Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, оларға облыстың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2016 жылдың алда тұрған міндеттерін Елбасы тапсырмаларына сәйкестендіре отырып әңгімелеп берді.
Павлодар облысы еліміздегі өнеркәсіптік саласы дамыған, индустрияландыру бағытында алдыңғы қатарда келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнай мен металл өнімдеріне деген халықаралық рыноктағы сұраныстың азаюы, осыған байланысты аталған өнім түрлері бағаларының төмендеуі бұл облыстың экономикалық жағдайына едәуір әсер еткендігін айта кетуіміз керек. Бірақ аталған мәселелерге байланысты Елбасының тапсырмалары бойынша Үкіметтің жедел шешім қабылдауы жағдайды біршама жақсарта түскен. Соның ішінде, облыс әкімінің айтуы бойынша, дер кезінде жүзеге асырылған теңгені девальвациялау шарасы кәсіпорындардың қайта еңсе тіктеуіне жағымды әсер еткен. Теңге Ресей рубліне қатысты күшейген кезде облыстың экспорттық өнімдерін сыртқы рынокқа, соның ішінде Ресей рыногына өткізуде едәуір қиындықтар пайда болса, девальвациялау шарасынан кейін теңге Ресей рубліне қатысты қайта әлсіреген тұста ол облыс кәсіпорындарының экспорттық өнім өткізу көлемдері де еселеп артқан.
Сондықтан облыс әкімі аталған шараны жалпы тұтынушы халыққа кері әсері болғанымен, экономиканы дамытуда жағымды ықпалы болды деп бағалады.
Облыста Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған ірі шаралардың бірі – индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру. Бірінші бесжылдықта осы мәселе бойынша жалпы құны 274,4 миллиард теңге тұратын 68 жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 5617 жұмыс орны құрылса, екінші бесжылдық аясында 24 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұған жұмсалатын инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгені құрайды. Оның 5 жобасы 2015 жылдың тізіміне енгізілген. Солардың қатарында полимер бұйымдарын өндіру, ЖЭО-3 №2 стансасында жаңа турбина орнату, кернеу алдындағы темір-бетон арқалық шығару бойынша жаңа цех салу, Бозшакөл кен байыту комбинатын салу, мұнай коксын қайта өңдейтін мұнай химия өндірісін іске қосу секілді жобалар бар. Бұлар – жалпы жиыны 443,2 миллиард теңгені құрайтын ірі жобалар. Оның сыртында «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Ертіс өзені арқылы жаңа автокөлік өткелі іске қосылды. Басқа да бірқатар жаңа жобалар пайдалануға берілді.
Өткен жылы облыстың аграрлық саласы табысты жұмыс істеді. Соның нәтижесінде, ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру көрсеткіші оның алдындағы жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсіп, бұл жөнінде еліміздегі ең алдыңғы орындардың бірін еншіледі. Өсімдік шаруашылығында дақылдардың егіс алқабы 73 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы жиыны 1 миллион 115 мың гектарды құрады. Егістікте әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, жарма, майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі кеңейтілді. Суармалы егіншілік жоғары қарқынмен даму үстінде. Соңғы 2 жылда 10 400 гектар суармалы егіс алқабы пайдалануға берілсе, соның 4 300 гектары 2015 жылдың үлесіне тиді. Осының нәтижесінде жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жұмыстары қарқынды сипат алып, облыс бұл мәселе бойынша республикада алдыңғы орынды еншіледі.
Мал шаруашылығында ет экспорттау жұмыстарына мән берілуде. Өткен жылы ғана Австралиядан ет бағытындағы 1202 бас ірі қара мал сатып әкелінді. 2016 жылға жоспарланған 4000 бас шетел селекциясының асыл тұқымды малын әкелу көрсеткіші қазірдің өзінде 4437 басқа орындалды. Осының нәтижесінде облыстан экспортқа 1127 тонна ет және ет өнімдері шығарылып, жоспар 125 пайызға орындалды.
Елбасының 5 бағыт бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін тамақ өнімдерін өндіруге 4,12 миллиард теңге инвестиция салынды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 42 пайызға артық. Соның нәтижесінде, тамақ өнімдерін өндіру 9,9 пайызға артты.
Бағаны тұрақтандыру бойынша ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен тиісті меморандумдар жасалды. Әр жұма сайын ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілетін болды.
Жалпы, өткен жылы облыста ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 миллиард теңге инвестиция салынып, 61 жоба жүзеге асырылды.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында Үкімет тарапынан 1677 ауылшаруашылық құрылымы қаржы қолдауына ие болды. 4,5 миллиард теңгеге 536 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды.
Шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл аударылуда. 2016 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, облыста 52369 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Өткен жылы оларға республикалық бюджеттен 3948,2 миллион теңге қаржы бөлінді. 771 миллион теңгенің шағын несиесі берілді. Оған 295 кәсіпкерлік субъектісі ие болды.
Облыста әлеуметтік сала бойынша бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 1,6 миллиард теңге бөлініп игерілді. Осы шара аясында Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Павлодар ауданының Красноармейка және Мичурин ауылдарында, Шарбақты ауданының Хмельницкое ауылында 4 дәрігерлік емхананың құрылысы аяқталды. 39 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы шаруалар бойынша 652 адам жұмысқа орналастырылды.
Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша 166 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылды. 194 адамға шағын несие берілді. Мұның сыртында бұрын қайтарылған қаражат есебінен 104 бағдарламаға қатысушы 182,3 миллион теңгенің шағын несиесіне ие болды. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 566 адам әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды, 404 түлек жастар практикасынан өтті. Сөйтіп, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5590 адам жұмысқа, оқуға және басқа да шараларға тартылды. Бұл жоспардағыдан 3,2 есе артық көрсеткіш.
Облыста «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында көптеген шаралар жүргізілуде. Соның ішінде, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша халықтың барлық санаттары үшін 1 триллион 088,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 423,3 миллион теңге жұмсалды. Тұрғын үй құрылысындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға 1 триллион 529,7 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, 2015 жылы барлық қаражат көздері есебінен 164,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Ал 2016 жылы осы бойынша бағдарлама аясында 3 триллион 021,3 миллион теңге қаржы бөлінбек. Яғни, биылғы жылы аталған жұмыс қызу қарқын алуға тиіс.
Атай кететін бір мәселе, бұрын халықты ауызсумен қамтуға бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы өз бетінше жүзеге асырылып келген болатын. Өткен жылдың басынан бастап бұл бағдарлама «Өңірлік даму-2020» бағдарламасының аясында біріктірілді. Бағдарлама жұмыс істегеннен бері бұл облыста 407 ауылдың 20 пайызы сумен қамтамасыз етілді. 236 ауыл ауызсуды құбырлы шахталық құдықтардан, су ұңғымаларынан алып отыр. 10 ауылға су тасымалданып беріледі.
Осы істі одан әрі тереңдету үшін өткен жылы республикалық бюджеттен 455,6 миллион теңге бөлініп, ол 100 пайыз игерілді. 41 ауылдық елдімекендерде жерасты су қорларының бар екендігі анықталды. Оларды сумен қамтамасыз етудің жобалық сметалық құжаттары әзірленді.
Облыс халқын медициналық қызметпен, біліммен қамту жұмыстары жалғасын тауып келеді. Өткен жылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 74 пайызға, 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылды. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың қолдауымен Павлодар қаласында 320 орындық балабақша салынды. Облыста 49 білім беру ұйымына көптілді оқыту жүйесі енгізілді. 44 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Мұның сыртында, 5 мектеп пайдалануға берілді. Бірқатар мектептердің құрылысы жалғасуда. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 80,2 балды құрады. 69 түлек «Алтын белгіге» ие болды. ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 40 пайыздан астамы грант бойынша оқу орындарына түсті.
Денсаулық саласында да алға басулар бар. 2014 жылмен салыстырғанда өткен жылы сәбилер өлімі 24,9 пайызға, туберкулезбен ауыратындар саны 16,3 пайызға, жүрек ауруынан қайтыс болатындар 10 пайызға азайды.
705 адам 19,2 миллион теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегіне ие болды. 1314 отбасына 45,9 миллион теңге балаларға арналған жәрдемақы берілді.
Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Мәселен, «Майқайың комбинаты жабылады деген қауесет бар. Осы сөз шындық па?» деген сұраққа Қанат Алдабергенұлы былай деп жауап берді:
– Расында да, теңге бағамы рубльге қатысты күшейген тұста бірқатар кен өндіру кәсіпорындарының бойында ауыртпалықтар болғаны рас. Майқайыңға Сербиядан келген инвесторлар көп нәтиже шығара алмады. Қазір бұл кәсіпорынды өзіміздің павлодарлық жігіттер басқарып отыр. Теңге әлсірегеннен кейін жағдай қайта қалпына келді. Өнімді экспорттау көрсеткіші жақсарды. Менің ойымша бұл комбинат жабылмайды. Жұмыссыздық та бола қоймас. Өйткені, Бозшакөл комбинаты іске қосылғалы отыр. Яғни, жаңа жұмыс көзі ашылуда.
Ауаға лас қалдықтар шығару азайды ма деген сауалға азайды деп айтуға болады. Бұл проблеманы бақылауда ұстау үшін біз тиісті құралдармен жабдықталған жылжымалы зертхана сатып алдық. Сонымен қаладағы кәсіпорындарды тексерген кезімізде 3 кәсіпорында ауамен қоршаған ортаға лас қалдықтар шығару көрсеткіші қалыпты жағдайдан артқандығын анықтадық. Ол кәсіпорындарға тиісті шаралар қолданылды. Одан кейін мұндай оқиғалар қайталанған жоқ, деп жауап берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».