелі болды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роухани арасындағы келісім аясында екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жақында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация Ираннан келді. Осы сапар барысында Иран Ислам Республикасының бірқатар ресми өкілдерімен өткізілген кездесулер және жүзден аса ирандық компаниялармен болған екіжақты келісімдер алдағы уақытта бірлескен жобалар ретіндегі өзінің жемісті нәтижелерін беретін болады. Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған бизнес-форум және «сауда миссия­сы» алдын ала күтілген межеден де артық бизнесмендердің басын қосуға мүмкіндік жасады. Тегеран қаласында өткен бизнес-кездесулерге екі елдің іскер топтарының 1000-нан астам өкілі қатысты. Қазақстан Республикасы Ин­вес­тициялар және даму министрі Әсет Исекешев екі күн ішінде Иран Ислам Республикасының (ИИР) Ғылым және технология­лар бойынша вице-президенті Сур­на Саттаримен, ИИР-дің Сырт­қы істер министрі Мұхаммад Джа­вад Зарифпен, Өнеркәсіп, кеніш­тер және сауда министрі Мұхам­мад Реза Зарифпен, Ауыл шаруа­шылығы және джихад министрі Махмұд Ходжатимен, ШАСТА иран­дық ірі холдингінің басшылары­мен кездесті. Сонымен бірге, Әсет Исекешев 13 саладағы иран­дық ірі компаниялардың өкіл­дерімен маңызды кездесулер өткізді. Қорыта айтқанда, жоғары дең­гейде өткен сауда миссиясы нә­ти­жесінде қазақстандық бизнес Иран рыногынан үлкен басымдықтарды көріп отыр. Сонымен бірге, Иран рыногы арқылы болашақта Еги­пет, Ауғанстан, Ирак сияқты елдер­дің рыногына шығуға толық мүм­кіндік бар. Өз кезегінде Иран Қазақ­станды Ресей мен Қытайдың рыногына шығатын хаб ретінде таныды. Иран Ислам Республикасының ресми өкілдерімен кездесу барысында үстіміздегі жылдың сәуір айының соңында болатын Мем­­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға ресми сапары­ның дайындық мәселелері талқыланды. ИИР вице-президенті Сурна Саттари ғарыш саласындағы, стартаптарды дамыту, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударды. Осы саладағы мәселе­лерді талқылау үшін Жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жет­кізілді. Бұл жұмыс тобы ғылым, ақпараттық технология, ғарыш қыз­меті, биотехнология және меди­циналық қызмет көрсету салалары бойынша жұмыс істейтін болады. Тараптар бірнеше бағыттар бойынша жұмысты белсенді жүргізу жөнінде келісті. Оның ішінде сауда және инвестиция бағыты бойынша жұмыстарға барынша басымдық берілетін болды. Ол үшін 6 қосымша жұмыс тобы: металлургия және тау-кен металлургиясы кешені, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инженерлік-технологиялық ынтымақтастық және қаржы салаларында құрылды. Қазақстан мен Иран іскер топ­тарының кездесуі барысындағы екінші шешуші бағыт – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Бұл ретте, Елбасының бастамасымен өмірге келген Ұлы Жібек жолы бағ­дарламасы тұғыр ретінде қарас­тырылмақ. Тәуелсіздік жыл­дарында Қазақстанда салынып пайдалануға берілген темір­жол тораптары арқылы Қытай мен Иранды байланыстыра­тын трансконтиненталдық дәліз арқылы алғашқы жүк тиеген пойыз­дың Иранға келуі соның айқын дәлелі болмақ. Тегеранда өткен кездесулер барысында Қазақстан тарапы Иранға ауыл шаруашылығы өнімдері саласында жан-жақты ынтымақтастық байланыс жасауды ұсынды. Бұл ретте өсімдік майы өндірісін құру, Иранға қазақстандық астық және ет өнімдерін экспорттау мәселелері тілге тиек етілді. Сонымен бірге, кездесулерде әуе бағыттарының жиілігін арттыру, екі мемлекет банктері арасында шетел валютасымен өзара есеп айырысу жөніндегі мәселелерді жедел шешу, визалық режімді жеңілдету және басқа өзекті мәселелерді талқылады. Бизнес-форум және «сауда миссиясы» шеңберіндегі келіссөздер барысында қазақстандық KAZNEX, INVEST ұлттық агенттігі, «Бәй­терек» ҰБХ және ҰКП ұсынған нақты жобаларды іс жүзіне асыру шаралары да кеңінен талқыланды. Бұл отырыстарға 250 қазақстандық және 1 000 ирандық компания қатысты. Екі мемлекеттің жетекші іскер топтарының өкілдері бас қосқан осы ауқымды бизнес-кез­де­сулерде тараптар негізінен екі шешуші бағытқа баса назар аударды. Ол: Қазақстанның экс­порттық әлеуетін арттыру және екі елдің жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін ашу болып табылады. «Бәйтерек» холдингінің басшылығы ирандық компания жетекшілерімен қазақстандық өнімдерді экспорттау және жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, қаз­ба байлықтары және тау-метал­лургия кешені саласындағы ынты­мақтастық байланыстар мәселесіне ерекше басымдық берілді. Сапар барысында Әсет Исе­ке­шев Иранның ең ірі өнеркәсіп компанияларының, қаржы холдинг­терінің басшыларымен кездесті. Олардың ішінде «SHASTA», «Hegta» «PhiliGroup», «SunirGroup», «MarnaGroup» «Ghadir Invest», «Sadid Industrial Group» сияқты холдингтер бар. Бұл же­текші компаниялар алтын, жез, темір кен орындарын игеруге, туризм саласындағы жобаларға мұнай-химия өнімдері өндірісі, маши­на жасау, фармацевтика, ет, өсім­дік майы, жеміс-жидек және бас­қа салаларға бірлескен инвести­циялар салуға қызығушылық білдірді. Мәселен, «Kausha» компаниясы Алматы облысында жалпы инвестиция көлемі 2,1 млн. АҚШ долларын құраған өсімдік майы өндірісі бойынша жобаны іс жүзіне асыруға кіріскенін хабарлады. Алдағы уақытта бұл өндіріс 20 мың тонна соя, рапс, үрме бұршақ майын өндіретін болады. Алдағы уақытта компания осындай зауыттарды Қазақстанның басқа өңірлерінде салып, оның өнімдерін Қытай және Иран мемлекеттеріне экспорттауға әзір екендігін білдірді. Жыл ішінде компания майды рафинадтау бойынша арнайы блогты пайдалануға тапсыруды көздеп отыр. Сонымен бірге, бизнес-форум аясында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму ми­нис­тр­лігі «Казгеология» АҚ және IMIDRO (Иранның тау-кен өнеркәсібін дамыту және жандандыру ұйымы) арасында Ын­ты­мақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы Ынтымақтастық туралы меморандум бойынша екі ел аумағындағы қазба байлықтары және геологиялық барлау жөніндегі инвестициялық жобаларды іріктеу және дайындау үшін Қазақстан-Иран жұмыс тобын құру көзделуде. Сонымен бірге, геологиялық барлау саласында геологиялық физика бағытындағы ең озық технология­ларды қолдана отырып бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда. Сауда миссиясы аясында Қазақстанның 60-тан астам өн­діруші-экспорттаушылары өз­дері шығарған өнімдерінің тұсау­кесерлерін өткізіп, ирандық рынок­қа шығу мүмкіндіктерін талқы­лады. 200 ирандық компания­лармен кездесулер өткізіліп, осы кездесулер барысында машина жасау, құрылыс, химия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі өнімдері кеңінен таныстырылды. Әсіресе, нәтижелі өткен кездесулер қазақстандық теміржол техникаларын таныстыру шаралары барысында айқындалды. Иран темір жолы басшыларымен 10-нан астам кездесу өткізілді. Осы маңызды шаралар барысында Иранға қазақстандық локомотив, электровоз, рельс, жүк және жолаушылар вагондарын сату мәселелері жан-жақты тілге тиек етілді. Атап айтқанда, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС компаниясынан 70 электровозды, «Локомотив құрастыру зауыты» ЖШС-нің 75 магистральдық тепловозын, «Ақтөбе рельсарқалығы зауыты» ЖШС-нің 130 мың тонна көлеміндегі рельстерін және «RAILWAYS SYSTEMS» ком­пания­сының 5000 бірлік жүк ваго­нын ирандық рынокқа жеткі­зу мәселелері талқыланды. Кезде­сулер нәтижесінде ирандықтар тарапынан 1000 жолаушы вагонын сатып алуға қызығушылық білдірілді. «Бәйтерек» холдингі бұл келісімді теміржол кепілдігімен несиелеуді ұсынды. Ирандық тарап өз кезегінде вагондарды сатып алуға кепілдік беруге дайын екендіктерін білдірді. Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе Иранның ірі автокөлік дилерлерімен өткізілген кездесу болды. Осы кездесу барысында ирандық дилерлер қазақстандық 1000 автокөліктерді сатып алуға ынта білдірді. Сонымен бірге, келіссөздер қорытындысында энергетикалық және мұнай-газ, коммуникациялық жабдықтарды, азық-түлік өнімдерін және бас­қаларды жеткізу келісімдеріне қол жеткізілді. Қорыта айтқанда, Иран астанасы – Тегеранда өткен екі елдің іс­кер топтары арасындағы кездесулер нәтижелі де жемісті аяқталды. Ұлан САНЖАР.