• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

ҮНДЕУ

454 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 25-2 бабының тәртібі бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты прокуратура органдары конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес барлық сайлау үдерісіне қатысушылары тарапынан сайлау туралы заңнаманың дәл және бірыңғай қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратынын мәлімдейді. Адам мен азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын қор­ғау, заңдылықты сақтау, заң бұзу­шы­лықтардың алдын алу, сон­дай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мақсатында сайлау үде­рісіне қатысушылардың назарын сайлау алдындағы іс-шараларға қатысты келесі заңнама нормаларына аударамыз. Қазақстан Республикасы Орта­лық сайлау комиссиясының 20.01.2016 жылғы №3/83 қаулы­сымен бекітілген Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындалу және өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес ертең 2016 жылғы 20 ақпанда сайлау алдындағы үгіт басталады, ол 2016 жылғы 18 наурызда сағат 24.00-де аяқталады. Қазақстан Республикасы Ор­талық сайлау комиссиясының 20.01.2016 жылғы №3/82 қаулы­сымен бекітілген Күнтізбелік жос­парға сәйкес Қазақстан Респуб­ликасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау алдындағы үгіт 2016 жылғы 24 ақпанда басталады және 18 нау­рызда сағат 24.00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгiт – бұл сайлаушылардың белгiлi бiр кан­дидатты, саяси партияны жақ­тап немесе қарсы дауыс беру­ге қатысуына түрткi болу мақ­сатындағы қызмет («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы, бұдан әрі – Конституциялық заң). Конституциялық заңның 27-ба­бының 3-тармағына сәйкес сай­лау алдындағы үгiт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады. Сайлау алдындағы үгiт заңнамада белгiленген тәртiппен және Конституциялық заңда тыйым салынбаған сайлау алдындағы жария iс-шаралар (сайлаушылармен жиналыстар және кездесулер, жария пікір таластар мен пiкiр алысулар, митингiлер, шерулер, демонстрациялар және өзге де жария іс-шаралар) арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте, Конституциялық заң бұқаралық ақпарат құралдарын кандидаттардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асы­руға, кандидаттың, саяси пар­тияның ар-намысына, қадiр-қасие­тiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға мiндеттейді. Саяси партиялардың және мәс­лихаттар депутаттығына канди­­даттардың сайлау алдын­дағы бағдарламаларында Респуб­лика­ның конституциялық құры­лысын күштеп өзгерту, оның тұтас­тығын бұзу, мемлекет қауiп­­сiз­дігіне нұқсан келтiру, әлеу­меттік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздық­ты қоздыру, қатыгездiк пен зор­лық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ, заңдарда көзделмеген әскери­лен­дiрілген құрылымдар құру идея­лары уағыздалмауға тиiс (Конс­титуциялық заңның 29-бабы). «Бұқаралық ақпарат құрал­дары туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Заңымен Интернет-ре­сурстар бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына жатқызылғанын атап өтеміз. Сәйкесінше, Интернет желісін­дегі сайлау алдындағы үгіт бұқа­ралық ақпарат құралдарына қойыл­ған талаптар ескеріле отырып жүр­гізілуі тиіс. Конституциялық заңның 28-ба­бының 9-тармағына сәйкес сай­лаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақ­парат құралдары сұрау салуды жүр­гiзген ұйымды, сұрау салу­ды жүргізуге тапсырыс бер­ген және оның ақшасын төле­ген адамдарды, сұрау салу жүргi­зіл­ген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжы­ры­мын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэф­фициентiн көрсетуге мiндеттi. Бұқаралық ақпарат құрал­дарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нә­ти­желерiнiң болжамын, сай­лауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi. Сайлау күнi дауыс берілетiн жайда қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады. Соңғы кезде сайлау науқаны барысында жекелеген тұлғалармен әртүрлі Интернет-ресурстарда онлайн-дауыс берулер (онлайн-сұрау салулар) ұйымдастыру және олардың нәтижелерін жариялау тәжірибеге алынғанын атап өту қажет. Осындай әрекеттерде қоғамдық пікірге сұрау салудың барлық белгілері бар болғандықтан олар­ға Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының жоғарыда маз­мұн­далған талаптары тең өлшемде таралады. Жариялы сайлау алдындағы іс-ша­раларды өткізу кезінде жиналыстар, митингілер, шерулер және демонстрациялар болып табы­латын қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерді білдіру орын алады. Бейбiт жиналыстар, митин­гi­лер, шерулер, пикеттер және де­монстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Рес­публикасының «Қазақстан Рес­публикасында бейбiт жиналыс­тар, митингiлер, шерулер, пикет­тер және демонстрациялар ұйым­дастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңымен (бұдан әрі - Заң) реттеледі. Бұл Заң қоғамдық тәртіпті, тұр­ғындардың денсаулықтары мен өмірлерінің қауіпсіздігін қамта­масыз етуге, азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын сақтау­ға бағытталуына байланыс­ты жаппай жария шаралар алдын ала ескертіліп, жергілікті атқа­рушы органдарының рұқсатымен арнайы белгіленген жерлерде көл­iктiң, өзге де инфрақұрылым нысан­дарының қалыпты жұмыс iстеуi­не нұқсан келтіретін бөгет­терді жоя отырып өткізілуі тиіс. Осыны ескере отырып, жабық ғимараттардан тыс жерлердегі Конституциялық заңның 27-бабы 3-тармағының 2-тармақшасында көр­сетілген жариялы сайлау алдын­дағы іс-шаралар Заңмен белгілен­ген тәртіпте өткізілуі тиіс. Конституциялық заңның 27-бабы­ның 9-тармағымен сайлау алдын­дағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ, омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағына сай шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған сая­си партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруы­на тыйым салынады. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлес­тiктер, шетелдiк мемлекеттік органдар, шетелдердiң заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады (Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағы). Сайлау жарияланған (тағай­ын­далған) кезден бастап, кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларды, сон­дай-ақ, олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады. Кандидаттың, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияның, сондай-ақ, оның сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тізімді тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады (Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағы). Конституциялық заңның 34-бабына сәйкес кандидаттың сайлау алдындағы үгiтiн қаржыландыру сайлау қорлары қаражатынан жүзеге асырылады. Бұл ретте, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайыр­малдықтары, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың аноним­дiк қайырмалдықтары сайлау қорларының құралу көздері бола алмайды (тыйым салынады). Сайлау науқанын сайлау қорларынан бөлек қаржы­лан­дыруға немесе кандидаттарға, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларға өзге материалдық көмек көрсетуге тыйым салынады. Дегенмен, Конституциялық заңның 28-бабының 1-тар­­мақ­шасына сәйкес Конс­ти­ту­циялық заңға сәйкес сайлау қор­ларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржы­ландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы. Дей тұрғанмен, кандидатқа, саяси партияға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қыз­мет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда Конституциялық заң­ның 28-бабының 7-тармағына сәйкес оның осы қызметтердi қа­былдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез кел­ген үгiтке тыйым салынады (Конституциялық заңның 32-ба­бының 1-тармағы). Сайлау болатын күні не оның қарсаңындағы күні сайлау алдындағы үгітті жүргізу, де­путаттыққа кандидаттарға, олардың сенiм бiлдiрілген тұлғаларына сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу құқығын iске асыру үдерісінде кедергi келтiру, кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасау, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған сая­си партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi келтіретін және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыруы, сайлау алдындағы үгiтті, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргiзу шарттарын бұзу, анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату, үгіттеу материалдарын қасақана жою, бүлдіру, сайлау науқанын сайлау қорларынан тыс қаржыландыру немесе оған өзге де материалдық көмек көрсету, жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға, саяси партияға олардың жазбаша келiсiмiнсiз қызметтер көрсетуi, сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу шарттарын бұзу, үгіт материалдарын ескерткіштерде, обелискілерде, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайларда орналастыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 11-тарауы). Сайлау құқықтарын немесе сайлау комиссияларының жұмысын жүзеге асыруына кедергi жасау, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150, 274-баптары). Жоғарыда келтірілген заңнама нормаларын түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау үдерісі барысында, соның ішінде сайлау алдындағы үгітті немесе жария іс-шараларды заңсыз өткізуге жол бермеу бөлігінде заңдылықты мүлтіксіз сақтауға шақырады. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.