• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Ирандық кәсіпкерлер дермене жеген мал етіне инвестиция салмақ

318 рет
көрсетілді

Бәйдібек ауданында жылдық қуатты­лығы 5 мың тоннаға жететін мал сою цехы салынады. Бұл келісімге облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Иран Ислам Республикасынан келген инвесторлармен кездесуде қол жеткізілді. Мал соятын цех ашу таңсық емес. Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылына барсаңыз қасапханалардың көптігіне таңғаласыз. Төрт облыс орталығына ет сатып отырған ауданда цехтардың дені санитарлық талапқа сай қызмет істейді. Бұл қасапханалардан Иран инвесторлары жобасының бөлек­тігі сойылған ет мұздатылып, ішінде ауасы сорылып алынған арнаулы қалташаларда шыға­рылатындығында. Қоңыр күзде ауылға бар­ғанбыз. Қара шаңыраққа ие болып қалған ініміз «сойылатын, сатылатын мал көп. Сиыр етінің келісі көтерме бағамен 700 теңге, жылқы мың теңгеге жетпей қалды. Оған да көнер едік. Алымсақ та аз», деп күйінген. Ет жемейтін адам жоқ. Алым­сақтың аздығы баяғыдай көл-көсір ақшаның жоқтығынан да емес, мал басының көбей­ген­дігінде. Сатып алушыға салсаңыз бір тайдың етін бір құнан қойдың бағасымен алғысы келеді. Алты ай қыста арқа еті арша, борбай еті борша болып, малын сынық шөпке дейін есептеп қыстан зорға шығарған шаруа отбасының керегін шығару үшін жоғары бағада өткенін қалайды. Ал іргеде отырған, түшкүрсе дыбысы естілетін Ресей сонау ит арқасы қиян Бра­зилия, қала берді мұхит тербеткен Австра­лиядан ет тасымалдайды. Мол еттің үстінде отырып біз де Бразилиядан ет сатып аламыз. «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрах­манов сол кездегі Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ахметжан Есімовтен, «Ақа, осының мәнісі қалай?» деп сұраған кезде, министр «сатып алуға себеп, ол ет мәрмәр текті, жоғары сұрыпты», деп жауап беріпті. Біздегі кемшілік халықаралық стан­дарттарға сай, санитарлық-эпиде­мио­логиялық сараптамалардан өткен жоғары сұрыпты ет дайындай алмай жатқанымызда. Иран инвесторларының мал сою цехын дәріптеп жатқанымыз, олар сатылымға шығарған, арнаулы қалташаларға салынып мұздатылған ет халықаралық талаптарға жауап береді. Оңтүстіктің Отырар, Бәй­дібек аудандарында дермене деген жусанның керемет түрі өседі. Шымкенттегі дәрі-дәр­мек шығаратын «Химфарм» зауытының патшалық Ресей кезінде осында салынуына дермене себеп болған. Қоңыр күзге қарай дәні толып, басын көтере алмай самал желмен қаракөк теңіздей тербеліп тұрады. Дәні ащы. Тек, күзгі жаңбыр бір-екі төккеннен кейін шайыры шайылады. Қой малының жеңсік асы осы. Іші-сыртына шығып шайлап қалады. Ал еті – дәрі. Дәмі ауызыңыздан кетпейді. Белгілі кәсіпкер, екі-үш ауданда әкім болған Әлімжан Құртаев осы дерменеге байланысты бір қызық кепті айтқан. Кезінде Шымкенттегі технология институтын басқарған, кейін қызмет бабымен Алматыға ауысқан Сұлтан Сүлейменов өзінің шәкірті Әлімжан Құртаевқа телефон шалады. Қысқасы, үнемі дастарқаны ортақ ғалымдар­ды үйіне қонаққа шақырған. «Сендердің жеп жүрген еттерің ет пе, мен сендерге дермененің дәніне тойған, еті дәрумен Отырардың қойын жегіземін». Әлімжан айналайын, ағаң осылай мақтанып қойды. Маған Отырардан бір қой жеткізіп бер, дейді. Әлімжан Сейітжанұлы та­биғатында екі дегізбейтін азамат. Бірақ, ғылыми жұмысы сіңбіруге мұрша бермей әр минутын есептеп жүрген кезі. Әні-міне дегенше, айтқан мерзім де келіп қалады. Амалы таусылған Әлекең мал базарына барады да құйрығы тегенедей ісек сатып алып, «аға, бұйымтайыңызды орындадым», деп апарып береді. Ойы – еттен еттің не артықшылығы бар. Қызығы кейін болған. Ағамыз үйдегі апайға етті қайқайтып тұрып асқызады. Төре табақты қонақтарының алдына тартады. Дермене жеген қойдың етін аңсап келген қонақтың бірі, «Сұлтеке, құдай ақы, мына малыңыздың еті Кеген, Нарынқол малынан айырмасы жоқ қой», дейді. Дермене жеген қойдың етін асқанда ауаға керемет дәм иісі шығар еді. Шәуіл­дірде талай мәрте қонақ болған Сұлтекең де іштей сезіктеніп жүр екен. Әлімжанға телефон шалады. – Айналайын, қонақтарымнан ұят болды. Саған өкпе жоқ. Бір таңғалғаным Нарынқолдың қойы Отырарға қалай барған. Біреу қыз алып, құдалық жолмен апарды-ау, – депті ақкөңіл ғалым. Әлекең, Әлімжан «сондағы ұяттан өртенгенім-ай», дейді. Айтайын дегеніміз. Бәйдібек ауданы да дермененің отаны. Суы тұнық, отты жер. Малының еті асыл. Міне, Иран инвесторлары Бәйдібек ауданына 6 300 000 мың теңге инвестиция салғалы жатыр. Нысанның құрылысы аяқталған соң 200-ге жуық адам жұмысты болады. Ал, дайындалған ет Қазақстаннан бөлек Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.