• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Азиада саңлақтардың бағын ашады

505 рет
көрсетілді

Азиада

Азиада саңлақтардың бағын ашады Астана, Алматыда өтетін Қыс­қы Азиада елімізге үлкен абырой әкеледі. Спортшы үл­кен жетістіктерге жету үшін оған халық­ара­лық талаптарға сай жабдықталған спорт кешендері қажет. Қазақстан осы абы­ройлы міндетті Азия ойындарын өткізу арқылы шешіп жатыр. Біз жазғы, болмаса қысқы олимпиада ойындарында медаль­дарға су­саған елміз. Ванкувердегі Елена Хрусталеваның күміс медалі болмаса, өзіміздің елден кешегі Владимир Смирновтан басқа олжа салған мықтыларымыз кө­рін­бей жүр. Азиада осы мақсатты жүзеге асыруға қызмет етеді деп ойлаймыз. Біздің спортшыларымыз да осыны түсінетін сыңайлы. Швей­цариядағы атақты Давоста өтіп жатқан Әлем кубогінің кезекті этабында шаңғышымыз, ұлттық құра­мамыздың серкесі Алексей Полтаранин 15 шақырымға клас­сикалық мәнермен жекелей жа­ры­суда алтын медальді жеңіп алды. Бұл – Әлем кубогі жолында қазақ­ст­андықтардың 1998 жыл­дан бергі ең ірі табысы. 1998 жылы Финляндияның Лахти қаласында өткен жарыста жерлесіміз Владимир Смирнов 30 шақырымға классикалық мәнер­мен жарысуда алтын медаль ал­ған болатын. Сондықтан, бұл жеңістің орны бөлек. Елена Хрусталеваны сырт­қа тепкеніміз емес, бірақ шындық айтылуы керек. Ресей құрамасына өтпегеннен кейін біраз мемлекеттерде бағын сына­ды. Қазақстан атынан Ванкуверде сынға түскен­де жолы болды. Бұл қызымызға үл­кен рахмет. Бірақ, өзге мем­ле­кеттердің өзіне жарамай қалған спортшыларын жалдаумен көсе­геміз көгермейді. Өз спортш­ыларымыздың шық­қаны жақсы. Бұл ретте Александр Полтаранинді үлгі етуге болады. Ванкуверде өткен қысқы Олим­пия ойын­дарында бесінші орын алған Александр уақыт өткен сайын көрсеткіштерін жақ­сартып келе жатқандығы қуан­тады. Жақында ол Финляндияның Куу­само қаласында өткен класси­калық спринтте алдына норвегия­лық шаңғышы Йон Кристианды ғана салып, мәреге екінші келген. Енді алтын алып отыр. Елімізде өтетін Азия ойын­дарында Александрдан бөлек, Елена Хрусталева, Николай Чебатко, Елена Коломина, Светлана Малахова-Шишкина секілді спорт­шы­ларымыз шаңғы спортында жоғары сапалы медальдар үшін сайысқа түсері анық. Басқа спорт түрлерінен де үлкен олжа күтіп отырмыз. Шайбалы хоккейден қыз­дары­мыз 2003 жылы Жапонияда, 2007 жылы Қытайда өткен Қыс­қы Азия ойындарында жеңім­паз бол­ған. Яғни, қазақстандық қыздар  бұл жолы да алтын үшін кү­ре­седі деген ойдамыз. 2010 жыл Қазақстан үшін тола­ғай табыстармен келсе, 2011 жыл­дың шымылдығын Қысқы Азия ойындарымен ашқалы отыр­мыз... Отанымыз қуатты мемлекет екендігін дүние жүзіне осылайша танытып жатыр. Бұл барша қазақ­стандықтар үшін жүрек­жар­ды қуаныш болса керек. Бақтияр АРТАЕВ, Афинада Олимпиадасының чемпионы, Жамбыл облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы. Жамбыл облысы. Бұл – біздің Азиада! Астана мен Алматыда өтетін қысқы Азия ойындары халқымыз үшін үлкен мереке, халықаралық спорт тойы болғалы тұр. Қытай, Жапон және Корей мемлекеттері қысқы ойындарда Олимпиаданың талай алтынына қол жеткізген мемлекеттер. Олармен әлемдегі үздік спортшылар санасады. Біз­дің спортшыларды да осал деп айтуға болмайды. Соңғы Олим­пия ойындарында жақсы та­быс­тарға жете алмағанымызбен жыл санап шеберлігі өсіп келе жатқан саңлақтарымыз бар. Өз елінде, өз жерінде өтіп жатқан ойындарда олар намысты қолдан бере қоймас. Тіпті, командалық бірінші орын үшін күресуге мүм­кіндіктері бар. Қазақстанның табиғаты қысқы ойындарды өткізуге әбден лайық. Канаданың Ванкувер қаласында өткен Олимпиада ойындарында күн күрт жылып кетіп, таулы аймақтардан қар тасығанын естіген едік. Алматыда ондай жағдай қайталана қоймас деп деп сенеміз. Тау шаңғысы деген – керемет спорт. Биіктен құлдилап келіп, шаңғымен әуеде қалықтау әрекеті көрермендерге ерекше ләззат сыйлайды. Атақты “Медеу” мұз айдыны­ның атағы кезінде Швейцарияның Давос мұз айдынынан бірде кем емес еді. Бірінші рет толық жөн­деуден өтіп, халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендірілген “Медеу” әлі рекордтар айдынына ай­на­лады. Астанада және Ал­матыда жаңа спорт кешендері салынды. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Бұның бәрі орасан қаржы. Мұны экономикасы мықты, келешегі кемел мемлекеттер ғана жасай алады. Елбасымыздың сын­дар­ды саясатының арқасында осын­дай биіктерге жеттік. “Қой үстіне бозторғай жұмыртқа­лай­тын күндер әлі алдымызда”, дейді Президентіміз. Өз басым тәуел­сіздік алғанына небәрі 19 жыл болғ­ан жас Қазақстанымыздың әлемге мәшһүр болғанына қатты қуанамын. Жазира ЖАППАРҚҰЛ, ауыр атлетші, Сингапурда жасөспірімдер арасында өткен Олимпия ойындарының жеңімпазы. Жанам деген жүректерге от береді Спорт – ел намысы. Ал намыстан биік ештеңе жоқ. Бұл турасында қазақта “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді” деген аталы сөз бар. Үлкен спорт, бір жағынан, осы жарысты өткізген мемлекеттерді дүние жүзіне әйгілі етеді. Әлі ыстық-суығы басыла қоймаған футболдан өткен әлем чемпионатын еске алайық. Әлем чемпионаты Оңтүстік Африканың даңқын көтер­генімен, елдің бюджетіне өте ауыр салмақ түсір­ген. Бұл жайында қазір батыс баспасөзі жарыса жазып жатыр. Стадиондар салу мен инфрақұры­лымдарды жүргізуге мемлекет бөлген 4,5 млрд. доллардың 500 млн. доллары ғана қайтыпты. Оңтүстік Африканың туризм министрі Мартинус ван Шалквиктің айтуынша, мундиаль кезінде елге 450 млн. шамасында жанкүйер келеді деп есептелген. Алайда, үміт ақталмады. Жекелеген туристік фирмалар болмаса пәлендей табыс бол­маған. Бірақ, ел үкіметі, жарлы халық аса мұңа­йып отырмағанға ұқсайды. Себебі, Оңтүстік Африкада өткен футбол тойы тарих парағына алтын әріп­термен жазылды. 2018 жылы футбол тойы Ресейде өтеді. Үкімет басшысының алдын-ала мәлімдеуіне қарағанда, Әлем кубогін сарапқа салуға 10 млрд. доллардай қаржы жұмсалады деп болжам жасап отырса керек. Алғашқы қаржылар үш жылдық бюджетке са­лын­ған. Бұған әуежай, жолдар, кемелер келіп тоқ­тай­тын порттар жөнделеді. Стадион­­дар салынады. Айналып келгенде, спортқа бөлінген қаржы текке шашылмайды. Ел керегіне жұмсалады. Қазақстан да Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық кезеңін аяқтады. Жаңа спорт ны­сан­дары пайдалануға берілді. Сырт көзге шығын сияқ­ты көрінгенімен, спорт қондырғыларына салынған қаржы өзін өзі әбден ақтайды. Өйткені, Азиада өткеннен кейін бұл спорт кешендері босап қалмайды. Ең бірінші кезекте өз спортшы­лары­мызға керек. Екіншіден, мұнда халықаралық жарыстар өткізуге әбден болады. Кезінде “Медеу” мұз айдыны дүние жүзіне әйгілі болатын. “Рекордтар фабрикасы” деген қосымша атауы бар еді. Құдай қос көрсе, енді Медеу мұз айдыны талай олимпиада жеңімпаздарының тұсауын кесетін кешен болады. Өркениетті елдермен спорт бәйгесіне түсу үшін халықаралық талаптарға сай спорт кешендері болу керек. Гуанчжоуда өткен Жазғы Азия ойындары осыны анық байқатты. Азия Қытай, Корей және Жапон мемлекеттерінен кейін төр­тінші орын алуға Қазақстанның мүмкіншілігі әб­ден жетеді. Ол үшін спортшыларымызға Қысқы Азия ойындарына салынып жатқандай кешендер жазғы түрінен де керек. Қазақстан – қуатты ел, мықты мемлекет. Бола­шағы зор. Өркениетті елдердің басшылары Саммит кезінде Елбасымызға жоғары деңгейде ұйым­дастырғаны үшін рахмет айтып жатса, ол да ұлт мерейі. Дүниежүзілік дағдарыс кезінде осындай айтулы іс-шараны мойнына алып, абыроймен өткізу көптеген мемлекеттердің қолынан келе бермейді. Елбасы және Қазақстан бәріміз үшін егіз ұғым болып қалды. Қысқы Азия ойындарының тағдыры Қазақстанға сеніп тапсырылуының өзі халқымыз үшін үлкен олжа. Абыроймен өтсін деп тілейік. Жылдың төрт мезгілінің табиғаты бар Қазақстан әзірге қысқы олимпиадалық ойындардан олжа сала алмай келеді. Астана, Алматыда өтетін Азияда Ораз Қаңлы­баев, Вадим Шақшақбаев, Владимир Смирнов секілді саңлақтарымыздың ізбасарлары көптеп шы­ғуына септессін. Қазақстанда жанған Азияда алауы талай саң­лақтарымыздың әлемдік мәрелерде бірінші болуы­на қызмет етсін деп тілейікші... Жахан ОҢАЛБЕКОВ, ХҚТУ Шымкент филиалының директоры, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт шебері. Оңтүстік Қазақстан облысы.