• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Абырой биігінде

788 рет
көрсетілді

Серікқалимен 1988 жылдың соңына таман жақынырақ таныс­тым. Профессор Тауман Аман­досов басқаратын журна­листік шеберлік және әдеби редакция­лау кафедрасында басымыз тоғысты. Тауман аға өздерінің жасы ұлғайған кезде факультетте дәріс беруге қазақ жастарын батыл тарта бастады. Ол кезде факультет оқытушыларының басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді. Таукең өз кафедрасына «Жа­лын» баспасында жүрген мені, белгілі журналист, ақын-драматург Марат Ысқақовты, университетті енді бітірген талантты ақын Амантай Шәріпті, дарынды журналист Бауыржан Омаровты және 1983 жылдан республикалық «Ленин­шіл жас» газетінің Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі болған, 1986 жылдан Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген танымал журналист Серікқали Бай­меншені аспирантура ар­қылы жұмысқа шақырды. Ка­федрамыз өте ұйымшыл, ын­тымақ пен бірліктің ұясына айналды. Серікқали өте ақкөңіл, кеңпейіл азамат болып шықты. Әсіресе, әдемі әзіл айтылғанда ақтарылатын ғажайып күлкісі бар екен. Жүзі жылы, қа­шанда күлімдеп жүретін, практикалық тә­жірибесі мол жас оқытушы студенттердің көп іздейтін, жиі үйірсектенетін ұстазына айналып жүре берді. Ол кезде біздің Секең не­бәрі отыз үш-ақ жаста болатын. Танысып, әңгімелесе ке­ле, Серікқалидың журналис­тика факультетін 1977 жылы бі­тіргендігінен хабардар болдық. Бірге оқыған курстастарының фамилияларын айтқанда, бір таңырқап қалдық. Әрқайсысы сайдың тасындай қазақтың танымал қаламгерлері екен. Кафедра меңгерушісі профессор Т.Аман­досов маған М.Әуе­зовтің, Серікқалиға Б.Май­линнің, Амантайға С.Қожановтың шығар­машылығын зерттеуге тапсырма берді. Бірде үшеуміз бірге отырғанда, көңілденіп келген Таукең: «Мен дүниеден кеткеннен кейін, үшеуің кафедра меңгерушілігіне, менің орныма таласып жүрмеңдер! Күлкіге қаласыңдар!»-деп қалжың айтып, жадырайтын. Ұстаз тапсырмасын үшеуміз де орындадық. Мен 1994 жылы 18 ақпанда «М.Әуезовтің публицистік шеберлігі», 1995 жылы 14 нау­рызда Серікқали «Бейімбет Майлиннің журна­листік шығармашылығы» тақы­ры­бында, Амантай «Сұл­тан­бек Қожановтың әдеби-пуб­ли­цистикалық мұрасы» тақы­ры­бында кандидаттық диссертация қорғадық. Серікқалидың Бейімбет шы­ғар­машылығын зерттеудегі ең­бегі ересен болды. Көп мұрағат де­ректерін, ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдарды түгел ақтарып, Майлин мұрасының толық ғылыми айналымға ен­гізі­луіне қажыр-қайратын сар­қа жұмсады. «Майлының Бейім­беті», «Бейімбеттің сөз­станы», «Бейтаныс Бейімбет» (монография), «Зергердің зертханасы» сияқты бірнеше кітаптар шығарды. «Тұңғыш құрбан», «Белгісіз шығармалар», «Романов­тардың соңғы күн­дері» деген аттармен Бейімбеттің беймәлім шығармаларын кітап етіп жариялады. Зерттеуші Т.Бейіс­­құловпен бірге Майлиннің 7 том­­дық шығармалар жинағын құ­растырып, алғысөзі мен ғылыми түсіндірмелерін жазды. 2004 жылы академик Рымғали Нұрғали­дың ғылыми кеңесшілігімен «Бейім­­бет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Серікқалидың тыным­сыз ізденісінің арқасында Бейім­беттің беймәлім фельетондары мен оқшаулары, очерктері мен мақалалары ғылыми сараптаудан өтті, бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға берілді. Мысалы, Бейім­бет­тің «Б-т», «Б», «МБ», «БЖ», «Бы­Жы», «Кетбен», «Жолаушы», «Газетші», «Жорналшы», «Ма­лай», «Мереке», «Мен ғой», «Көз», «Інісі», «Тай», «Қарабала», «Алакөз», «Нық», «Өзім», «Ішінде болған», «Егінші», «Жалшы», «Шоң» сияқты көптеген бүркен­шік есімдерімен жазылған шы­ғар­ма­ларын ғылыми жүйелеп айналымға енгізді. Бұрын да Бейімбет шығармашылығын зерттеген Т.Нұртазин, Б.Наурызбаев, Ф.Оразаев, С.Ордалиев еңбектері өзінің заңды жалғасын тапты. Серікқали жан-жақты әрі нақты ізденістерімен Бейімбет шығармашылығын зерттеудің қазіргі заманғы жаңа ғылыми бағытын қалыптастырды. Бү­гінгі әдебиеттану ғылымында Б.Майлин мұрасының басты шырақшысы Серікқали Байменше екендігін атап айтуымыз керек. Ол жазушы Жиенғали Ті­леп­­бергенов еңбектерін та­ныту­ға көп еңбек сіңірді. Бұл туралы «Елін сүйген ерек жан» (Ал­маты,1997) деген зерттеу кітабын жазды. С.Байменшенің тікелей құрастыруымен және ғылыми түсіндірмелерімен Ж.Тілеп­бер­геновтің «Перизат-Рамазан» (Астана, 2002) жинағы жарық көрді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Алаш қозғалысы қайрат­керлерінің бірі, белгілі ақын Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, осынау танымнан тыс қалған қа­зақ қаламгері хақында жүйелі еңбектерін жариялауда. Серікқали одан соң бұрынғы Жоғарғы Кеңесте, кейін қос па­ла­талы Парламентте, Се­нат Аппаратында жауапты қыз­меттер атқарды. 2007 жылдан – дипломатиялық қызметте, 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Феде­рациясындағы елшілігінің бірін­ші хатшысы, кеңесшісі болды және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса ат­қарды. Кейінгі жылдары жарық көрген «Сәт сағат», «Зергердің зертханасы», «Мұрагер», «Дәнекер», «100 ертегі» сияқты салиқалы кітаптары – қаламгердің журналистика, әдебиеттану, дипломатия, ұрпақ тәрбиесі салаларында атқарған еңбектерінің жинақталған тұ­жы­­рымды нәтижесі іспеттес. Мәселен, «Дәнекер» кітабына енгізілген «Кішіаралдағы кесене», «Жақсыны іздеу», «Әй, қап!», «Құбаш, Пушкин, Шәкәрім», «Тұрар тұрған үй», «Құпия құлпытас», «Бесеудің бесігі», «Қиырдағы қазақ жұрты», «Мәскеулік» Момышұлы», «Жеңіскер жыр», «Ақжүрек», «Алматы» стансасы», «Теңбіл доп», «Серпін», «Асылзада», «Соңғы сұхбат», «Путин жолы» сияқты әңгіме-эсселерінде Ре­сей өміріне, осы елдегі қандас бауырларға, қазақстандық атау­ларға қатысты көптеген келелі тақырыптар көркемдікпен баяндалады. Автор «Қиырдағы қазақ жұр­ты» деген кезекті шығармасын «Бір қауым қазақтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында, Көкшетау, Қызылжар, Қостанай төсіндегі ежелгі ата­ме­кендерінен ауып, Батыс Сібір­дің орманды даласында көшіп-қонып жүргені туралы әңгіме бұрынырықта құлағымызға ша­лынған-ды... Жаппай отырық­шылық жайлаған кеңес заманында бұлар неге көшіп-қонып жүрді екен? Өскен елі қайда, туған жері қайда? Айдың-күннің аманында атамекенін тастай көше ме адам?! Сібірдің сыңсыған орманды даласына қалай жетіп жүр?..» деп бастай отырып, өткен тарих топырағы астында қалып қойған сол босып көшкен ауылдардың ақиқатын, ұлттық дәстүр-салтын берік ұстанған қалың қазақтың айналадағы ұжымшарлар мен деревняларға сіңісе алмай, орыс орманының ортасында ата-ба­ба­сының көшпелі қалпын жал­ғастырған кезеңін байсалды баян­дайды. Кітаптағы осы кезеңнің шын­дығын баяндайтын бір шығарма «Құпия құлпытас» деп аталады. Бұл ретте автордың «Қызыл қырғында қыршын кеткен, отызыншы жылдардың ойранында опат болған ұлт арыстарының аруланбаған асыл сүйегін, туған жердің түйір уыс топырағы бұйыр­май, жермен жексен болған белгісіз қабірлерін іздеп табу, олардың басына бір белгі қою – сол асылдардан туған бүгінгі ұрпақтың көп жылдар бойы жүрегін тербеген мұң...» деген сөздері жүрек тебірентеді. «Сәт сағат» кітабы «Мөңке бидің Нос­традамустан несі кем?» атты 2000 жылғы 29 қарашада «Егемен Қазақстан» газетінде басылған ғылыми-танымдық мақаласымен ашылған. Серік­қалидың осы шығармасы туралы «Бес жылдың бедерлері» атты шолу мақалада: «2000 жыл... 29 қарашада жарияланған Серікқали Байменшенің «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?»деген материалы танымдық жағынан оқырмандар ойынан шыққан материал болды.» – деп көрсетілсе, танымал мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мөңке туралы сүбелі мақала жазған ғалымдарымыздың бірі – Серікқали Байменше. Оның осыдан үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жа­рияланған «Мөңке би­дің Нострадамустан несі кем?» атты мақаласы ол туралы тәуелсіздік жылдарында жинақталған жарияланымдар мен зерттеулерді қорытып түйіндеген, тиянақты туын­ды болып шықты», – деп жоғары бағалаған екен. Қазақстан Жазушылар ода­ғының және Журналистер ода­ғының мүшесі, Қазақ­станның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, дипломат, ұл-қыз өсірген әке, немерелерінің қызығына бөленген ата Серікқали Байменше қазірде тәуелсіз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін көтеру мақ­сатында Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияда лауазымды қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол туралы бір ауыз сөз естісем, емен жарқын қауышатын, «ақырын жүріп, анық басатын», ақкөңіл азаматтың бейнесі көз алдыма келеді. Еліміз­дің еңсесін ас­қақтататын да осындай әмбебап жандар. Абырой биігінен көріне бер, аға досым! Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.