• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

«Қазақ қыздары шектен шығып жүр…»

722 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» 5 ақпан күнгі нөмірінде осы бас тақырыппен жарияланған газетіміздің Маңғыс­тау облысындағы тілшісі Гүлайым Шынтемірқызының мақаласы қазіргі күннің ең бір өзекті мәселелерінің бірін көтергендігімен ерекшеленеді. Шынында бұл қаншама рет жалған намысқа бой ұрып, бүркемелегенмен, сорпаның бетіне іркіліп шығатын майдай жұрттың бәріне белгілі жайға айналып барады. Бұған көз жеткізу үшін әртүрлі әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарды ашып қалсаңыз, жетіп жатыр. Соларда қазақ әйелдері мен қыздарының небір дарақы да анайы әрекеттерге барып жүргендері және солардың көбі қалың қандастардың жиналған ортасы – алуан түрлі той-мереке шаралары барысында жасалып жатқаны анық көрінеді. Осының бәрі ел ішінде де «әй дейтің әженің, қой дейтін қожаның» қалмай бара жатқанын байқатады. Осының бәрі шарасыздықтан жанды ауыртып, жүректі сыздатады. Осының бәрі «Қазақ, қайда барасың?» деп айғай салып, дабыл көтеретін кездің жеткенін көрсетеді. Мына жағдай санасында саңылау бар салиқалы адамды ойлантпай қоймайды. Демек, ұлтын сүйген ұлағатты жандардың екі тізгін, бір шылбырды қайта қолға алатын уақыты туған сияқты. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өскен қазақтың ата-баба өсиетіне адалдығы тағы да таразы тұғырына түсіп, безбен басын ойнатып тұр. Журналист осының бәрін дөп басып, дәл танып, анығы мен қанығын айтқан. Сондықтан да, ол газеттің ойлы оқырмандарын дүр сілкіндірді. Шын мәнінде осыған орай келіп түскен комменттер өте көп болды. Біз соның ішінен ешкімнің ары мен намысына тікелей тимейтін, арасына өрескел сөздер қосылмаған пікірлерді ғана ұсына алдық. Ал бойларын ашу мен ыза кернеген талай адам қаттырақ кетіп қалған екен, сол себепті ірке тұруға тура келді. Дегенмен, осылардың бәрі бұл мәселенің көпшілікті бейжай қалдырмағанын білдіреді. Тақырып расында өте өзекті. Автор мұнда белгілі бір тенденцияға, үрдіске айналып бара жатқан, күннен-күнге азаюдың орнына көбейіп келе жатқан және бұлардың желкілдеген жастар ғана емес, әжептәуір ақыл тоқтатып, айбын жиып үлгерген орта буын арасында да бой көрсете бастаған көрмәдік көріністерге қоғам назарын аударғысы келіп отыр. Бұған біз де қосыламыз. Бұл айтып-айтып, қоя салатын таптаурын тақырып емес. Қазақ қоғамы қазір жылдан жыл озған сайын жаһанданудың барынша араны ашыла түсетін алмағайып кезеңіне ендеп еніп барады. Бұл кез келген ұлттың келешек ұлт болып сақталып қалуын сынға салатын ең бір күрделі де қиын кезең. Бұл кездің дүрлігісі тіпті «Қаратаудың басынан көш келедінің» уағынан да қауіпті. Себебі, бүгінгі таңда Батыстың тікелей ықпалымен адамзат баласын осы кезге дейін уыздай ұйытып, сақтап келген құндылықтардың бәрінің парша-паршасы шығып жатыр. Қазақ сол адуын ағынның ығында кетіп қалмауға тиіс. Мақаланың негізгі идеясы да осында жатыр. Ал қазір, қадірменді оқырман, өз замандастарыңыздың осы мақалаға орай жазған комменттерімен таныс болыңыздар. Және мұның осымен жабылып қалатын тақырып емес екенін ұмытпаңыздар. Демек, сіздерден әлі де парасатты пікірлер күтеміз. Фаридат Бұлай дегенімізбен, барлық қазақ қыздарына күйе жаққандай боламыз. Бәріміз сондайбыз ба? Жоқ. Сондықтан, кейбір деген сөз жазылуы керек пе еді, деген ой туады. Гүлайым. Өзің де мен де қазақтың қыз­дарымыз. Біз ондайлардың арасында жоқпыз. Тәубе. Бұған әжемізден, әке-шешемізден алған тәрбиеміз бен тегіміз әсер етті. Қазақ қыздары! Әттең, намысқа осының бәрі тиеді-ақ, бұларды тәрбиелейтін шеше әже, апа болмай тұрған сияқты! Дидар Мақалада мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр. Бұл жердегі әңгіме кейбір немесе кейбір емес қыздар туралы емес, әңгіме осы мәселенің жалпы тенденцияға айналып бара жатқанында. Осының қауіпті үрдіске ұласып бара жатқаны меңзеліп отыр. Сондықтан «кейбір» деген сөз мүлдем артық. Болат Бедеров Адамның жанын ауыртатын, жүрегін жаралайтын тақырып екен. Бірақ айтып отырғаны шындық. Иә, шындық қашанда ащы ғой, бұл солай аш өзекті күйдіріп барады. Бұлай бола берсек, қазақ деген халық бір жылдары Жер бетінен жоқ болып кете ме деп қорқамын. Әмина Автормен келіспеске лаж жоқ. Бірақ істің түбіріне қарайық. «Түбіріне қара» деген Козьма Прутков. Біз де солай мұның неге бұлай болып бара жатқанын аңдасақ, оның Батыс елдерінің бұрынғы адами құндылықтардың бәрін таптап тастап, неше түрлі құқайларды жер бетіне шығарып жатқанынан көруге болады. Сондықтан Батыстан үлгі алғанды, соған қарап сап түзегенді қояйық, ағайын! Біз ол тобырға қосылсақ, жұтылып кетеміз. Ал Батыстың ештеңесі кетпейді, ол онсыз да бұзылған қоғам ғой, содан да әрі бұзылып кете береді, оларда ұлттық сана, болмыс-бітім деген ұғым да жоқ. Олар саналылар санасыз тірліктер жасайтын қоғамды жасап, соның ішінде «гүлдей жайнап» отырғандар. Арыстан, Ақтөбе қаласы Баяғы Мөңке бидің айтқандары айдай келіп жатыр-ау. Енді осылай болып кете берсе, мына жаһандану деп аталатын атқан оқтан да жылдам қозғалып бара жатқан уақыттың зымыран көшінде қазақ деген халық та, оның болмыс-бітімі де Жер бетінен біржола жоғалады. Оны аз да болса тоқтату үшін мына интернет деген пәлеге, әртүрлі әлеуметтік желілерге шектеу қою керек. Оны жасап жатқан елдер бар. Бар пәлекет осы ғаламтор арқылы жетіп, жастарымызды бұзып жатыр. Жас өскелең ұрпақ сонда көргендерін істейді, соларға еліктейді, солай етуге болады екен-ау деген ойды санасына сіңіреді. Қазақты сақтап қалғымыз келсе, ағайын, осыған бармай болмайды. Бұл  – бір. Екінші, мына берекесіз сақал жіберіп, шолақ шалбар киіп алғандардан құтылмай, біздің ертегі болашағымыз болуы қиын. Жақсылық, Семей Айтылып отырғанының біреуін былай дей алмайсың. Әкеден именбейтін қыз, анасын сыйлаймайтын ұл өсіп келе жатыр. Бұл шынында тенденцияға айналып келеді. Автор мұны «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп запыранын шығара төгіп тастапты. Бұған біздің де жанымыз ауырады. «Қызға қырық жерден тыйымды» жасайтын әке мен шеше де қалмай барады. Баяғы қазақы тәрбие қала бастады. Себебі, соны ұстана алатын ата-ана мен ата -әже де аз осы күні. Алпысқа келгенінше жырқылдап, қыз-қырқынға қырғидай тиіп жүрген әке мен атадан мұндай тәрбиені күтудің өзі күпірлік. Бұл сондықтан бүкіл қоғамның, қазақ қауымының дерті. Ал бұдан қалай шығамыз? Осыны ойланайық. Баяғыдағыдай билер кеңесі, ақсақалдар кеңесі сияқты қоғамдар жұмыс істеулері керек мұндайда. Оралбек Расында автор бұл жерде нақты біреу­лерді көздеп көрсетіп отырған жоқ, ол осы кезде белең алып бара жатқан жалпы үдерісті келтіріп отыр. Сондықтан оның кейбірі не кейбірі емесі болмайды. Жалпы, картина айтылып отырған кезде, соны ұлттың басына тұтас төніп келе жатқан қатер ретінде қабылдап, түсіне білу керек. Және мұндағы мәселе баяғы қазақ, бүгінгі қазақ тұрғысында емес, ендігі қазақты қалай аман сақтап қаламыз деген әңгіме төңірегінен қозғалып отыр. Оразгүл «Кейбір» деген сөз айтылмаса, қазақ қыз­дарына күйе жағатындай «барлық» немесе «бәрі» деген сөз де қолданылып тұрған жоқ. Тырнақ астынан кір іздеудің қажеті не? Автордың мақаладағы ұстанымы, идеясы, айтпақ болған ойы түсінікті. Әсем Орынды жазылған мақала! Қазіргі қоғам проблемасы. «Әйел бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетеді» деп жатады, әлемді тербетпей-ақ, бесігін жөнді тербетіп, ұл-қызына оңды тәрбие бергені маңыздырақ па деймін. Күнде сорақылықтың неше түрін естіп, жағамызды ұстап қана қоймай, қорқатын xалге де жеттік, енді не болар екен, Құдай-ай деп… Қазіргі қоғам қатыгезденіп барады, жантүршігерлік жайттар көп. Бұрынғының «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген сөздерінің заманы кетті-ау осы… Айнаш Бүгінгі қыздар ұлт таңдамайтын да болды. Қандай ұлт болса да, етегінен ұстап кете береді. Егер таза махаббат сезімі болса, сонымен шаңырақ көтеріп, отбасы болып кетсе бір жөн. Автор айтып отырғандай, жеңіл жүріс үшін де кете береді өзге ұлтпен. Қазақ қыздарының бұлай жүгенсіз кетіп бара жатқанына, біріншіден, үйдегі тәрбиенің рөлі ерекше. Үйде құстың ұясындай тату­лық, жылылық болуы керек. Екіншіден, қазіргі орта жаман. Интернет тағы шықты. Сонымен қатар, автор мақаланың басында айтып кеткендей, ерлерді арам ақша аздырды. Қыздар солардың азғындығының құр­баны болып жүргенін де ескеру керек. Мақалада мәселе өте дұрыс көтерілген. Жомарт Айтылған əңгімеңіз дұрыс-ақ. Келісемін. Бұл мəселе ешқашанда жөнделмейді жəне тағы ушыға береді деп ойлаймын. Бұл – біздің қоғамымыздың бір көрінісі. Жан-жақтан тек айтылып қоймай, тез арада осы мəселеге қатысты тікелей мемлекет деңгейінде шешім қабылдануы керек деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан осы кезге дейін əртүрлі қадамдар жасалып жатқан шығар. Менің айтайын дегенім: сүйектің майын тамызып жеген заңгерлер мен қоғам өкілдері бірлесіп, жан-жақты сараптама жасаулары керек. Соның нəтижесінде бір шара қабылдануы керек сияқты. Түрікмен бауырларымыздың «Рухнамасына» ұқсас. Тіпті, осы бағытта жұмыс жасайтын арнайы институт құрылса тіпті жақсы. Себебі, балаларымыз туғаннан бастап, көзін ашқаннан көретіні зорлық-зомбылық, əдепсіздік жəне балабақшадан көріп-үйренетіні жемқорлық. Осылардың бәрінің алдын алмай болмайды.