Ақкөл ауданында майлы және дәнді дақылдарды кептіріп, тазартатын және сақтайтын жаңа заманауи кешен салтанатты жағдайда ашылды. «Пегас» ЖШС кешенінің құрылысы екі кезек бойынша жүзеге асырылуда. Жаңа кәсіпорынның қуаты – 30 мың тонна. Жалпы, нысан әрқайсысы 3000 тоннаны құрайтын 10 шұңқыр құтыдан тұратын болады. Өткен жылдың қазан айында жобаның бірінші кезегі жүзеге асырылып, 5 шұңқыр құты орнатылған, бүгінде бұлар толық жұмысқа қосылды.
Ал жобаның екінші кезегін 2016 жылдың қазан айында іске қосу жоспарланған. Автоматтандырылған жаңа кешен желілері Ресей және Түркия елдерінен жеткізілді. Кәсіпорында 12 адам жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгеден асады. Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл заманауи нысан компанияның жеке қаражатына салынған.
Мемлекет басшысы аймақтардың әлеуетін арттыру үшін ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру қажеттігін алға тартқаны белгілі. Ақмола облысында осы тапсырманы орындау мақсатында былтыр 245,2 мың гектар майлы дақылдар, 193,9 мың гектарға жемшөптік, 18,37 мың гектарға картоп және 4,4 мың гектарға көкөніс дақылдары егілген.
Салтанатқа қатысқан өңір басшысы Сергей Кулагин кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы дақылдарын сақтау және кептіруді қамтамасыз ету үшін 2015 жылы өңірде 14 жаңа кешен пайдалануға берілсе, 2016 жылы тағы да осындай 8 жаңа нысан іске қосылады деп күтілуде.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.