«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде №46 сайлау учаскесіне тіркелді. Қаратөбе елді мекені, М.Әуезов атындағы №96 орта мектепте орналасқан №46 сайлау комиссиясының төрағасы Оразәлі Маханов үміткердің құжаттарын тіркеуге комиссия мүшелерінің қатысуымен қабылдап алды.
«Сіз – осы сайлау комиссиясына алғаш болып тіркелген үміткерсіз. Сайлауда жеңіске жетіп, елдің үмітін ақтай беруіңізге тілектеспін», – деген ақ тілек айтты Оразәлі Әнуарұлы.
Облыстағы Жаңа технологиялар колледжінің директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Досалиев – облыс тұрғындары арасында беделді, танымал азамат. «Облыста өткен «Ауыл» партиясы конференциясында менің кандидатурам облыстық мәслихатқа ұсынылды, – деді Қанатбек Балтабайұлы. – Бәріміздің де қанаттанып ұшқан ұямыз, қазақтың алтын бесігі – ауыл. Сондықтан, жауапкершілік жүгі ауыр. Әрине, халық сеніміне ие болып, сайлауда жеңіске жетіп жатсақ, біз атқаратын шаруа көп. Елбасымыз ауыл жағдайын оңалту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және елді жұмыспен қамту мәселесін Үкімет мүшелеріне ұдайы тапсырады. Бүгінгідей әлемдік дағдарыс жағдайында қалада жұмыссыз жүрген жастар көп. Оларды ауылға оралтып, жеңіл несиемен өз кәсібін ашуға жәрдемдессек, жағдайларын түзеп алар еді. Ауылдағы техника аз, барының дені ескірген. Лизингке алу қымбат. Кепілге қойып алар үй, қора-қопсысын банктер жаратпайды. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ауылдарда МТС ашуға талпыныс жасап жатыр. Осы істің жүзеге асуына көмектесеміз. Жалпы, «Ауыл» партиясының қазақтың ұлттық қайнары, күретамыры ауылдың әл-ауқатын көтеретіндей өз бағдарламасы бар».
Келесі кезекте үміткер облыстағы белгілі ауыл шаруашылығы ғалымдары, кезінде ауылда табысты жұмыс жасаған білікті басшы, еңбек озаттарының басын қосып, дөңгелек үстел өткізгендерін айтты. «Ұсыныс, пікірлерін жинақтадық. Ауылға жаңа технология жетістіктерін тарту мәселесін талқыладық. Әрине, сайлауда жеңіске жетіп жатсақ, осы проблемаларды облыс әкімдігімен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік туады», – деді Қ.Досалиев.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.
Сурет: el.kz