• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Оң үрдіс Шанхайда оқып жүр қазақ қызы...

348 рет
көрсетілді

Шығыс-Қытай педагогикалық университетінде білімін жетілдіріп жүрген студент Фарида Төлеубаева қытай тілі факультетінің «Ең үздік студенті» атанды. Оның айтуынша, қытай тілі факультетінде Америка, Жапония, Корей, Ресей, Украина, Индонезия сияқты елдерден келген студенттер де білім алуда. Қай уақытта болсын көп тіл білудің, оның ішінде қытай тілін үйренудің қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің еліміз бен Қытайдың арасындағы эконо­микалық, мәдени байланыс­тар жылдан жылға өркенді түрде жал­ғасуда. Шығыстанушы маман­дығына сұраныс та артары сөзсіз. – Сондықтан да қытай тілін үйреніп, білімімді толықтырғым келді, – деді Фарида скайп арқылы сөйлескенімізде. – Бір жыл ішінде ізденіп, еңбектеніп қытай тілін меңгере бастадым. Есейген соң мені ғасырлар қатпарындағы ел тарихы, иероглифтердің сиқыры қызықтырды. 1996 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келдім. Алты жасымда №22 мектеп гимназияға бардым. Алғашқы ұстазым Сәуле апай Сүлеева. 2013 жылы облыс орталығындағы «Жас дарын» мектебінде «Алтын белгіні» ие­лендім. Әл-Фараби атындағы Қа­­зақ ұлттық университеті шы­ғыс­тану факультетінің студенті атандым. Құпиялы, жұмбақ тілді үйренуіме үлес қосқан қытай тілі кафедрасының оқыту­шы­ларына алғысым шексіз. Был­тыр еліміз­дің жоғары оқу орын­дары сту­денттерінің VII Респуб­ликалық пәндік олимпиадасында ІІІ орын алдым. 2015-2016 оқу жылында университет акаде­мия­лық мобильдік жүйемен білім алуым үшін Шанхайдағы Шы­ғыс-Қытай педагогикалық уни­вер­ситетіне жіберді. Анам «Жо­лың­нан қалма, білім ал» деп өз қара­жатымен алыс жолға шығарып салды. – Төлеубаева 4 сынып оқып жүр­генде өлең жаза бастады. Әдеби кітаптарды менімен бір­ге оқитын. 2007 жылы облыс орта­лығындағы «Жас дарын» мек­тебіне қабылданды. Сынып же­текшісі Гүлшекер Белгібаева оқу­шылардың білім алуына бар күш-жігерін жұмсады. Қа­­зақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ай­наш Тоқтарханқызы Төлеу­бае­ваны олимпиадаға дайындады. 2010 жылы республикалық олим­пиаданың жүлдегері ІІ дәрежелі диплом, күміс медалін жеңіп алды, – дейді анасы Қар­лығаш. – Айтпақшы, 16 жасқа тол­ған­да анам маған сыйлық жасады. Циндао қаласындағы бір айлық қытай тілі курсына жі­берді. Оқытушыларының әдіс­темесі ерекше болады екен. Шы­ғыс-Қытай педагогикалық университетінің кітапханасында 3,5 миллион том кітап сақталады. Ағылшын, неміс, француз, жапон, корей және басқа да тілдердегі кі­таптарға толы. Білім беру жүйе­сі үздік, өркениет жолында. Жер­гілікті студенттердің кітапқа деген құмарлығына таңғаласың. Кітапханада техниканың соңғы үлгісі Mac компьютерлерімен жұмыс істеп, 7000-нан астам Қытай кітаптарына қол жеткізе аласыз. Арнайы терминалдар арқылы кітап қорынан керекті ақпаратыңызды тез арада өз ұялы телефоныңызға жүктей аласыз. Студенттерге ар­налған арнайы су, шәй, кофе арзан бағамен сатылатын аппарат орналасқан. Тіпті, студенттердің мінез-құлқына қарай жекешеленген немесе көпшілік отыратын орындар қарастырылған. Бір жерде Италиядан келген студенттер қытай тілінің қыр-сырын меңгеріп, кітаптан бас алмай отырса, енді бір жерде Корея студенттері қытай ті­лінде фильм көріп отырады. Мен оқырмандардың, жастардың кітап оқуға деген құштарлықтарын алғаш рет көрдім, – деді Ф.Төлеу­баева бізге байланыс барысында. – Қызым университеттің би­ылғы бірінші семестрінде «Ең үздік студент» деген дипломға ие болды. Қытай тілінде жазылған дипломын көріп, ұзақ қарадым. Өзге елде жүріп, үздік атанғаны үлкен қуаныш. Қызымның бола­шағынан үміт күтемін. Оқуын бітіріп, туған еліне оралып, елдік мүдде-мақсат жолында еңбек етеді деп ойлаймын. Қазір Африка, Араб, Колумбия, Италия, Корей елдерінің студенттерімен танысып, өздері бір үлкен отбасы болып кеткендей, – дейді анасы бізбен әңгімесінде. Жуырда облыс әкімдігінде Қытайдың Шаньси провинция­сынан келген делегация өкіл­дерімен кездесу болғаны есі­мізге түсті. – Павлодар облысымен өнер­кәсіп, бизнес, білім беру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қолға аламыз, – деп еді сонда Қытай делегациясының басшысы. Ал, облыстық білім беру бас­қармасының басшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, облыс­та қытай тілін оқытатын мамандар жоқ көрінеді. Бірақ, Төлеубаева секілді жастар арасында қытай тіліне деген сұраныс та бар, қызы­ғу­шылық та көп екен. «Білімді Қытайдан болсын іздеңдер» деген. Сол іздеу уа­қыты келді. Қазіргі біздің жас­тарымыздың мойындарында үлкен жауапкершілік тұр. Ол – өркениетті білім алып, еліміздің еңсесін дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ал, көп тіл білу өмір талабы. Шетелде оқыған ұл-қыздар елге қайтуы қажет. Бұл одан да үлкен талап. Әрине, Фарида сияқты өз студенттеріміздің де облыс орталығына қытай тілін үйретуші маман болып келіп жатса, құба-құп. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.