• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Жаңатастағы жаңару

232 рет
көрсетілді

Бүркіттінің биігінен етектегі Жаңатас қала­сына құлдилай бергеніңізде сол жағыңызда есік-тесігі үңірейіп, әлдеқашан жұрты көшіп кеткен көп қабатты үйлерге көзіңіз бірден түсер еді. Қазір осынау қорқынышты үйлердің ешқайсысы жоқ. Өйткені түртіп кетсең, онсыз да құлағалы тұрған бұл үйлердің бәрі бұзылып кетті. Бір кездері жұмыс таппай, сенделіп қал­ған жұрт бұл үйлердің ішіндегі темірлердің бәрін кесіп алып, мүлдем жарамсыз етіп тас­таған болатын. Кеңес заманында 60 мыңға жуық тұрғыны болған Жаңатас өзінің қысқа тарихында талай қиындықты бастан өткерді. Енді, міне, шағын қалалар тізіміне енген бұл кеншілер шаһарының тағы бір жаңа дәуірі басталып келе жатқандай. Дәл қазір Жаңатастың үйіне емес, күйіне қарау керек. «Жері байдың елі бай» деген, соңғы жылдары Сарысу ауданының жер асты байлығын игеруге көптеп келе бастаған инвесторлардың ар­қасында шағын қала еңсесін тіктеп, тіршілігін біршама түзеп алды. – Сарысу жерінде «Еурохим» компаниясы жұмысын бастағалы бері кеншілер қаласының тіршілігінде үлкен өзгерістер орын алуда, – дейді бұл жөнінде Жаңатас қаласының әкімі Дәуренбек Шалбаев. – Компания жұмысын толық бастаған кезде 2 мың жұмыс орны ашылғалы тұр. Жаңатас қаласында бір кездері тіршілігі қайнап жатқан алты шағын аудан бар еді. Тараз жақтан кіре бергенде № 9, одан №7, 4, 5-ші аудандардың үйлері қаңырап, көзге өте қораш көрінетін. 2012 жылдан бастап Үкіметтен шағын қалаларды қолдау мақсатында қомақты қаржы бөлінді. Соның ішінде ең басты мәселе – Жаңатас қаласында апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу болды. Үш жылдың ішінде 120 үй бұзылып, орны тегістелді. О баста бас жоспар бойынша бұл аудандарға жеке үйлер салынады, өз алдына коттедждер қа­ла­шығы түседі деп ойлағанбыз. Алайда «Еурохим» компаниясы Санкт-Петербургтен арнайы мамандар алып келіп, қаланы көркейту мақсатында біраз шараларды қолға алуды жос­парлауда. Біз ол мамандарға бос қалған шағын аудандарды және қала ортасындағы көлді көр­сеттік. Компания екі бағытта жоба жасауға келісіп, басым күшті №8 ауданға салуды дұрыс көріп отыр. Бұған дейін бұл компания Ресейдің Котельниково деген шағын қаласында ірі өндіріс орнын ашып, осындай қалашық салған екен. Сол жобаны бізде де іске асырмақ. Яғни, 2 және 4 отбасыға арналған тұрғын үйлер салынбақ. Негізінен екі қабатты үйлер. Тараз жақтан кіре­берістегі №9 шағын аудан орнынан саябақ салуды жоспарлап, жобасын жасап қойдық. Сонда қалаға кіреберіс өте сәнді болады. Бүгінде Жаңатас қаласында қаңырап бос тұрған, бірақ жөндеп, ел қоныстануға болады деген әлі де 20-ға жуық үй бар. Оның 5-еуі жекеменшікте, 15-і коммуналдық меншікте. Бір кездері болмашы ақшаға жекешеленіп кеткен осы 5 үйді «Еурохим» компаниясы сатып алмақ болған екен. Дайын үйді жөндеп, жұмысшыларына тұрғын үй ретінде беру оларға да әлдеқайда оңайға түсетіні анық еді. Бірақ сатып алған кісілермен бағасына келісе алмапты. Ал, коммуналдық мен­шіктегі 15 үйді жергілікті әкімдік шетінен жөн­деп, үй кезегінде тұрғандарға беріп жатыр. Бюджетке тап­сырыс берілген, бәрінің жобасы дайын. Бір кездері бұл жақтың жастары туған күн кештерінде, қуа­нышты тойларда «Жаңатас қаласынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлаймын», деп әзілдейді екен. Қазір жаңатастықтар өйтіп жалындап сөйлей алмайды. Өйткені, баяғыдай бос тұрған үй жоқ. Жарайтыны шетінен жөнделіп, кәдеге жарап жатыр. Содан болар қалада пәтердің бағасы да, пәтерді жалға алу бағасы да әжептәуір өскен. Сұраныс болғаннан кейін баға өседі де... Осылайша Жаңатастың жаңа дәуірі басталып келеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.