• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Кәсіпкерлер келісімі

330 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бастамашы болған сайлауалды ұйымдастыру шаралары соны сипат алып отыр. Оның ауқымы өңірдегі кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдерінің қалың топтарын құрайды. Сонымен бірге, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аймақтық филиалы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының ынталы топтары да алдағы 20 наурыз күні өткізілетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларының маңыздылығына ерекше мән беруде. Олар сайлау өтетін күннің өзектілігін жалаң түрде емес, оны бүгінгі қаржы дағдарысының алдын алу шараларымен байланыстыра қарастыруда. Өткен сәрсенбі күні «Даму» қоры филиалының ғимаратында өткізілген облыс кәсіпкерлерінің басқосуы кезінде де олардың алдағы сайлаудың маңызы мен ерекшелігіне айрықша ден қойып отырғаны белгілі болды. Әрі бұл арадағы басты парыз кімнің кімге, немесе қай партияға дауыс беруінде емес, азаматтық белсенділік танытып, сайлау күніне өңір кәсіпкерлерінің бір кісідей тегіс қатысуында екендігі жан-жақты сөз болды. Бұл тұрғыда облыс кәсіпкерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау өткізетін күнді бекітіп берген Қазақстан халқына үндеуіне қолдау көрсетті. Алдымыздағы сайлау Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы әрі өзара жарастығы тағы бір сыннан өтетін тарихи күнге айнала алатынына сенім білдірді. Біз төменде осы айтылған орамды ой-пікірлердің бірқатарын газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Шолпан МАХМҰДОВА, шағын бизнес орталығының директоры: – Кезектен тыс Парламент Мәжілісі және кезекті барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізу жөніндегі Елбасы үндеуін толығымен қолдаймын. Бұл бүгінгі күрделі әлемдік экономикалық ахуал жағдайында өте дұрыс, оң шешім болды деп есептеймін. Қазір етекті кеңге жайып, ырғалып-жырғалатын кез емес. Бүгінгі күні біз бәріміз уақыттың әділ төреші екенін терең түйсіне бастағандаймыз. Уақыттан ұтылғандар көп нәрседен ұтылады. Бұл орайда да кезектен тыс сайлау белгілеудің орны айрықша. Әлемде мұнай бағасы түсіп кетті деген тіркесті біз бәріміз бүгінде жиі қайталайтын болдық. Осы тұрғыда шикізаттық емес секторды дамытудың пайдасы мол. Өңірдегі шағын бизнес өкілдері оның маңыздылығын айрықша сезінуде, әрі іс пен сөздің бірлігіне жетуге ұмтылуда. Сайлау күні бүгінгі және алдағы уақыттарға белгіленген іс-жоспарларымыздан тыс тұра алмайды. Сайлауға бірауыздан үн қосудың қажеттілігі де осында. Оған тегістей қатысайық демекпін. Борис ЛАВРЕНТЬЕВ, «Ақ жол» шағын және орта бизнес қауымдастығының директоры: – Әр қазақстандықтың алдағы 20 наурыз күні беретін дауысы дағдарысты ауыздықтауға және алға қарай дамуымызға қосылатын бір тамшы үлес десем, қателеспейтін шығармын. Осы орайда, әріптестерімнің сайлауға тегіс қатысу жөніндегі бастамасын толықтай қолдаймын. Республикада кәсіпкерліктің жан-жақты өрістеп, іргесі беки түсуіне Мемлекет басшысының көрсеткен қолдауына ешқандай баға жетпейді. Бұған іспен жауап беру, отандық өндірістің өрісін кеңейту ендігі кезекте біздердің үлесіміздегі іс болмақ. Сондай-ақ, Елбасы өз үндеуінде жоғары заң шығарушы органға кезектен тыс сайлау өткізудің қажеттілігін тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті. Оны қайталап жатпай-ақ қояйын. Бұл сайлаудың орны бөлек. Сайлау күні бәріміздің сайлау учаскелерінен табылғанымыз алдағы өркенді істерге бастайтын іргелі қадам бола алады деген ойдамын. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.