Бұқаралық спорт дегенде қалалықтардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Үйден аттап шықсаң болды – таңдаған спортыңның жалына қол саласың... Осыған қарап отырып ауылдықтарды аяйсың. Жазды қойшы, топырақты шаңдатсаң да доп теуіп, футбол ойнайсың. Ал қыс баласы ше? Кешке қарай жұмысынан келіп, малын жайғап болған соң бір уақ дененің құрыс-тырысын жазайын десе жұрттың барар жері жоқ. Мектептің аядай ғана спорт залына соқталдай-соқталдай жігіттер қайдан сыя қойсын және де қалай дегенмен де, оқушы балаларға арналған мемлекеттік мекеме ғой ол.
Түнеугүнге дейін Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен деген ауылдағы ахуал да тура осындай болып келген еді. Ал қазіргі жағдайы адам танымастай өзгерген. Аядай ғана ауылда жергілікті шаруа қожалығының басшысы Қайрат Көпбаев деген мырза қалтасынан 110 миллион теңге шығарып, спорт кешенін салып берді.
Әлбетте, түкпірдегі Түгіскенге осындай тарту жасаған фермердің бұл тірлігін «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деп те жалаулатуға болады. Президентіміздің кәсіпкерлерді елдің мұқтажына қарайласуға шақырған үндеуіне мүбәрак іспен жауап берген ірілік деп бағалағанға да сыяды мұныңыз. Қалай дегенмен де, Қайрат Көпбаев деген атымтай-жомарт азаматтың туған жерге деген перзенттік махаббаты мен үлкен адамгершілігін ауызға алдымен алған жөн шығар.
Қайрекеңнің өзі көпбалалы отбасынан шыққан. Еңбекпен көзін тырнап ашқан жан. Осы күніне өз маңдай терімен жеткен ер екен. Бүгінде еңбегі жанып, тасы өрге домалаған. Өзінен артылғанмен ағайынға қарайласып, енді, міне, туған ауылына да шарапатын тигізіп отыр.
Көсегең көгергір Көпбаевтың «Мақсат» деп аталатын шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсірумен айналысады. Бүгінгі күнде аталған шаруа қожалығында 30-ға тарта адам еңбек етіп, бала-шағасын асырап жатыр.
Кәсіпкердің болашаққа деген жоспары да көңіл сүйсінтеді. Алдағы уақытта ол спорт кешеніне жапсарластырып бассейн салмақшы. Одан кейін кішігірім қонақүй де бой көтермек. Бұл дегеніңіз, Түгіскенге түкпір-түкпірден спортшылар келіп, спорттың нешеме түрінен турнирлер өтеді деген сөз. Содан кейін кәсіпкер екі «ГАЗель» автокөлігін сатып алмақшы. Бірін мектепке, екіншісін спортшыларға тарту етпек.
Ауылдың азаматы осындай игі істерді тындырып тастағанда аудан, облыс басшылары да сырттан бағып қана тұрмады. Аудан әкімі Ғабдрахман Омаров өзі қадағалап, кәсіпкерге құрылысқа деп жер берді, су, электр және жылумен қамтамасыз еттірді. Ал облыстың әкімі жаңа спорт кешеніне деп күрес кілемін сыйға тартты. Бұл кілем сол күні ұзындығы 36 метр болатын спорт залына төселді. Залдың бос қалған екінші жартысына волейбол, баскетбол және мини-футбол ойнауға әбден болады. Жалпы, бұл жерде спортшы қауымға барлық жағдай жасалған. Шешінетін жер, жуынатын бөлмелер, жаттығу залы бар. Қаланікінен бір де кем емес.
Жаңа спорт кешені білікті маман – жаттықтырушысыз жетімсіреп тұрар еді. Ал бұл жағынан түгіскендіктердің жолы болды деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені, ауылда күрестің жілігін шағып, майын ішкен мамандар баршылық. Солардың бірі – Түгіскен орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Халил Әбенов. Халилдің өзі кезінде күрескен, КСРО спорт шебері, қазір дзюдо және қазақ күресінен жаттықтырушы. Оның шәкірттері де біраз белестерді бағындырыпты.
Бүгінгі күнде спорт кешені 80 пайызға керек-жарақпен жабдықталған. Жетіспеген спорттық құралдарға тапсырыс беріліпті, қаладан әне-міне әкелінуі тиіс деп күтіп отырған жайлары бар.
Жаңа спорт кешенінің салтанатты жағдайда өткен ашылу рәсімінде ауыл ақсақалы Қожантай Омаровтың ақ батасынан кейін, Жаңаарқаның жампозы, самбо күресінен Әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бүгінгі күнде Олимпиада резервтерін даярлау орталығының директоры болып қызмет ететін Жанат Байшолақов құттықтау сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы өзінің кезекті бір Жолдауында 2020 жылға дейін қазақтандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керек деген міндет қойды. Қу тақырға шөп шықпайтыны секілді, спорттық инфрақұрылым болмаса, мақсаты айқын бұл межеге қолжеткізе қоюдың өзі қиямет-қайым іс қой. Ал бұл бағытта Түгіскеннің ұпайы түгел. Өйткені, бұл ауылға спортқа деген жанашырлықтың дәні сіңген.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Нұрлан ӘБІЛДИН,
журналист.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы.