Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Маммадовпен кездесті.
Ортсайлауком басшысы Маммадовты 2016 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасының елшісі қызметіне кіріскенімен құттықтады және оны Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысымен таныстырды. «20 ақпаннан партиялық тізімдері тіркелген алты саяси партия үшін электораттық науқанның негізгі кезеңдерінің бірі – сайлауалды үгіт басталады. Сондай-ақ, 20 ақпаннан Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну да басталады», – деді Қ. Тұрғанқұлов.
Ортсайлауком мүшесі Т. Охлопкова кездесуге қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісінің 9 депутатын сайлаудың ерекшеліктерімен таныстырды. Ал Р. Маммадов Қазақстан мен Әзербайжанды табысты ынтымақтастық байланыстыратынын, оның ішінде біздің елдердегі сайлау үдерісін байқауды ұйымдастырудағы тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен бірге, ол дипломатиялық корпустың ағымдағы парламенттік сайлауға мониторинг жүргізуге халықаралық байқаушылар ретінде қатысатыны туралы ақпараттандырды және Қазақстан Республикасында сайлау әдетте демократиялық жағдайда өтетінін атап өтті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».