• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Дайындық барысы пысықталды

351 рет
көрсетілді

«Бірлік» партиясы үгіт-насихат науқанына дайын. Бұл туралы кеше «Бірлік» саяси партиясының басшылығының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған партияның Орталық сайлауалды штабындағы брифингте айтылды. Журналистердің сұрақтарына жауап берген «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасарлары Болат Байқадамов пен Төлеген Қуанышев, партия мүшелері Мұрат Раев, Мұрат Қожамқұлов өз сөздерінде қазіргі кезде «Бірлік» партиясы сайлауалды науқанға толық дайын екендігін, партияның сайлау штабтары еліміздің барлық өңірінде жұмыс жасап отырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, партияның Орталық сайлау штабы ресми түрде биылғы жылдың 12 ақпанында Астана қаласында ашылған, барлық офис қажетті техникамен және автокөлікпен толықтай қамтамасыз етілген. Бұған қоса, сайлауалды бағдарлама да әзірленіп, қабылданған, үгіт үнпарақтарының, плакаттар мен басқа атрибуттардың сызбалары бекітілген. Мәселен, «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Т.Қуанышев партияның билбордтар даярлау және орналастыру жөніндегі жарнамалық компаниялармен шарт жасасқанына, партияның іске қосылған ресми сайты pp-birlik.kz. арқылы атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша егжей-тегжейлі толық ақпарат алуға болатынына тоқталып өтті. Жалпы, депутаттыққа кандидаттар үшін үш әдістемелік ұсыным дайындалса, оның біреуі сенімді уәкілдермен жұмыс жөніндегі нұсқаулық, енді біреуі сайлау өткізуді ұйымдастыру мәселелері бойынша әзірленген жадынама екен. Биылғы жылдың 20 қаңтарынан қазіргі кезге дейін партия Астана мен Алматы қалаларында 84 іс-шара өткізген, оның ішінде партияның кезектен тыс ІІ съезі де бар. Ал елдің қалған өңірлерінде 194 іс-шара ұйымдастырылыпты. Партия өкілдері бүгінгі күні «Бірлік» партиясының Астана қаласындағы Орталық штабына 38 адам келгенін, Алматы қаласындағы штабына 12 адам, жалпы филиалдар бойынша 122 адам келгенін жеткізді. Олардың барлығы партияның жұмыс істеу қағидаттары, мақсаты, партия тізімі бойынша депутаттыққа ұсынылған кандидаттар туралы толық, түбегейлі ақпарат алған көрінеді. Сонымен қатар, ұжымдық өтінімдер мен жекелеген сайлаушылар тарапынан өтініштер қабылданса, олардың арасында «Самал» шағын ауданындағы лифтілердің жұмысына, «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында қар жинауға қатысты мәселелер де бар екен. Өз кезегінде «Бірлік» партиясының өкілдері барлық өтінішті шұғыл тәртіпте қарап, тиісті уәкілетті органдармен байланысып, мәселелерді қысқа мерзімде шешу туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Партия, сонымен қатар, сайлау заңнамаларын түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға жаднама дайындап, үгіт-насихат роликтері мен мақалаларын орналастыру үшін БАҚ-тармен шарт жасасуда көрінеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».