• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Жабық жүзу бассейні құрылысына БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша 19 миллион, жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге қаржы бөлінді

483 рет
көрсетілді

Таяуда Зайсан қаласының тұрғындары тайлы-тұяғымен спорт модулі жанынан бой көтерген еңселі, алыстан көз тартатын көрікті жүзу бассейні жанына жиналды. Шыңылтыр аязды сағынып қалған зайсандықтар 24 градус суықты елер емес, аспанда қалықтаған сазды әуен ырғағына еліктеп, орындарында тұрып тер­беледі. Жиналғандардың жүзінде қуаныш, өйткені, олар бұл күнді асыға күткен. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың бастамасы бо­йынша жабық жүзу бассейнін салу жөніндегі игі ойды қала жұртшылығы, аудандық мәслихат депутаттары қолдады. БҰҰ ДБ құрылысқа 19 миллион қаржы бөлсе, облыстық, жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге қаржы табылды. Бұдан бір жыл бұрын ғимаратты салуды білікті де білімді азамат, «Нұр-Сервис» ЖШС басшысы Ербол Келгенбаев бастаған жігіттер қолға алды. Енді, міне, бір жылға жетер-жетпес уақытта жүзу бассейні іске қосылды. Жабық жүзу бассейні Кенді Алтайдың аудандарын былай қойып, Өскеменнен басқа ірі қалаларда жоқ. Салтанатты жи­ынға БҰҰ жауапты қызмет­кер­л­ері, ауданның белгілі азамат­тары, облыс орталығынан спорт саласының майталмандары, қол күресінен әлемнің күміс жүл­дегері, Азияның бірнеше дүркін чемпионы Нұрлан Қасымжанов, спорт шеберлері, аудан намысын республикалық, облыстық жа­рыстарда абыроймен қорғап жүр­ген Мұрат Бітімбаев, Әділ Ар­тығалиев, Файзолда Қой­шы­ма­нов, Ақылбай Елеуов, Оралбек Жиен­баев, тағы басқалар келген екен. – Бүгін біз үшін қуанышты күн. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында саламатты өмір салтын сақтау, адамдардың бос уақыттарын көңілді өткізу, спортпен шұғылдану жөнінде айтқан. Жүзу бассейнін салуға БҰҰ Даму бағдарламасы демеушілік жасады. Демек, балалар мен жастардың дене тәрбиесімен шұғылдануы, ел азаматтарының денсаулығы мықты болуы назарда деген сөз. Сіздерді қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді аудан әкімі. Бұдан кейін БҰҰ өкілі Мә­лике Оралқызы, осы Ұйым фи­лиа­лының Семейдегі кеңесшісі Әсима Серікбайқызы, ауданның құрметті азаматы, белгілі журналист Бекен Жапаров, тағы басқалар құттықтау сөз алды. Құрылысты салып берген «Нұр-Сервис» ЖШС-інің басшысы Ербол Келгенбаев жүзу бас­сей­ні­нің жаттықтырушысы Бекзат Нұр­тазовқа символдық кілтті тап­сырды. Аудан спортын ұзақ жылдар басқарған, «Сайхан» спорт клубының тұңғыш директоры Зайсанбек Қажанов ақ батасын беріп, жеткіншектерге табыс тіледі. Қол күресінің шебері Н.Қасымжанов жерлестерін құттықтап, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың құттықтау хатын оқып берді. Лента қию құрметіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, осы өңірдің тумасы Елдос Чикенов, жазушы-журналист Бекен Жапаров, спорт ардагері Шорман Мазақов ие болды. Жүзу бассейнін өз балансына алған «Сайхан» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дархан Абылханов қазір аталмыш клубта 700-ден астам баланың жаттығып жүргенін, енді су спортында да тамаша жетістіктерге жететінін айтып, қуанышымен бөлісті. Ұзындығы – 25, ені 12 метр­лік жүзу бассейнінде 15 бала суда жарысып, өнер көрсетті. Кіре­­­­бе­рістегі кең дәліз, жуынатын, киім киетін, басқа да бөлмелерді Ербол Келгенбаев «Туған жерге –тағзым!» акциясы бойынша өз қаржысына салып, сыйға тартты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы. ––––––––––––– Суретті түсірген М.САЛБАНОВ.