Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылданды.
ОСК мүшелерін құжат жобасымен Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов таныстырып өтті. Қаулы қабылданған соң, Ортсайлауком төрағасы Қ.Тұрғанқұлов ҚР ОСК-ның отырысына қатысқан ЖСДП республикалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары А.Рахымжановқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттың куәлігін тапсырды, сонымен қатар, ЖСДП-дан партиялық тізімге енгізілген Мәжіліс депутаттығына 23 кандидаттың куәліктерін берді.
2016 жылғы 11 ақпандағы жағдай бойынша Ортсайлаукомға 6 партиялық тізім ұсынылған. «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның, ҚКХП-ның және ЖСДП-ның партиялық тізімдері тіркелді.
Сондай-ақ, Ортсайлауком отырысында «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау жөніндегі баспаханаларды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 4 ақпандағы №10/95 қаулысына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес Алматы қаласы, Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстары үшін мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша сайлау бюллетеньдерін дайындауды «АВК+» ЖШС жүзеге асырады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.