• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Денсаулық және жұмыспен қамту

261 рет
көрсетілді

өзекті мәселе болып табылады Астанада Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесі мен 2016 жылдағы алда тұрған міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.  Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрі Тамара Дүй­сенова Алқа мәжілісін аша отырып, 2015 жылы Елбасы айқындаған «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бо­йынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау шараларының заңнамалық және институттық негіздері құрылғанын еске салды. Ұлт Жоспарына сәйкес, 2015 жылы жаңа Еңбек кодексі, міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыруды енгізу, атау­лы әлеуметтік көмек­ті жаңа пішімде көрсету, халық­тың көші-қон мәселелерін рет­теу­дегі жаңа тәсілдер туралы заң­дар қабылданып, «Халықты жұмыс­пен қамту туралы» Заң әзір­ленді. Барлық құжаттар, бір жағы­нан, халықты әлеуметтік қол­даудың кешенді және атаулы жүйе­сін құруға, екінші жағынан, елі­міздегі инвестициялық ауан­ды жақсартуға бағытталды. Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ден­сау­лық сақтау саласын дамыту­дың 2011-2015 жылдарға арнал­ған «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзе­ге асыру аяқталды. Оның негіз­гі нә­тижелері – өмір сүру ұзақ­ты­ғының ұлғаюы, жалпы өлім көрсеткішінің, оның ішінде ана және сәби өлімінің азаюы болды. Биылғы жылы министр­лік денсаулық сақтау саласын дамы­тудың 2016-2019 жыл­дарға арналған «Денсау­лық» мемле­кеттік бағдарла­масын жасап, оны Елбасы осы жылғы 15 қаңтарда бекітті. Бұл құжат алдыңғы бағдарлам­алардың жалғасы әрі денсаулық сақ­тау саласындағы түбегейлі өзгеріс­тердің әрі қарай толықтырылуы болып табылады. Жаңа бағдарламаның маңыз­ды бағыттарының бірі – ауру­лардың алдын алу мен оны ескерту. Осы тұрғыда меке­ме мамандары ұлт­тық егу күн­тізбесін жүзеге асыру тиімді­лігін арттырудың жол картасын жасады. Ол жұқпалы ауру­ларды ескерту мен олардың алдын алу бойынша қоғамды әлеуметтік жұмылдыру жоспарын жасауды, аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мен бақылау жүйе­лерін жетілдіруді қарастырады. Сонымен қатар, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру қара­с­тырылып, оқушыларға арналған сауық­тыру шаралары­ның күнтізбесін жасау жоспар­ланып отыр. Сон­дай-ақ, меди­циналық ұйым­дарды техни­калық және кадр­лық жағы­нан қамтамасыз етуді есепке ала отырып, жүктеме норма­­тив­терін қайта қарау көздел­­ген. Ауруды ерте кезеңде анық­­тау мәселелері бойынша медқыз­меткерлерді оқыту ұйым­дасты­рылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйе­сі құрылады. Мұның барлы­ғы әлеуметтік мәні бар аурулар­дың деңгейін төмендету мен асқы­нулар санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа емха­на­лар­дағы жасанды кезекті азай­ту мақ­сатында ересек тұр­ғын­дар­дың профилак­тикалық тексеру тәртіптері жеңілдетілетінін хабар­лады. Азаматтар міндетті профи­лак­тикалық тексеруден өту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, медици­налық анықтама ала алады. Дис­пансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру ресімдемелерін оңайландыру қарастырылуда. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын науқастар үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар науқастарға берілген рецептер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Жеңілдігі бар дәрілерді беру ресімдерінің барлығы автоматтандырылады деп жос­парлануда. Министр «Денсаулық» мемлекеттік бағ­­дарламасының басты ба­ғыт­тары­ның бірі – ауруларды бас­қару бағ­дарламасын ен­гі­зу болып табы­латынын айтты. Ол пациент­терге мед­қыз­меткер­лермен бірлесе оты­рып өз ауруларын басқа­руға жә­не пациенттің мульти­дис­цип­линарлық командалармен үнемі байланыста бола отырып, аурудың асқынуына жол бермеуге, өзіне өзі көмек көрсету машықтарын үйренуге және ден­саулығына әсер ететін факторларды бақылауға мүмкіндік береді. Министрлік мамандары мін­детті әлеуметтік меди­ц­и­на­лық сақтандыру бойынша жол картасын әзірлеп, бекітті. Атал­ған құжатқа сәйкес, биылғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры құрылып, бұл 2017 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап белгі­ленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бас­тап медициналық қызметтер төлем­дерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мекеме басшысы 2016 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысының басты бағыты – ха­лықты жұмыспен қамту мен жұ­мыс орындарын сақтау болып табылатынын, «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында 156 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны 142,3 мың бол­ғанын хабарлады. Осыдан кейін Тамара Дүй­сенова Мемлекет басшысының 2015 жыл­­ғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» ат­ты Қазақстан хал­қына Жол­дау­ын­дағы жұмыссыздыққа жол бер­меу бойынша берілген тапсыр­масын орындау мақсатында мекеме мамандары жұмыспен қамту бағ­­дарламасын жандандыру бойын­ша жұмыс жүргізгенін мәлім­деді. Кәсіпорындарда жоғары бі­лікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі. Сонымен бірге, кәсіп­орын жұмыс орнын сақтаған жағ­дайда, қыз­мет­керлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұ­мыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен неме­се толық мемлекет есебінен оқы­туды ұйымдастыру қарас­тырылады. «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ламасының аясында жаңа бас­тамаларды жүзеге асыру мақ­сатында 60 мыңға жуық адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту арқылы қосымша 63 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. Министр халықты әлеу­мет­тік қолдау шаралары жайында айта келіп, биыл ынтымақты зей­нет­ақыны 9%-ға арттыру мақ­са­тында және мүгедектік, асы­рау­шысынан айырылу жағ­дайы бойынша мемлекеттік әлеу­меттік төлемақыны 25%-ға, шәкірт­ақыны 25%-ға ұлғайту үшін рес­публикалық бюджеттен 1,6 трлн. теңге бөлінетінін атап айтты. Азаматтық қызметшілер еңбека­қысын төлеудің жаңа жүйесін енгізуге 268 млрд. теңге бөлу қарас­тырылады. Әлеуметтік қам­сыз­дандыру жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыс жалғас­тырылып, 2014 жылдан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан мен Жам­был облыстарында аз қамтыл­ған азаматтарға шартты ақша­лай көмек көрсетуді енгізу­дің «Өрлеу» республикалық қанатқақты жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап осы тәріздес аймақтық пилоттық жобалар қосымша 38 аудандар мен қалаларда жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда. Сөз соңында Тамара Дүй­сенова министрлік қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс 2016 жылы Елбасы мен Үкімет тапсырмасының негізінде жалғастырылатынын хабарлады. Шара барысында Астана мен Алматы қаласы әкімдерінің орын­­басарлары күн тәртібіндегі мәсе­­лелер бойынша өз қала­лар­ында атқарылып жатқан іс-ша­ра жайын баяндаса, ана мен бала денсаулығына жауапты мекеме өкілі өз істеріндегі ілге­рі басу мен орын алған кем­шілік­терді атап өтті. Сондай-ақ, жеке дәрігерлік мекемелер тарапынан сөз алған Қарағанды қаласының жекеменшік аурухана өкілі өздерінің артық­шылықтары мен жеткен жетіс­тіктерін үлгі етті. Алқа мәжілісін қорыту үшін сөз алған Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Дариға Назарбаева соңғы жылдарда денсаулық саласында айтар­лықтай табыстарға қол жет­кізгенімізді тілге тиек ете отырып, әлі де көп болып қолға алар іс баршылық екенін атап өтті. Мәселен, денсаулық сақтау мекемелеріне қаржы мемлекет тарапынан жетерлік деңгейде бөлінеді, алда соны тиімді әрі үнемді пайдалану керектігіне назар аудартты. Алдағы уақытта медициналық мекемелерде екі басшы болатынын, яғни біреуі негізгі қызметке, ал екіншісі қаржылық-шаруашылық бағытына жауап беретінін айта келіп: «Жалпы басқару жүйесіне мүлдем өзге қадамды әзірлегіміз келеді. Бас дәрігер – ол науқасты емдеумен айналысуы керек. Ол қаржылық-шаруашылық қызметке араласпауы тиіс. Бас дәрігер бухгалтерия, есептер, шексіз тексерулерге, сондай-ақ сапалы қызмет көрсету үшін өзі басқарып отырған мекемеге қосымша қаржы тарту мәселелеріне басын қатырмауы қажет. Сондықтан да осы екі қызметті бөлу керек», – деді Д.Назарбаева. Осы орайда ол мәселенің екінші бөлігімен директор немесе менеджер айналысуы тиіс екенін атап өтті. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің мәнін тү­сіндіре келіп: «Алда әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру­ды енгізу күтіп тұр. Осы тақы­­рып айналасында көптеген тал­қылаулар, түсіндірулер жүріп жатыр және кейбір ақпа­рат көздері бұрмаланған мәлі­меттер арқылы халыққа үрей мен қорқыныш тудыратын деректерді жеткізген. Сон­дықтан да бұл бағытта түсін­діру жұмыстары жүргізілуі керек», – деді Д. Назарбаева. Мұндай жүйе елімізде бұ­рын­дары іске қосылып, алайда, тиісті деңгейде жүзеге аспа­ғанын еске салып өткен Вице-премьер, дегенмен де меди­циналық сақтандыру жүйесін ұмыт қалдыру дұрыс емес екенін сөз етті. Бұл тұрғыда қате­ліктерді ескеріп, оны дамыта түсу керек екенін жеткізді. «Барлығын жауып тастау­дың салдарынан, өкінішке қарай, біз көп жылдарға артта қа­лып қойдық. Сондықтан да меди­ци­налық сақтандыру деген не? Бұл – бәрінен бұрын медици­налық мекемелерді қаржы­ландыру жүйесі. Жүйе меди­циналық мекемелерді күтіп ұстау мен қаржыны игеруге емес, яғни тұтынушылар мүд­десіне, қызметке, науқас­тар­ға не­гіз­делген. Атап айт­қанда, сақтан­дыру ақшасы емде­лушінің соңынан еріп жүреді. Бұл қызмет барша жұмыс істейтін Қазақстан тұрғын­дарының төлемі. Осы жағ­дайда біз өзара көмектің кассасын құрамыз. Медици­налық сақтандыру өзін өзі жұ­мыспен қамтыған тұрғындарды көлеңкеден шығаруға кө­мектеседі. Ресми жұмыс істеп, баршасы сияқты салық төлеп жүрген азаматтар секілді, өзін өзі жұмыспен қамтыған 2,7 млн. адам да тегін медициналық көмек алып, олардың балалары ақысыз білім алуда, мамандыққа тегін оқытылуда, сондай-ақ елдің бюджетіне ештеңе де салмастан әлеуметтік қорғауға, зейнеткерлікке үміттенеді. Бұл – әділетсіздік. Әрине, бір жағынан алып қарағанда, мемлекет бұл үрдісті елемей келді. Себебі адамдар өздерін жұмыспен, табыспен қамтамасыз етіп жатты. Алайда, егер де әлеуметтік саланың жоға­ры деңгейге шығуын, сонымен қатар елімізде жақсы жолдар бо­луын қаласақ, балалардың жақсы білім алып, қартайған шағы­мызда әрқайсымыз лайықты өмірге сенім арту үшін біз салық төлеуіміз керек. Яғни, бұл қадамдар бізге ұнаса да, ұнамаса да қажет», – деді Вице-премьер Д.Назарбаева. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».