• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Сенімге лайықтының бағы жанады

209 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Атырауда «Нұр Отан» партиясының мүшелері еселеп өсті. Қазір өңірлік филиал құрамында 32023 белсенді мүше бар. Олардың бәрі де партия бағдарламасының сәтті іске асуына атсалысып келеді. Кеше облыстық филиалдың кезектен тыс ХХІ конференциясында қалалық және аудандардағы филиалдардан сайланған 180 делегат бас қосты. Олардың арасында барлық саланың, соның ішінде экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сонымен бірге, шағын және орта бизнес, мемлекеттік басқару мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Делегаттардың басым бөлігін, яғни 98 пайызын жоғары білімді мамандар құрады. Тіпті, 6 ғылым докторы мен кандидатының болуы партия мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі мен әлеуетінің жоғарылай түскенін байқатады. Конференцияда алдымен фи­лиал төрағасы, облыс әкімі Бақ­тықожа Ізмұхамбетов сөз алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде әңгімеледі. Оның пікірінше, өңірде үдемелі ин­­дустриялық-инновациялық жо­балардың іске асуымен жұ­мыс орындары да ашылып жатыр. Қазір Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық өр­кендеу қарқыны тұрақты. Ірі инвес­тициялық жобалар іске асырылып, жаңа өндіріс орындарын ашу, мұнай-газ өндіру көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, әлеуметтік саланы дамытуға баса көңіл бөлінуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріліп отыр. Ауылдардың инфрақұрылымдары да жақсара түсті. Соның ішінде ауылдарға таза ауыз су, жол тартылуда. Енді Атырау қаласының іргесіндегі елді мекендерде жол салу ісі қолға алынбақ. Былтыр өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлініп, 2 343 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу, мұнай мен мұнай өнімдері нарығын ырықтандыру, тасымалдау бағытын әртараптандыру арқылы мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Бұл саладағы жетістіктер де аз емес. Өңір мұнайшылары өткен жылы 32,4 млн. тонна мұнай және 15,2 млрд. текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді. Бұдан соң делегаттар атынан Бақытгүл Хаменова, Қайырлы Ғилманов, Ақтолқын Ахметжанова пікір білдірді. Мәселен, Қайырлы Ғилманов жоғары оқу орнын бітірген соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Индер ауданына жұмыс жасауға келіпті. Қазір осындағы М.Әуезов атындағы мектепте оқушыларға дәріс береді. Оған жас маман ретінде алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалыпты. «Біз еліміздің одан әрі өркендеуіне үлесімізді қоса береміз», деді ол. Бұл конференция делегаттарына 27 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар да таныстырылды. Партияның өңірлік филиалы әр сайлау округіне бір кандидаттан ұсыныпты. Кандидаттар құрамында дәрігер мен заңгер де, кәсіпкер мен мұнайшы да, тіпті, кәсіподақ ұйымының өкілі мен ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы да бар. Айтқандай, этномәдени бірлестіктің 4 өкіліне де сенім білдіріліп отыр. Сайлау додасына мәслихаттың бұрынғы депутаттары да түседі. Дегенмен, қай кандидаттың қай сайлау округінен көп дауыс жинап, бағы жанарын уақыт көрсетеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.