Қазіргі кезде кәсіпкерлікті қолдауға барлық жағдайлар жасалуда. Соның бір көрінісі «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың Астана қаласындағы аймақтық филиалы директорының орынбасары Сәуле Әбішева, Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев және өзге де сала мамандарының қатысуымен «Кәсіпкерлерді бірыңғай қабылдау күнін» өткізу болды.
Еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан осындай іс-шараларға үлкен маңыз беріліп отыр. Өткен жылы партияның барлық аймақтық және аумақтық филиалдарының 200-ден астам қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кәсіпкерлік мәселелері бойынша 2 мың азаматқа жан-жақты көмек берілсе, үстіміздегі жылдың тек қаңтар айының өзінде 150-ден астам адам өз сұрақтарына жауап тауып, солардың кейбірі кәсіптерін дамытуға қаржылық қолдау алған. Жалпы, 2015 жылдың 13 наурызы мен 11 қыркүйегі күндері «Нұр Отан» партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға мүдделі және қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен даму институттары үшін алаң ұсынылып, «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» жобасы аясында мемлекеттік қолдауды беру мәселелерімен азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясына 5 мыңнан астам адамның қатысуына жағдай жасалған.
Бұл ретте, қабылдау барысында азаматтарға шағын және орта бизнесті қаржыландыру қолжетімдігін арттыру, кепілдемелерді ұсына отырып, өз ісін жаңа бастап жүргендерге қолдау көрсету мен кепілді қаржыландыру жайы жан-жақты түсіндіріліп отырғанын айта кеткен жөн. Негізінен, мұндай қабылдаулар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің барынша қатысуы үшін оңтайлы жағдайлар жасауға өзіндік үлесін қосып келеді. Өйткені, кәсіпкерлерге «Өз ісіңді қалай бастау керек» атты оқу курстарынан өту және сертификат алу шарттары және бизнес жоспарларды қалай құру керектігі туралы жан-жақты ақпараттар берілген.
«Нұр Отан» республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов қазір өз ісін бастаймын деген азаматтарға барынша жағдайлар жасалғанын айтты. «Бүгінгі таңда Елбасының шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау туралы тапсырмасына сәйкес, арнайы бағдарлама да бар. Сол бағдарлама бағыттарын кәсіпкерлерге жан-жақты жеткізу үшін осындай іс-шаралар өткізудеміз. Егер біз жеткізбесек, онда олар қайдан біледі. Партия қабылдау бөлмелеріне келіп жатқандығы да сондықтан», деді Жұмажан Қамкенұлы. Орта және шағын кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылай қолдауларға ие болып, өз істерін дөңгелетіп әкетуде белсенділік танытып келе жатқандығы да аталды. Оның үстіне, қолдауға қатысты және әртүрлі әкімшілік кедергілерді алып тастауда көптеген жаңашылдықтар көрініс тауып, бағдарламалар да жетілдіріліп келеді екен.
Бүгінде мемлекет лизингтік жолмен қаржыландыру мәселесін шешіп отыр. Қазірдің өзінде кәсібін бастаймын деген азаматтарға 20 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік беріліпті. Былтыр кейбір жерлерде кепілдік мәселесі күрделі болып келсе, енді «Даму» қоры сол тәуекелдердің кейбірін өз мойындарына алғаны мәлім болды. Алайда, кәсіпкерлердің басындағы проблемалар әлі де толық шешілмеуде. «Юпитер» зерттеу орталығы» ЖШС бас директоры Болатхан Боранбаев қабылдау бөлмесіне «Даму» қорының қалалық филиалына шағымдана келгендігімен түсіндірді. Оның айтуынша, жарты жылға жуық уақыт ішінде қаржыға әрең дегенде қол жеткізген. Сондықтан да ол жоғарыда аталған қордың қалалық филиалының жинақтайтын қағаздары екінші дәрежелі банктерден де көптігін айтып, тиімсіздігіне қарай қысқартып тастауды ұсынды.
«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың Астана қаласындағы аймақтық филиалы директорының орынбасары Сәуле Әбішеваның түсіндіруінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, өткен жылдың наурызында айналымы 60 миллион теңге болатын инвестициялық жобаларға берілетін кепілдендіру жайын заңнамаға сәйкестендіру қарастырылыпты. Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев өз кезегінде мәселенің мәнісіне үңіле келіп, «Даму» қоры тарапынан берілетін несие банк жүйесімен үйлестіріле жүзеге асырылып, кемшіліктер азаятынына сенім білдірді. Дей тұрғанмен, ол банк пен несие алушы тарапынан болуы мүмкін тәуекелдермен бөлісу жайын да тілге тиек ете кетті. Ал осыдан бір жыл бұрын теледидардан осындай қабылдаулар жүріп жатқандығын естіген Қазақ технология және бизнес университетінің 3-ші курс студенті Мәдина Фархатова өз ісін бастау үшін осында ақыл-кеңес алуға арнайы келіпті.
Міне, осындай өз ісін бастау үшін келген азаматтарға қоғамдық бөлмелердегі қабылдаулар тиісті кеңестер мен ұсыныстар беріп қана қоймай, оның нақты шешімін де ұсынады. Осы тұрғыдан келгенде, шағын және орта бизнес өкілдерінің түйткілді мәселелерін шешуде партия қабылдау бөлмелерінің алар орны алабөтен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».